Комбинат қызметкерлері Президентке шағымданбақшы

5850

Жұмыссыз қалу қаупі төніп тұрған Солтүстік Қазақстан облысындағы Обухов тау-кен байыту комбинатының 500 қызметкері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрағалы отыр.   

 Комбинат қызметкерлері Президентке шағымданбақшы

Олардың айтуынша, жергілікті полиция компания көліктерінің жүк тасымалдауына кедергі келтіріп, комбинаттың қызметін тоқтатып тастаған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Комбинат экспортқа цирконий концентратын шығарады. Дәл қазір Ресей мен Қытайға экспортталуға тиіс 80 тонна өнім полиция бөлімшесі ғимаратының сыртында түкке жарамсыз болып жатыр. Құны 17 млн теңгені құрайтын тауарды полиция 2 күн бұрын тәркілеген.

"Обуховский ГОК" ЖШС директоры Данил Долгалевтың сөзінше, полиция 3 маусымнан бері комбинаттың жүк тасымалдайтын көліктерін себепсіз тоқтатын болған.

"Полиция цирконий концентратын алып қойды. Біз "Тиолайн" ЖШС-ның емес, өзіміздің тауарды шығарып жатырмыз. Қолымызда тиісті құжат та бар...", – деді директор.

Комбинат қызметкерлері полициядан тәркіленген жүкті қайтарып беруді талап етті. Алайда полиция олардың талабына құлақ асқан жоқ. Әлеуметтік шиеленістің түйіні тарқамаса, 500 қызметкер осы айда жалақысыз, алдағы уақытта жұмыссыз қалады.

Лаборант Гүлмира Абдуллаеваның жұмыссыз қалғысы келмейді. Ол қолына алып отырған 265 мың жалақыдан айырылып қалудан қорқады. Шебер Марат Шеген: "Біздің арамызда 500-600-700 мың теңге жалақы алатын мамандар бар. Комбинат жабылса, олардың отбасын кім асырайды?", – деп налиды.

Түсіндіре кетейік, бүгінгі меншік иесі мен бұрынғы меншік иесі обухов тау-кен байыту комбинаты үшін таласып жатыр. Бұл туралы Данил Долгалев былай деді: "2015 жылы комбинат кипрлік оффшорлық компанияға 23 млрд теңге қарыз болып қалды. Комбинатқа иелік етпек болған "Тиолайн" компаниясы қарызға белшесінен батты. Мен комбинаттың құрылуының бастауында тұрдым. Мені серіктестерім жұмыстан заңсыз шығарды. Комбинатқа қайтып келу үшін соттастым. Кейін комбинатты қайтадан аяғынан тік тұрғыздым. Іс алға баса бастағанда бұрынғы меншік иелері пайда болып, компанияны шетелдіктерге сатып жіберді".  

Былтыр жаңа меншік иелерінің өкілдері комбинатты басып алғысы келді. Қақтығыс кезінде 10 қызметкер соққыға жығылып, 2 адам ауруханаға түсті.

Кейін комбинат лицензиясынан айырылды. Тексерушілер компанияға Ресей инвесторы басқарған жылдардағы қарызды ілді.

"Тиолайн" ЖШС 2004 жылы тіркелген. ЖШС-ны бір заңды тұлға және 6 жеке тұлға басқарады. 2006 жылғы 18 қыркүйекте "Тиолайн" ЖШС энергетика министрлігімен обуховское кен орнында 2023 жылға дейін титан-цирконий өндіру туралы келісімшартқа қол қойды. Биыл 19 наурызда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Тиолайн" ЖШС-ға жер қойнауын пайдалану келісімшартын бұзу туралы хабарлама жіберді.

Келісімшарттың мерзімінен бұрын тоқтатылуына серіктестіктің міндеттемесін тиісінше орындамауы негіз болды. Атап айтқанда барлауға, өндіруге, қайта өңдеуге, инженерлік іздестіруге, рекультивациялауға бөлінуге тиіс болған 39,6 млрд теңгенің іс жүзінде 12,9 млрд теңгесі ғана жұмсалды. Жер қойнауын пайдалануға бөлінеді деген 21,4 млрд теңгенің

9,4 млрд теңгесі ғана шығындалды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға жұмсалуға тиісті 707,3 млн теңгенің 77,7 миллионы ғана кәдеге жаратылды. Қызметкерлерді оқыту мен біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға бөлінедді деген 384,3 млн қаражаттың 332,2 млн теңгесі ғана игерілді.

Істің насырға шауып тұрғаны соншалық, комбинат қызметкерлері Мемлекет басшысына хат әзірлеп жатыр. Олар ушыққан мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қана шешеді деп үміттенеді. Себебі бұған дейін құзырлы органдардың барлығына шағымданған. Бірақ оң нәтиже болмаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу