Ресей ең қымбат қазынасын Қазақстанға берді

8939

Шетелдік аңдар елімізде жерсініп, көбейе бастағалы тұр. 

Ресей ең қымбат қазынасын Қазақстанға берді Фото: Ақорда

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Ресей Қазақстанға тағы 4 жолбарысты жіберуді жоспарлағанын хабарлады.

Министрдің мәлімдеуінше, меморандум аясында биылғы ақпанда осы мәселеге қатысты ресейлік әріптестерімен бірінші кеңесті өткізіпті.

"Ресей Федерациясынан бір топ маман келді. Біз оларға РФ-тан алуды жоспарлап отырған жыртқыштар үшін дайындап жатқан инфрақұрылымды көрсеттік. Өзара түсіністік бар. Менің ойымша, биылғы жылы үш, әрі кеткенде төрт жолбарысты көршіден әкелеміз. Осылайша, біз Тұран жолбарысын реинтродукциялау бойынша жобаны енді кең ауқымда жүзеге асыруға кірісеміз", – деді Ерлан Нысанбаев.

Бірақ ол ресейлік жолбарыстардың нақты қай күні әкелінетінін айта алмайтынын жеткізді. Дегенмен, Ресей тарапы жолбарыстарын Қазақстанға жіберуге шешім қабылдағанын және соған өздері де құлшынып отырғанын мәлім етті.

Жалпы, экология ведомствосының дерегінше, 2024 жылы Тұран жолбарысын тарихи мекенінде қалпына келтіру бойынша үлкен жоба жүзеге асырыла бастады.

Өткен жылғы күзде Іле-Балқаш резерватында арнайы торлы қоршауда өсіру үшін Нидерландыдан тек 2 жолбарыс әкелінді. Министр сол голландиялық жолбарыстардың қазақ елінде өзін қалай сезінетінін әңгімеледі.

"Нидерландыдан бірінші болып, 2 жолбарыс әкелінді. Бүгінде олар Іле-Балқаш резерватының аумағында жүр. Олардың тіршілігіне тамаша жағдайлар жасалған. Аңдардың ахуалы өте жақсы екенін айтқым келеді. Бұған қоса, биылғы жылдың соңына қарай олардың алғашқы тұқымы, жөншігі туылады деп үміттеніп отырмыз", – деді мемлекеттің "бас экологы" Ерлан Нысанбаев.  

Бұған дейін ақпарат құралдары министрліктің ақпаратына сілтеме жасап, Қазақстанға әкелінген жолбарыстарда "көбею инстинкті оянғанын" жазған болатын.

Бұл ретте екеумен шектелген Нидерландыға қарағанда Ресей бізге жолбарыстарын көптеп беруге тілек білдіріпті.

Айта кету керек, әдетте кез келген ел мемлекеттік меншік пен асыл құндылық саналатын сирек кездесетін жануарларын өзге елдерге бермейді. Тіпті шекарадан өткізбейді. Контрабандамен әкетушілермен белсенді күреседі.

Ал, көршінің бұлайша іңкәрлануының астары бар болып шықты. Ресейлік ақпарат құралдары кейінгі жылдары біраз көбейген және азық іздеген жолбарыстар жақын деревняларға шабуыл жасайтынын мәселе етіп көтеріп жүр.

ХХ ғасырдың басында планетада шамамен 100 мың жолбарыс болыпты. Олар Қазақстанда да көп еді. Алайда құнды терісі үшін адамдар оларды қырып салды. Салдарынан, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) мәліметінше, ХХІ ғасыр басында бүкіл әлемде 3 мыңдай ғана жолбарыс атаулы қалыпты.

"Ресейде ХХ ғасырда жолбарыстардың саны қарқынды түрде қысқарды. Бірақ Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін КСРО бұл жыртқыштарды атуға қатаң тыйым салды. Содан жарты ғасырдан астам кезеңде Ресейдің Қытаймен және Солтүстік Кореямен шектесетін шекаралық аймақтарындағы жолбарыстардың саны 9–10 есе ұлғайды. Сондай-ақ 2010 жылы РФ Амур жолбарыстарының санын 500-ге жеткізу жөнінде стратегия әзірледі", – деп жазды Би-Би-Си.

Сонымен бірге, Ресей бұл аңдарды қажетті азықпен қамтамасыз ете алмаған. Соның кесірінен, жолбарыстар жемін іздеп, малдарға тиеді, елді мекендерге кіреді.

Мысалы, ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Хабаровск өлкесінде желтоқсан айында, тек бір апта ішінде жолбарыстар мен адамдардың 6 қақтығысы тіркелген.  

Үрейі үшқан ресейліктер әр өңірде бейберекет митинг өткізіп, биліктен өздерін жыртқыштардан қорғауын сұрап, видеоүндеу жолдап жатады.

2025 жылдың наурызында ресейлік ақпарат құралдары экс-депутатты жолбарыс жарып кеткенін жарыса жазды.

"Приморье өлкесінің Красноармейский ауданында жолбарыс 55 жасар бұрынғы депутатты талап тастады. Орманшы болып орналасқан ол серіктесімен бірге аумақты қарауға аттанған. Бұл туралы жергілікті әкімшілік хабарлады. Жыртқыштың шабуылы 11 наурызда, Глубинное селосынан 20 шақырым жерде болған. Сол күні учаскелік орманшы болып істейтін бұрынғы депутат көмекшісін ертіп, орман шабу учаскесіне жоспарлы тексеру жүргізіп жүрген. Бұдан бұрын жергілікті жұртшылық жергілікті билікке бірнеше дүркін жүгініп, жыртқыш аңдардан қорғауды сұраған", – деп жазды "Холод" басылымы.

"Владивосток Онлайн" жергілікті порталының жазуынша, аңдыған жолбарыс аңдап баса келе, экс-депутатқа ту сыртынан тұтқиылдан шабуылдаған. Содан ол қаруын да қолдана алмағанға ұқсайды.

Алдын ала деректер бойынша, жыртқыш құрбанының қолын жұлып алған және ішкі құрылысының жартысын жеп қойған.

Ресейлік ақпарат құралдары қазіргі уақытта мамандар пенде қанының дәмін татқан "адамжегіш" аңды атып тастау үшін іздеп, территорияны мониторингтеп жатқанын баяндады. Өз кезегінде полиция жергілікті тұрғындарды әлгіндей жыртқыштың бары туралы хабардар етіпті. Сот-медициналық сараптама тағайындалған, тексеру жүргізілуде.

Қаза тапқан адам Измайлихинский селосының атынан 2020 жылы депутат болып сайланыпты. Соңғы жұмыс орны "Приморье орманшылығы" болған. Ақпарат құралдары бұл Ресейдегі жолбарыстардың биылғы алғашқы құрбаны еместігін мәлім етті. 2025 жылдың қаңтарында Дальнереченский ауданының Зимники селосында Амур жолбарысы 53 жасар балықшыны жайратып салған көрінеді. Мамандар тапқан іздерге қарағанда, жыртқыш оның мүрдесін өзен жағасынан сүйреткен бойы орманға алып кеткен.

Сондықтан мамандардың айтуынша, жолбарыстардың санын қалпына келтіру бағдарламасын бастамас бұрын аңның тіршілік ету ареалын және азық базасын жасақтау қажет.

Мысалы, жақын елді мекендер жолбарыстар мекендейтін аумақтан ең кемі 100–200 шақырым қашықта жатқаны жөн. Алайда шетелден әкелінген жыртқыштар жіберіле бастаған Іле-Балқаш резерватының шекарасынан небары 20 шақырым жерде елді мекендер басталады. Бірінші болып, Қарой ауылы тұр.

Ресейлік эколог Әмірхан Әмірхановтың айтуынша, жолбарыстар қауіпсіз тіршілік етуі үшін олардың азық базасын қамтамасыз ету қажет.

"Мысалы, Амур өлкесінде қабандар саны кейінгі жылдары 2,5 есе азайып кеткен. Салдарынан, жемін таба алмаған жолбарыстар ашығады. Дамыған елдерде мұндай жағдайда мемлекет тіпті нарықтан ауыл шаруашылығы малдарын, мысалы, шошқаларды сатып алып, етін жолбарыстар жүретін жолдарға тікұшақпен тастайды. Жолбарыстардың немен қоректеніп жүргенін зерттейтін арнайы мекеме болуға тиіс. Олардың аулайтын аңдарын, әсіресе, тұяқты жануарларды адамдардың аулауына тыйым салынуы шарт", – деді сарапшы.

Батыс елдерінің орманшылығы жолбарыс сияқты сиреп бара жатқан жыртқыш аңдарды тамақтандыру үшін тіпті мал шаруашылығымен айналысады.

Қалай болғанда, азық базасына қатысты проблема шешілмей, адамдар мен жыртқыш аңдар арасындағы шиеленіс те шешілмеуі мүмкін.

"Жануарлар мен өсімдіктердің сирек түрлерін сақтау қоры" қоғамдық қорының басшысы Григорий Мазманянцтың айтуынша, жолбарыстарды жібермес бұрын, "Іле-Балқаш" табиғи қорығының аумағы қоршаулармен қоршалды.

Сондай-ақ, жолбарыстарды бақылау орталығы құрылды. Бұдан бөлек, қорықты өрт қаупі күшейтетін маусымға дайындау бойынша жұмыстар жүргізіліпті.

Бұл қорықта тұяқтылар ішінде жергілікті қарақұйрық-джейран тіршілік етеді. Бұрынғы жылдары қолдан өсірілген Бұқар бұғылары бірнеше дүркін қорыққа жіберілді. Олардың саны 100-ге жетіп қалғаны хабарланған болатын. Бірақ бұл бұғылар да жоғалып бара жатқан "қызылкітаптық" жануарға жатады.

Жалпы, экология министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанның, Ресейдің және Швейцарияның бірлескен экспедициясының нәтижесінде Тұран жолбарысын Орталық Азияда қалпына келтіру үшін ең қолайлы орын ретінде Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы, Есіл өзенінің атырабы мен оның шығыс жағалауы таңдалды.

Жалпы, оншақты жолбарысты кез келген қорық қоректендіре алар. Алайда ел Үкіметі "Балхаш өңірінде кемінде 100 жолбарыс популяциясын құру мүмкіндігін" қарастыруда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу