Көлік картасы үшін "дүрбелең" болып жатыр

11436

Жалғыз терезе жүздеген мың адамға карта үлестіріп үлгермеуде.

Көлік картасы үшін "дүрбелең" болып жатыр Фото: kazpravda.kz

Астанада тұрғындардың бірқатар санатына қоғамдық көлікте тегін жүру түрінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Бірақ әзірге бас қалада автобустан басқа қоғамдық көлікті таба алмайсыз. Троллейбус паркі 2000-шы жылдары жойылды. Метрополитен қарастырылмаған. LRT-ның 2017 жылғы мамырда басталған құрылысы сол бойы бітер емес.

Астана қаласы мәслихатының 2017 жылғы 20 шілдедегі №167/21-VI шешіміне сәйкес, автобуста жүруде жол ақысын төлеуден босатылған санаттарға қалада тіркелген және тұрақты тұратын келесі азаматтар жатады:

  • 18 жасқа толмаған балалар,
  • Ұлы Отан соғысының қатысушылары, мүгедектері және оларға теңестірілген тұлғалар,
  • Зейнеткерлер, жасы және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша зейнеткерлікке шығып, мемлекеттік жәрдемақы алушылар,
  • Көп балалы аналар,
  • Көп балалы отбасылар,
  • Ерекше қажеттілігі бар адамдар,
  • 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына қатысып, ақталған тұлғалар.

Бұл жеңілдікті пайдалану үшін тұрғындардың тиісті көлік картасы болуы және автобусқа кіргенде сонымен валидация жасауы қажет.

Мұндай карталарды беру жалғыз монополистке – "City Transportation Systems" (CTS) ЖШС-іне берілген. Сондай-ақ автобуста жол ақысын төлеуге арналған қалалық картаны да сол сатады.

Қала жұртшылығы бұл компанияның әбден ашындырып, ызасы өткенін айтады. Өйткені ол 1 млн 481,4 мың (2024 жылғы 1 тамызда) тұрғыны бар мегаполис үшін бір ғана кеңседе Transcard картасын таратады. Мектеп және басқа көлік картасын тек "Р.Қошқарбаев даңғылы, 50/1" мекенжайында орналасқан Орталық кассада ғана алуға болады.

Өз кезегінде CTS "көлік картасын алудың екінші жолы" барын айтады: оған transcard.kz сайтында электронды форманы толтырып, тиісті анықтамаларды тіркеп, онлайн тапсырыс беруге болады. Бірақ оны да Орталық кассаға барып алуға тура келеді.

Қыркүйек айы басталғалы Орталық кассада "қырғын кезек" басталды. Операторлардың түсіндіруінше, бұған біріншіден, оқушылардың мектепке баруы ықпал еткен: шәкірттер сабақ кезінде картасын жоғалтып, не ұрлатып алады. Жаздай ауылда не шетелде болғандары елордаға оралған соң көлік картасын таппай қалып, қайтадан шығартуға мәжбүр болады.

Екіншіден, ауыл-аймақтан астаналық жоғарғы оқу орындарына және колледждеріне түскен балалар қалада тіркеуге тұрып, тегін жүру мүмкіндігін пайдаланып қалуға асығады.  

"Құрметті 18 жасқа толмаған студенттеріміз! Жақында жаңа оқу жылы басталады. Касса кезегінде ұзақ уақыт жоғалтпау үшін қазірден бастап мектептің көлік картасын алуларыңызды сұраймыз. Өздеріңіз білетіндей, елордада Астана қаласы мен қала маңында тұратын 18 жасқа дейінгі оқушыларға тегін жол жүру мүмкіндігі берілген. Ол үшін сізде мектептің көлік картасы болуы керек және осы карта арқылы автобуста жол жүру ақысын төлеуіңіз қажет. Тіркеу үшін сізге төмендегі құжаттар қажет: ЖСН-і бар туу туралы куәлік (жеке куәлік), оқу орнынан анықтама (студенттің оқып жатқанын растау туралы), 3х4 формасындағы бір  фотосурет. Ақпарат танысу үшін берілді", – деген хабарландыру биылғы тамызда елордалық университеттердің бірінде пайда болды.

Университеттен немесе құрбы-құрдастарынан осыны біліп, студенттер де әлгі жалғыз мекенжайға ағылуда.

Жұма күні Астана тұрғыны Алена баласының жоғалтып алған көлік картасының дубликатын шығарып алу үшін аталған мекемеге келіпті.   

"Міне, сағат 15:53-те талон алдым. Алдымда тағы 201 адам бары көрсетілген. Мемлекеттің балаларға, басқа санаттағы бірқатар тұрғындарға тегін жол жүру мүмкіндігін бергеніне ризамыз. Алайда сол ізгі бастаманы жүзеге асыратын CTS халықтың ашуын, әлеуметтік кернеуді туғызып отыр. Біріншіден, үлкен қаламызда оның атаулы картаны беретін жалғыз ғана кеңсесі жұмыс істейді. Екіншіден, мектептің көлік картасын бірінші рет рәсімдеп алу құны – 1 000 теңге тұрады. Ал, жоғалтып алған жағдайда жай ғана дубликатын алу 2000 теңгеге түседі. Оны бір минутта шығарып береді, өйткені баланың бүкіл дерегі базасында бар. Демек, адами ресурсы көп шығындалмайды", – деді Алена.

Оның үстіне "City Transportation Systems" ЖШС бұл ақысын жыл сайын дерлік көтереді. Мысалы, бір жылдай бұрын мектеп көлік картасын бірінші рет алу – 800 теңге, қайта шығарту – 1 500 теңге тұратын.

Алена екі сағаттан астам кезекте тұрып, картаны 18:05-де ала алды.

"Монополист өзі би, өзі қожа, не істеймін десе де еркі. Неге картаның көшірмесі бастапқысынан екі есе қымбат тұрады? Сұрастырсақ, түсініктеме бермейді. Балалары мектеп картасын жоғалтып алған ата-аналар осында өте көп. Олар үшін жеке терезе сайлауы қажет деп есептеймін. Сонда кезек те тез өтер еді. Олай болмаған соң мына тар кеңсеге сыймағандар сыртта, кезекте тұр. Іште жайғасатын орын да жеткіліксіз. Ауа жетпей, демігіп, сыртқа шығып кеткендіктен кезегі өткендер қайта оралса, оларға қызмет көрсетпейді. Кассирі үзілді-кесілді бас тартады", – тағы бір ана Асылжан Ерден.

Сұранған уақыты бітіп, карта ала алмай, жұмысына қайтқандар жетерлік. Орталық касса жұмыс күндері – дүйсенбі-жұмада ғана істейді.

Біз тұрғындардан неге кезекте қиналмай, картаға CTS сайтында онлайн тапсырыс бермегенін сұрастырдық. Олардың айтуынша, егер онлайн тапсырыс берсе, тапсырыс "5 жұмыс күні ішінде ғана дайын болады". Егер Орталық кассаға келіп алса, бір минутта шығарып береді. Бес күн ішінде картасыз жүрген тұрғынға 2 АЕК (биыл 7 384 теңге) айыппұл салынуы мүмкін. Дағдарыс пен девальвациядан титықтаған, қымбатшылықтан тұрмысы төмендеген, жалақысы өспеген халық үшін бұл – үлкен сома.

Салдарынан компанияның онлайн тапсырыс беру қызметі халық арасында кең сұранысқа ие емес көрінеді. Бұған қоса, тапсырыс интернет арқылы берілгенімен, әзір болған картаны алу үшін бәрібір "Р.Қошқарбаев даңғылы, 50/1" мекенжайындағы кеңсеге барып, кезекті еңсеру талап етіледі.

Мысалы, былтыр Орталық кассада онлайн рәсімдеген адамдардың 1 600-ге жуық дайын мектеп көлік картасы өз пайдаланушыларын күтіп, жатып қалғаны анықталды. Компания "көлік картасы дайын болғанда тиісті хабарлама тапсырыс берушінің электрондық поштасына жіберіледі" дейді. Егер смартфонына қосымшасын орнатпаса, электронды поштасына адамдардың көбі күн сайын үңіле бермейді.

Астаналықтардың наразылығын туғызған келесі бір мәселе – кеңседегі бір терезенің алдында кезек жоқтың қасы екен. Онда ақша салып толтырып, жол ақысын төлеуге арналған көлік картасы беріледі.

"Жолда ақылы жүретін тұрғындардың дені QR-кодқа баяғыда көшіп алды. Банк қосымшалары арқылы сканерлеп төлей салады, кейбір банк сол үшін клиенттеріне бонус төлейді. Мұндай карталарға сұраныс көп емес. Содан ол терезе көбіне бос тұрады. Мына терезедегі әріптесі мұрнынан шаншылып, қалың нөпірге қызмет көрсетіп үлгермей жатқанын көріп, ондағы оператор дереу көмекке келуі керек еді. Көмектеспейді, былқ етпейді", – деп қапаланды елордалық зейнеткер Ержан Ахметов.

Негізгі кассадағы оператор қыз (атын атамауды сұрады) келушілердің барлығына қызмет көрсетуге тырысатынын айтты.

"Менің қандай айыбым бар? Ашынған жұрт маған ұрсады. Кейбір адамдардың құжаты толық емес, мысалы, фотосуретті әкелмейді, онсыз қызмет көрсетуге рұқсат жоқ. Соны әкелу орнына, кетпей, қасарысып тұрып алады. Сөйтіп, кезектің қозғалысын кідіртеді. Біздің жұмыс кестеміз кешкі 18:00-де бітеді. Алайда барлығына карта беру үшін кешкі 8-9-ға дейін отырамыз. Күніне 400-дей адамға қызмет етеміз. Үйге жетіп, шаршап құлаймын", – дейді CTS қызметкері.

Оның айтуынша, тек Астананың өзінде 18 жасқа дейінгі 472 мыңнан астам бала бар. Оларға елордалық оқу орындарына түскен өзге өңірлердің мыңдаған жасы қосылады. Осылайша, мамандандырылған жалғыз кассаға түсетін ауыртпалық алапат көрінеді.

Қызметкерлер амалсыздан бір амалға жүгінеді. Сағат тілі кешкі 18:00-ді көрсеткенде, күзетші есікті іштен жабады. Касса соған дейін талон алып үлгергендердің бәріне қызмет көрсетеді. Карталарына қол жеткізген тұрғындарды күзетші есікті ашып, шығарып тұрады. Сырттан ешкімді ішке кіргізбейді.

Көп балалы аналар, ардагерлер, мүгедектігі бар адамдар сияқты санаттар кезекте басымдыққа ие, барынша тез өтеді. Мектеп (студент) картасын алу ұзағырақ уақытқа созылады.

Астана әкімдігі көлік картасын беруге қатысты халық ашуын туғызған осы былықтарға назар аударып, шешімін тапса, жөн.

Оның үстіне бұл компанияның өзі де "былықтырып" тұрады. Мысалы, 2024 жылғы маусымда CTS жол ақысын төлеудің электрондық жүйесіне жаңарту жүргізді. Соның салдарынан біраз көлік картасының кодтары өзгеріп кеткен екен. "Көлік карталарының дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін" деп, компания оларды бұғаттап тастады. Ұлардай шулаған адамдар iKomek бірыңғай байланыс орталығына 109 нөмірі бойынша хабарласып, ол қызметті жүктеді.

Салдарынан, төлемі өтпей сергелдеңге салынған, тіпті контролерлердің қолына түсіп, айыппұл арқалаған астаналықтардан CTS кешірім сұраған сыңай танытты: "Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және түсіністік білдіргеніңіз үшін алғыс білдіреміз". Сондай-ақ ол тұрғындардың картасын тегін ауыстыруға уәде етті. Оны ауыстыру үшін жұрт тағы жалғыз Орталық мамандандырылған кассасындағы ұзынсонар кезекте уақытын жоғалтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу