Көлгіновпен кездесу: Кәсіпкерлерді қандай сұрақтар алаңдатады

3945

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен жергілікті кәсіпкерлердің кездесуі өтті, деп жазады inbusiness.kz

Көлгіновпен кездесу: Кәсіпкерлерді қандай сұрақтар алаңдатады

"SAINURVIP-SERVIS" ЖШС директоры Қайырлы Таукен сауда орталықтары мен базарларды салу үшін жер учаскелерін бөлу механизмінің жоқтығы жайын айтып, инвестициялық басым жобаларды іске асыру тізіміне көтерме-тарату орталықтарын енгізу мен салған инвестициялық салымдардың белгілі бір бөлігін қайтару мәселесін көтерді. 

"Бүгінгі күні азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үлкен мәселе. Мысалы, 5 тонналық, 7 тонналық көкөніс қоймаларын салу 1,5 млрд-тан 2 млрд-қа дейінгі қаражатты қажет етеді. Осы жобаны іске асыру құны өте жоғары және салған инвестицияның қайтарылымы ұзақ мерзімді алады, яғни 7 жылдан 10 жылға дейін кетеді. Осыған байланысты инвестициялық басым жобаларды іске асыру тізіміне осы көтерме-тарату орталықтарын енгізу және салған инвестициялық салымдардың белгілі бір бөлігін қайтару, субсидиялау мәселесін іске асыруды жеделдетуді сұраймыз. Бұл сұрақ бойынша Қазақстан Республикасының Сауда кәсіпорындарының ассоциациясы комитеттің де, министрліктің де табалдырығын тоздырды. Нақты осы сұрақ бойынша шешім қабылданған жоқ", – деді Қайырлы Кеңесбекұлы.

Сонымен қатар Қайырлы Таукен инвестициялық жоба ретінде көтерме-тарату орталықтарын салуға ұсыныс тастаған күннің өзінде тегін грант ретінде жер беру мәселесі қарастырылмайтындығын да атап өтті. 

"Бұл күн тәртібінде тұрған мәселе. Әсіресе, азық-түліктің бағасын тұрақтандыру. Қаламыз үлкейген сайын сұраныс көбейіп жатыр. Қазіргі механизм бойынша бізде 2 жол бар. Қазір әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бойынша орталық органдармен қызу талқылау жүріп жатыр. Мен сіздің позицияңызды қолдаймын. Біз осыны "Атамекенмен" бірге министрлікке ұсынайық", – деді қала әкімі.

Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес басшысы Болат Омаров "Astana" ӘКК" АҚ қызметі аясында инвестициялық жобаларды іске асырудағы өзекті мәселелерге тоқталды. Болат Хайыркешұлы "Astana" ӘКК-ден инвестициялық жобалардың құрылысын жүзеге асыру үшін жер телімдерін алып, осы жобаларды іске асыра бастаған кәсіпорындар бар екендігін және бүгінде олардың қызметі тоқтатылғандығына тоқталып, осыған байланысты көп адам тиесілі шаршы метрлерін ала алмай, жұмыс орындары жабылғанын тілге тиек етті. Бұдан бөлек үлескерлер мен екінші деңгейлі банктер алдындағы міндеттемелер де бар екендігі айтылды. 

Ал "YDA Group" ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Хусейн Арслан "Астана-Технополис" АЭА қызметінің негізгі түрлерін кеңейту мәселесін көтерді. Ол "Астана-Технополис" аумағында 5 цехтан тұратын интеграцияланған өндірістік кешен салу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды. Бұл жобаға құйылған инвестиция көлемі 22 млрд теңгені құрайды. Зауыт осы жылдың қазан айында пайдалануға берілмек. Кешенде медициналық құрал-жабдық, медициналық жиһаз және т.б. өндірісі болады деп жоспарланып отыр. Хусейн Арслан "Астана-Технополис" АЭА қызметінің басым түрлеріне тағы 5 қызмет түрін қосуды ұсынып отыр.  

"Бұл тікелей шетелдік инвестициялар. Өте қажет жоба. Ол импортты алмастырып қана қоймай, экспортқа да бағытталған. Бізде шығарылмайтын өнімдерді шығарады. Оған медициналық жабдықтар, медициналық ұйымдарға арналған жиһаз, кеңсе жиһазы кіреді. Енді қызмет түрлерін басым тізімге қосу ғана қалып отыр. Негізінде бұл Министрліктің құзыретіндегі мәселе. Сіздің өтінішіңіз жұмысқа қабылданды. Министрлік жалпы қолдап отыр. Тек келісу рәсімдерінен өту ғана қалды. Тұжырымдамалық тұрғыдан сіздің сұрағыңыз шешілді", – деді Алтай Көлгінов. 

Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев жергілікті бюджеттен ипотека түрінде қандай көмек болуы мүмкін деген сауал қойды. Сондай-ақ қаладағы инженерлік инфрақұрылымның даму перспективасы туралы сұрады. 

"Қолжетімді баспана бойынша. Бұл жерде екі жолы бар. Біріншісі – жергілікті бюджеттен қаржыландыру. Ал негізгісі ол мемлекеттік бағдарлама бойынша қолжетімді баспана, бұл республикалық бюджеттен. Соңғы өзгерістерге сәйкес қаражаттың басым көпшілігі "Отбасы банк" арқылы беріледі. Республикалық бюджеттен тікелей қаражат алып, қолжетімді баспананы салып жатырмыз. Бұл әрі қарай жалғасатын болады. Биыл Отбасы банкте қаражат былтырғыдай емес. Оны мойындау керек. Оны біз Үкіметте талқыладық. Үкімет жақын арада қосымша "Отбасы банкке" қаражатты беретін болды. Ол да біздің құрылыстың, әсіресе қолжетімді баспананың дамуына септігін тигізеді", – деді қала әкімі. 

Елорда әкімі жаңа сорғы-сүзгі станциясы аяқталмайтын болса, қалада су мәселесі туындауы мүмкін екендігіне тоқталып: 

"Егер жаңа сорғы-сүзгі станциясын аяқтамасақ, су жеткіліксіз болады. Біз қазір жұмыс істеудеміз... Бұл ірі жоба. Бізде 2 сорғы-сүзгі станциясы бар. Үшінші станция құрылысы жүріп жатыр. Қазір қаланың ұзақ мерзімді тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін инженерлік желілерді әзірлеудеміз", – деді Алтай Сейдірұлы.

Бұдан бөлек кездесуде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру кезінде лоттардағы тауарлар мен қызметтер құнының ең аз жоспарланған сомасы, стартап жобаларды қолдау үшін шағын несие берудің болмауы, ақылы тұрақтар және т.б. мәселелер көтерілді.  

Балжан Смаилова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу