Коррупция жайлаған тағы бір саланы реформалау басталды

5401

Қазақстанда МЖӘ жобаларының жалпы құны 2 триллион теңгеден асты. Алайда оның басым көпшілігі сол бойы аяқталмаған. 

Коррупция жайлаған тағы бір саланы реформалау басталды Фото: google.com

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) – сыбайлас жемқорлық белең алған салалардың бірі екені жасырын емес. Мұны Мемлекет басшысы да сынаған болатын, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Мысалы, әкімдер мен министрліктер бұл тетікті еш тендер өткізбей, майшелпек жобаны өздері қалаған компанияға бере салу үшін қолданып келген. Айталық, әлеуметтік нысан немесе жол салу қажет болса, ол үшін ашық, әділ тендер өткізілмейді, оны МЖӘ жобасы деп жариялап, бармақ басты, көз қысты жолмен нақты бір компанияға басыбайлы ұстата салады. Бұл ретте жобаны бюджеттен қаржыландыруға жол берілген.

Бұдан төрт жыл бұрын Бас прокуратура осы салаға ауқымды талдау жүргізген болатын. Оның қорытындысында МЖӘ институтын қолдану бойынша уәкілетті органдардың жұмысы тиімсіз деп танылды.

Шенеуніктердің МЖӘ объектілерінің құнын негізсіз арттырғаны, көрсеткіштерді ұлғайту мақсатында тіпті МЖӘ субъектілері болып табылмайтын тұлғалармен немесе біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін жеке серіктестермен формальды шарттар жасасуға дейін барғаны әшкереленді.

Көптеген жекеменшік серіктестердің шарттар аясында қабылданған міндеттемелерді орындамайтыны белгілі болды. Ең шығынды МЖӘ жобаларының басым бөлігі жеке әріптестермен тікелей келіссөздер жолымен жасалған. Бұл оларды іріктеу сатысында нақты бәсекелестік болмағанын көрсетеді.

Қаржы министрлігінің аудиторлары да ревизорлық тексерулер нәтижесінде бірқатар рәсімдік және қаржылық сипаттағы бұзушылықтарды анықтады.

Өз кезегінде аталған тетіктің қалай жүзеге асырылып жатқанына бизнес ортаның да көңілі толмайды. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы МЖӘ жобалары бойынша толық және қолжетімді ақпараттың жоқтығын, кәсіпкерлердің қатысуы үшін шектеулер мен МЖӘ-нің құқықтық регламенттеуінде қайшылықтар барын атап көрсеткен еді.

Осы тетік мемлекетке ең өзекті проблемаларды шешуге жәрдемдесуі керек еді. Алайда МЖӘ жобалары халықты, бизнесті сумен және энергиямен жабдықтауды, көлік, байланыс, апаттық-құтқару қызметі мен туризм салаларын толыққанды қамтымайтыны анықталды.

Содан 2022 жылғы 1 ақпанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке "мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейтуді, МЖӘ туралы заңды түбегейлі жаңартуды" тапсырды. Бұл саладағы реформаларға түрткі болды.

Енді жағдайды түзетуге бетбұрыстар жасалып жатыр. Президент тапсырмасымен, 2022 жылғы 30 желтоқсанда "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" көлемді заңы қабылданды және ол биылғы жыл басында күшіне енді. Жаңа заңнамалық топтама да Сенат қарауында жатыр.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың түсіндіруінше, жаңа заң МЖӘ жобаларын тікелей келіссөздер тәсілімен іске асыру кезінде бюджеттен төлемдерді шектейді.

Жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту үшін МЖӘ жобаларын жоспарлау және іске асыру процесінің ашықтығы мен айқындығы қағидаты енгізіледі. МЖӘ жобаларын бір қолда, қаржылық топтарда шоғырландырып, монополияландыруды болдырмау мақсатында оларды антимонополиялық органмен міндетті түрде келісу қарастырылған.

"Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өтуді болдырмау мақсатында МЖӘ жобаларының айрықша критерийін енгізу ұсынылады. Ол жеке әріптестің объектіні тұрғызуы мен пайдалануы бойынша жобаның 2 кезеңін міндетті түрде біріктіреді. Артық маржиналдылықты, табыстылықты төмендету, ал тәуекелдер мемлекет пен жеке сектор арасында теңгерімді бөлінуі үшін инвестициялық шығындардың өтемақысын төлеу жойылды. Бірлесіп қаржыландыру бойынша шектеу енгізіледі. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жеке әріптестер ретінде қатысуына кедергі қойылмақ", – деп хабарлады ведомство басшысы.

Бұдан бөлек, салалық заңнаманы реформалау аясында бұдан былай мемлекет МЖӘ жобаларын тек қана бәсекелі ортада жүзеге асыруға көшпек. Тікелей келіссөздер механизміне көзқарас қайта қаралады. Жеке әріптесті конкурс арқылы іріктеуге кезең кезеңмен ауыспақ.

"Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы" АҚ басқарма төрағасы Самат Сағындықовтың мәліметінше, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда жалпы құны 2 трлн 114 млрд теңгені құрайтын 1 066 концессиялық және МЖӘ шарттары жасалған. Соның ішінде 2 трлн 61 млрд теңге тұратын  805 жоба әлі іске асырылып жатыр. Ал 53 млрд теңге сомасындағы 261 жобаның мерзімі аяқталған (мерзімі өтіп кеткен).

Санның артында не тұрғанын мынадан білуге болады: МЖӘ және концессиялық жобалардың ішіндегі 1 трлн 222,7 млрд теңгеден астамын небары 15 республикалық ірі жоба құрады. Қалған 1 051 жоба – құны 891,5 млрд теңгеден асатын жергілікті жобалар.

Оның үстіне кейінгі жылдары бұл жобалар сұйылып, арнасы тартылып барады:

2005 жылы – 2 жоба (77,9 млрд теңге), 2007 жылы – 1 жоба (4,1 млрд), 2016 жылы – 14 жоба (12 млрд), 2017 жылы – 149 жоба (210,5 млрд), 2018 жылы – 279 жоба (887 млрд), 2019 жылы – 261 жоба (159,3 млрд), 2020 жылы – 136 жоба (224,8 млрд), 2021 жылы – 189 жоба (189 млрд), ал 2022 жылы – 35 жоба (349,6 млрд теңге) ғана қабылданған.

Яғни, 2018 жылғы рекордты көрсеткіштен бүгінде сегіз еседей құлдырады. Алда бұл санның күрт артатынына да сенім шамалы. Себебі, жоспарлау мен дайындықтың әртүрлі кезеңдерінде құны 402 млрд теңгені құрайтын жалпы саны 178 жоба ғана пысықталуда. Оның қаншасы ақырғы мәреге дейін жететіні, қанша МЖӘ не концессия келісімінің бекітілетіні белгісіз. 

Өйткені құны 82 миллиард теңгені құрайтын 4 республикалық жоба бойынша конкурс ақыры өтпеді деп танылды. 31 млрд теңге тұратын 11 жоба жоспарлау сатысында қалды.

Ал өңірлік деңгейдегі 161 жобаның ішінде жалпы құны 50 млрд теңгені құрайтын 35 жаңа жобаға конкурс жарияланды. Оның сегізі бойынша жеке серіктестермен тікелей келіссөздер жүргізілуде. 11 млрд теңгенің 38 жобасына конкурс өтпеген. 227 млрд теңгені құрайтын қалған 88 жоба жоспарлау кезеңінде.

Жалпы алғанда, МЖӘ және концессия саласында жасалған шарттардың 87%-дан астамы саны жөнінен небары 3 салаға тиесілі: білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету; энергетика; тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық. Бұл көптеген сала осы тетіктен қағажу қалғанын көрсетеді.

Дегенмен, құны тұрғысынан барлық жобалардың шамамен 40%-ы көлік және инфрақұрылымға тиесілі. Бұл осы сала жобаларының қымбаттығын паш етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу