Көмір өте арзан шикізатқа айналуы мүмкін

5977

Жаһандық қоғамдастық көмірден бас тартуы үшін Қазақстанға қысымын арттыра бермек. 

Көмір өте арзан шикізатқа айналуы мүмкін

Парник газын шығаратын алпауыттар

Энергетика министрлігінің мәліметінше, еліміз тағы 3,5 ғасыр бойы алапат көлемде көмір өндіре алады. Себебі көмірдің орасан зор қоры бар. Ведомство елдегі тек дәлелденген көмір қоры 34 млрд тонна, яғни өндірудің қарқыны жылына 100 млн тонна болғанның өзінде, бұл қор 350 жылға жететінін айтып отыр.

Азия даму банкі жүргізген зерттеуге сәйкес, Қазақстанда орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері өндіретін барлық жылу энергиясының 60%-ы – көмірді жағудан алынады. Ал Энергетика министрлігінің арнайы комиссиясының жұмыс қорытындысында көрсетілген көрсеткіш 74%.

Яғни басқа-басқа дәл қазақ елі отынмен ұзақ жылдарға толық қамтамасыз етілген.  

Сарапшылардың бұған күмәні бар. Экобелсенді Олег Гузиев халықаралық қоғамдастықтың, өзінде көмірдің мол қоры жоқ державалардың қысымымен Қазақстанның көмірді көп жағудан бас тартуына тура келуі мүмкін екенін айтады.

"Көмір жағу елдегі СО2 шығарындыларының негізгі қайнары! Бастапқы энергетикалық баланстағы СО2 бойынша "ұлттық шығарындылардың" 51%-ы – көмір жағатын электр станцияларының және жылу-электр орталықтарының еншісінде. Елде жылумен жабдықтау объектілерінің 80%-дайы көмір және мазутпен жұмыс істейді. Тек көмірқышқыл газ ғана емес, Қазақстандағы парник газдар шығарындыларының 86%-ы – көмірмен жұмыс істейтін станцияларға тиесілі! Демек Грета Тунберг сияқты экобелсенділердің жаңа формациясы ерте ме, кеш пе, көмірді тым көп тұтынатын елдердің оны жағуын азайтуына қол жеткізеді. Еуропа осы тарапта жаңа салық түрін енгізуде. Демек еліміз қапы қалмай, соған дайындалғаны жөн", – дейді сарапшы.

42 ел сиятын жер күлтөкпеге айналды

Энергетика министрлігі көмірдің экологияны қатты ластайтынын растады.

"Тұтастай алғанда, мысалы, айналаға тасталатын ластауыш заттардың жалпы көлемінің 43-45%-ы электр энергетикасы объектілерінің үлесінде. Қоршаған ортаға шығарылған шығарындылардың үштен бірін күл құрайды. ЖЭО шығарындылары 70%. Парник газдардың жалпы эмиссияларының 68-73%-ы, қоқыс-қалдықтардың жыл сайынғы жалпы көлемінің 10%-ы соларға тиесілі. Бүгінде ел аумағында 300 миллион тонна күл-шлак қалдықтары жатыр. Оларды жинауға шамамен 8,5 мың гектар жер бөлінген", – деп түсініктеме берді меморган.

Бұл аумаққа Монако сияқты 42 мемлекет сыйып кетер еді. Осынша жерде тек күл сақталады, басқа ешқандай пайдаға жаратылмайды. Күл-шлак қалдықтарын ірі өнеркәсіптік ауқымда қайта өңдеу елімізде жолға қойылмаған.

Қалай болғанда, егер әлемдік қауымдастықтың, парник газдарымен күрескен экологтардың, экобелсенділердің қысымымен республика болашақта ірі нысандардың көмір тұтынуын көп азайтса, онда көмір өндірушілердің басты клиенті ауылдардағы пештер ғана болмақ.

Себебі қазақстандық көмірдің экспорты жыл өткен сайын құлдырауда. World's top export мәліметінше, тек өткен бір жыл ішінде одан түсетін табыс тағы төрттен бірге – 24,5%-ға кеміген. 2020 жыл қорытындысында Қазақстан 38 млн тонн көмір экспорттап, небәрі 339,8 млн доллар пайда тапты. Салыстыру үшін айтсақ, іргедегі Моңғолия 2020 жылы көмір экспортынан 2 миллиард доллар табыс көрген.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Қара металлургия және көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісіновтың дерегінше, биылғы көрсеткіш тіптен нашар: Қазақстан жыл басынан бері жаһандық нарыққа небәрі 20 миллион тоннадай ғана көмірін өткізе алды. Биылғы 8 айда бар болғаны 69,2 млн тонна көмір өндірілген. Соның 39,1 млн тоннасы электр өндіруші кәсіпорындарға жөнелтілді. Халықтың пеш жағуына 5 миллион тоннасы бағытталмақ.

Қазақстандық парадокс: сұраныс кемуде, баға өсуде

Үкіметтің жоспары бойынша ішкі нарықта 2021 жылғы қыста көмірге деген сұраныс былтырғы 10 млн тоннадан 7,3 млн тоннаға дейін азаюға тиіс. Бұған елімізді белсенді газдандыру үрдісі ықпал етіп жатыр.

Осылайша көмір саласы клиенттерінің контингенті жыл санап кеміп барады. Нарық заңы бойынша ұсыныс (ресурс) көп болса, оны алғысы келетіндер жоққа жуықтаса, ондай өнімнің құны төмендеу керек. Әзірге қысқы маусымды пайдаланып, алыпсатарлар аз ғана клиенттің үстінен күреп пайда тауып қалуға тырысуда.

Елорда тұрғыны Әділ Сүлейменов "Нұр-Сұлтан әкімдігінің жауапты тұлғаларының сендіріп баққанына қарамастан, жеке үйлерді жылытуға қажетті көмірге қатысты ахуал түзелмегенін" айтады.

"Әкімдік пен жеткізушілер меморандумы аясында Шұбаркөл көмірінің тоннасына 13 мың теңге баға белгіленген. Соған қарамастан, іс жүзінде қалада оны 20-22 мың теңгеден сатуда. Көмір тапшылығы жасанды түрде жасалған: теміржол тұйығына келген бірнеше вагон көмір тұрғындардың "тірі" кезегіне тимейді. Онысы бірден "өз жүргізушілеріне" сатылып тиеледі. Ары қарай ол көлік иелері "пятактарда" оны елге жоғары бағамен қайта сатады", – дейді ол.

Әкімдік шенеуніктері көмір алудың қамын ертерек, тамыз-қыркүйек айларында жасау керек еді деген дәйектемелерін алға тартты.

Бірақ елорда тұрғыны Татьянаның айтуынша, жұртшылық жаз соңында, күз басында дені дұрыс отын таба алмапты.

"Біз жылда шілде-тамызда сатып алып, түсіріп алатынбыз, ол кезде бағасы да арзандау. Бірақ биылғы жылы елордаға тамызда әкелінген көмірдің сапасы өте нашар болды. Жақсырақ көмір кейінірек келетінін айтқан соң, осы кезді күттік. Алайда әкімдік уәде еткен бағамен таба алмай жатырмыз. Былтырғы көмір әрі кетсе, екі аптаға ғана жетеді. Ары қарай не істейтінімді білмеймін", – дейді ол.

Билік неге "қалғып" кетті?

Тап осындай жағдай өзге өңірлерде де бар... Ақмола облысының Ерейментау қаласының тұрғыны Бауыржан Әубәкіров онсыз да дағдарыстан қажыған халыққа мұның қиын тиіп тұрғанын айтты.

"Бізде әсіресе, Майкүбі көмірінің құны шарықтап кетті, тоннасы 17-18 мың тоннаға дейін барады. Көмірді ертерек, қыркүйекте алмақшы болған адамдар бәрібір қымбат болғанын, тоннасына 14-15 мың теңгеден сұралғанын жеткізді. Билік бұл қымбатшылыққа не себеп екенін түсіндірмейді. Бұқара жылдағыдан 30 мың теңгеге дейін артық шығындалуға мәжбүр. Ал бұл кейбіреулер үшін тұтас жалақы не зейнетақы ғой. Адамдар көмірді қымбат болса да алуға мәжбүр, себебі суық түсті. Алыпсатарлар соны пайдалануда. Халық биыл, пандемия кезінде бәрінің жаппай қымбаттағанына шағымданып жатыр. Мемлекеттің мұндай масқараға неге жол беретіні белгісіз", – деді ол.  

Б. Әубәкіров антимонополиялық органға тиісті сұрау жолдаған екен. Оған жауап берген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин көмір бағасына қатысты мәселе бойынша шара қабылданатынын мәлімдеді. Рас, тек Ерейментауда. Агенттіктің Ақмола облысы бойынша аумақтық департаментіне тиісті тапсырма беріліпті.

Биліктің халықты қорғауда белсенділік танытып отырғаны байқалмайды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу