Көлік саласында бұрын-соңды болмаған өзгеріс басталды

26414

Мопедтер жаппай тіркеуге қойылады.

Көлік саласында бұрын-соңды болмаған өзгеріс басталды Фото: inbusiness.kz

Біріншіден, бұған дейін елге "тауар" ретінде әкелініп, еркін сатылған мопедтер енді көлікке айналды. Мопедтер "өзге механикалық көлік құралдары" санатына жатқызылып отыр. Олардың иелеріне енді мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін алуға тура келеді. Сондай-ақ олардан автомектептерді бітіріп, тиісті жүргізуші куәлігін алу талап етілмек. Мұның бәрі қосымша шығындарды талап етері сөзсіз.

ІІМ-нің түсіндіруінше, бұған дейін мопед иелері "жол жүрісіне өзге қатысушылар" санатында болды және жол қозғалысының кез келген ережелерін бұзғаны үшін 2 АЕК (2024 жылы – 7 384 теңге) ғана айыппұл төлейтін. Енді Парламент барлық мопед иелеріне автомобиль жүргізушілеріндегідей жауапкершілік жүктеді. Тиісінше, солар сияқты үлкен көлемде айыппұл төлейді, жүргізуші куәлігінен айрылады.

Заң бойынша тіпті қозғалтқышының көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын, немесе электрлі қозғалтқышы бар және сағатына 50 шақырымнан аз ғана жылдамдықпен жүре алатын мопедтер де міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуге тиісті.

Заңға сәйкес, мопед пайдаланғысы келетін барлық адамнан "А1" подкатегориялы жүргізуші куәлігін алу талап етілетін болады. Сонымен қатар "А" және "В" санатындағы куәлігі барларға да мопед басқаруға жол ашық. Жүргізуші куәлігі жоқ қазақстандықтар мопед жүргізу мүмкіндігінен жаппай айрылады. Көлік құралы тәркіленуі ықтимал.

Ақылы трассаларда – жаңа айыппұл

Екіншіден, Қазақстан тарихында тұңғыш рет "көлік құралы жүрісінің орташа жылдамдығы" деген жаңа ұғым және оны бұзғаны үшін салынатын айыппұлдың жаңа түрі енгізіледі.

Заң авторларының бірі, сенатор Евгений Больгерттің айтуынша, "көлік құралы жүрісінің орташа жылдамдығын" есептеу үшін халықаралық немесе республикалық маңыздағы жол телімінің ұзындығы – нақты бір көліктің оны жүріп өту уақытына бөлінеді.

Қарапайым тілмен айтқанда, айталық, Астана-Павлодар, Астана-Щучинск, Астана-Теміртау, Алматы-Қонаев сияқты І-а категориялы жолда сағатына 140 шақырымдық жылдамдықпен қозғалуға рұқсат етілген. Алайда қандай да бір көлік әрбір 200 шақырымды бір сағатта жүріп өтсе, ол жолай жын ұрғандай айдады деген сөз. Демек, оған "көлік құралы жүрісінің орташа жылдамдығын" бұзғаны үшін айыппұл салынады.

Осы мақсатта трассалардың, негізінен ақылы жолдардың басында (кейбірінде ортасында) және соңында орташа жылдамдықты автоматты түрде анықтайтын құралдар – "сертификатталған, арнаулы бақылау-өлшеуші техникалық аспаптар" жаппай орнатылуда.  

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы жылдамдық режимін бұзу салдарынан 4 512 жол апаты тіркелді. Бұл елдегі барлық ЖКО-ның 28%-ын құрайды. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларында қаза болғандардың 41%-ына және жараланғандардың 21 пайызына дәл сол жылдамдық режимін бұзу кінәлі көрінеді. ЖКО-лардағы өлім-жітімнің 60 пайыздайы көліктердің құйындатуы салдарынан болады екен.  

Евгений Больгерттің сендіруінше, "орташа жылдамдық" тек қала сыртындағы, сондай-ақ айналма (объездной) жолдары жоқ, тік желілі жол телімдерінде есептелетін болады. Болашақта жергілікті жолдарда да енгізілу мүмкіндігін жоққа шығармады. Оған дейін халықаралық және республикалық трассаларда сыналады.

Техбайқау саласында өзгеріс күтіледі

Заңнамалық топтамада көптеген өзге де жаңалықтар жетерлік. Мысалы, көлікті алкогольдік, есірткілік немесе токсикоманиялық мас күйде басқару үстінде ұсталғаны үшін, немесе мастығын анықтайтын куәландырудан жалтарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдарға қатысты жаңа тыйым енгізіледі. Олар көлікті басқару құқығын алуға арналған емтихандарды тапсыруға тиісінше келесі 7 және 8 жыл бойы жіберілмейді. Ендеше машина жүргізуіне де кем дегенде осы уақыт бойы тыйым салынады.

Бұдан бөлек, техникалық тексеріс бекеттеріне қатысты талап қатайтылады. Техникалық байқау операторы қызметіне кірісудің қазіргі "хабарландыру тәртібінің" орнына "рұқсат беру тәртібі" енгізіледі. Сонда не өзгермек? Бұған дейін кез келген кәсіпкер көліктерді ақылы түрде техбайқаудан өткізетін станциясын ашып, жұмысын бастағаны туралы уәкілетті органға хабарлама жібере салатын.

Жаңа тәртіп бойынша ол алдымен техбайқау операторы қызметіне уәкілетті органның рұқсатын алуы қажет. Мұндай рұқсатты беру туралы шешім қабылдамас бұрын жауапты шенеуніктер кәсіпкерге ревизиямен келіп, оның орынжай-бекеті және қызметкерлері талапқа сәйкес келетін-келмейтінін бағамдайды. Ұнатса, рұқсатын береді, ұнатпаса бермейді. Бұл әрине, жемқорлар үшін жаңа жемсауға айналып кетуі ғажап емес. Оны өмір көрсетеді. Қалай болғанда, сарапшылар бұл жаңа өзгерістердің көлігі бар азаматтарға қосымша ауыртпалық болатынына, өйткені біраз тексеріс бекеті жабылып, аман қалғаны техбайқау тарифтерін қымбаттататынына сенімді.

Көлік вице-министрі Сатжан Аблалиевтің айтуынша, жемқорлықпен күрес аясында 2016 жылы техникалық тексеру орталықтарын ашу ісі хабарлама тәртібіне көшірілген болатын.

"Бірақ осы жеңілдік енгізілгелі техбайқау сапасы төмендеп кетті. Соңғы үш жылда камералдық тексеру нәтижесінде көлік иелеріне берілген 3 мыңға жуық диагностикалық карта жарамсыз деп танылды. Осындай фактілер анықталған соң, шамамен 350 оператор тізімнен алып тасталды. Бірақ олар келесі күні басқа мекеме ашу арқылы жұмыстарын әрі қарай жалғастырды. Бұл саладағы адал емес бәсекелестікке әкеліп соқты. Сондықтан үш жылдық тыйым салу саланы арамзаларынан тазартады, адал бәсекелестікті арттырады және техникалық тексерістердің сапасын жоғарылатады деген үміттеміз", – деді вице-министр Аблалиев.

Заңға сәйкес, егер заңды тұлғаның құрылтайшы тұлғалары немесе дара кәсіпкер техбайқау операторының қызметіне деген рұқсатынан айрылса, содан бастап келесі 3 жыл ішінде басқа заңды тұлға атынан жаңа техбайқау операторын құруына, немесе соған ие компанияның үлесін сатып алып, оған қатысуына тыйым салынады.

Заңда механикалық көлік құралдарын техбайқауды ұйымдастыру қағидаларын бұзғаны, соның ішінде техникалық тексерісті үстірт өткізгені үшін айыппұл көлемі арттырылады. Енді мұндай құқық бұзушылық үшін техбайқау операторы да рұқсатынан айрылады.

Бүгінде елімізде 950-ден астам техникалық байқау операторы жұмыс істейді. Олардың 2 мың 780-ге жуық техникалық өткізу желісі бар. Оның 2 мыңға жуығы стационарлық болса, 820-ға жуығы мобильдік желі. Республика бойынша 5,2 миллионнан астам көлік құралы тіркелген және бұл көрсеткіш артуда. Мысалы, "Техникалық байқау" бірыңғай ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, 2023 жылы 3,2 миллион көлік құралы техникалық байқаудан өтті, оның ішінде техникалық себептер бойынша 41 256-сы немесе 1,3%-ы өтпеді.

Жаңа талаптар қашан күшіне енеді?

Белгілі болғанындай, мопедтерді мемлекеттік тіркеу, сондай-ақ техбайқау операторларын рұқсат алуға көшіру жөніндегі талаптар 6 ай өткеннен кейін, яғни, 2025 жылғы сәуір айында күшіне енеді. Мопедистер жүргізуші куәлігін алып үлгеруі, техтексеріс бекеттері жағдайларын талапға сай келтіруі үшін депутаттар осындай қысқа ғана өтпелі кезең беріп отыр.

Жаңа заңдар рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығын асырғандардың әкімшілік жауапкершілігін саралауды қарастырады. Сағатына рұқсат етілген жылдамдықтан 40-60 шақырымға асырғандар және 60 шақырымнан көп асырғандар әртүрлі айыппұл төлейтін болады.

Сыртқы жарық беру аспаптарын және дыбыстық сигналдарды тәуліктің күндізгі мезгілінде пайдалану қағидаларын бірінші рет бұзса, тек ескерту беріледі. Айыппұл қайтара бұзғанда ғана салынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу