Көрші елдің бір қаласы адам тұрмайтын жерге айналуы мүмкін

3775

Қазаққа жат емес шаһар бірнеше жыл бойы апатты бастан өткеруде.

Көрші елдің бір қаласы адам тұрмайтын жерге айналуы мүмкін Фото: historic.kz

Ресейдің Омбы облысының Үкіметінің порталында айтылғандай, өңірдегі ең ірі екінші ұлт – қазақтар. Омбылық қазақтардың саны 69,4 мың адамнан асады. Оның басым көпшілігі Омбы қаласында тұрады.

Осы Омбы қаласы су астына батып барады. Бұл туралы жергілікті Omskinform хабарлады. Кейінгі жылдары онда көптеген үйлер, тұтас аудандар қаңырап бос қалған.

Халық қаланың орталығына және биіктеу орналасқан аудандарына тығыздала шоғырлануда. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде соның салдарынан 2 бөлмелі пәтердің құны биыл 8 миллион рубльге (шамамен 43 миллион теңге) жеткеніне шағымданады.  

"Омбы біртіндеп су астына кетуде. Қаланың 70%-ын су басып қалды. Орыс географиялық қоғамының Омбы өңірлік бөлімі төрағасының орынбасары Игорь Вяткин мұның 20 жыл бұрын басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы сарапшы "Евразия сегодня" халықаралық мультимедиа орталығында су тасқынына орай өткен баспасөз конференциясында айтты", – деп жазды омбылық ақпарат агенттігі.

Игорь Вяткин дабыл қақты. Оның байламынша, шұғыл түрде Омбының жерасты суларын зерттеуі қажет. Бұл қаланың астында тұтас дария қалыптасып жатуы ғажап емес.

Сарапшы кезінде Омбыда жүрген "құрылыс дүмпуі" жерасты геологиялық ортасының жай-күйіне қатты әсер еткенін білдірді. Салдарынан геологтар қаланың 70%-ын су басып қалғанын анықтады.

Жергілікті ақпарат құралдары Омбыда халық қалмай қалуы мүмкін екенін айтып, мәселе көтеріп жүр. Мысалы, 2017 жылы Омбы қаласы тұрғындарының саны 1 млн 178 мың адамнан асыпты. Ал, 2024 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 1 миллион 90 мыңнан аса адамға дейін азайып кетті. Шаһар халқының саны 1992 жылдан бері кеміп келеді.

"Омбыда көпқабатты үйлерді жаппай тұрғызу басталғанда қала су астына кете бастады. Ғимараттардың қаптаған іргетастары, тіректері Ертіс пен Омның жерасты суларының ағынын бөгеп, бітеп тастады. Содан су жоғарғы жер қыртыстарына көтерілді, жер бетіне шықты. Алдымен қаладағы көп үйдің жертөлелерін су басты", – деді Вяткин.

Ол қаланың ірі стадионының дәл солай көмілген ағынның үстіне салынғанын еске салды.  

Омбыдағы жерасты суларының жай-күйіне зерттеулерді геологиялық барлау экспедициясы соңғы рет ғасыр басында, 2005 жылы жүргізіпті.

Қаланың кем дегенде 70%-ын су басып қалатыны туралы мәлімет сонда алғаш айтылған екен.  

Бұлай бара берсе, зерттеушілердің болжамынша, болашақта Омбы қаласы су астында қалып, қаңырап бос қалуы ғажап емес.

Оның үстіне ғалымдар "құрамында сульфаты көп агрессивті судың" мол екенін және бұл бетондық тіректер үшін өте қауіпті болатынын ескертті.

Орыс географиялық қоғамының Омбы өңірлік бөлімі төрағасының орынбасары, географ-геоморфолог өңірдегі тасқынның күрт күшеюіне тағы да адамдардың қызметі айыпты екенін ашық айтты.

"Өңірде кеңес заманында қарқынды түрде тың игерілді. Ауыл шаруашылығына астатөк су шығындалды. Оның бәрі жерастына сіңіп, тұнды, қаланы қоршады. Сол ХХ ғасырда Ертістің төменгі ағысында, Большеречье маңында Ертіс пароход шаруашылығы өзеннің айналма тұсын көміп, арнасын "тіктеді". Бұл кемемен өзенді тезірек жүріп өту, мейлінше аз отын шығындау үшін жасады. "Такмык кертігі" (жергілікті қазақтар мен татарлар ол жерді ежелден "Тоқмұз" атайтын) пайда болды", – деді Игорь Вяткин.

Нәтижесінде, "Большеречье" тұсында Ертіс өзенінің жылдамдығы артты. Су кемерінен тасып, жағалауды шая жөнелді.

Географ соның кесірінен 90-шы жылдары алғаш рет Омбының шетіндегі саяжайларды және қаланың көшелерін су баса бастағанын мәлім етті. Ол аудандардан тұрғындарды көшіруге мәжбүр болған.

Ғалымның пікірінше, өңірде қайта қоныстандыру жүйесін өзгертіп, жетілдіру керек. Өйткені бұрын жұртшылық көшірілген аудандар, қала маңындағы кенттер мен ауылдар да енді су астында қала бастапты.

Өз кезегінде қала мэриясы тұрғындардың биылғы қарғын суға өздері дайындалуға тиістігін мәлімдеді.

Мэрия су басудың алдын алу іс-шаралары жүргізіліп жатқанынан құлағдар етті.

"Бұл ретте көпқабатты үйлер мен шаруашылық субъектілерінің аумақтары ерекше көңіл аударуды талап етеді. Қардың әкетілуіне, жаңбыр мен еріген қар суы ағатын жүлге-арналардың, су өткізу құбырларының және ағын су қабылдайтын құдықтардың тазартылуына бақылау жүзеге асырылады. Апатты жұмыстарды жүргізуге тартылатын сорғы жабдықтары мен мамандандырылған техниканың дайындығы тексерілді", – деп мәлімдеді қала билігі.

Бірақ оның айтуынша, барлығы жұрттың өзінің дайындығына байланысты болады. Сондықтан мэрия оларды су ағатын арналар мен су өткізуші құбырларды тазарту, аулалар мен көшелердегі қарды күреп, жинастыру сияқты жұмыстарға жұмылуға шақырды.

Осы мақсатта шенеуніктер "Омбы қаласының аумағында абаттандыру, тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету қағидаларына" өзгеріс енгізу арқылы омбылықтарды соған міндеттепті. Ол бойынша енді тұрғын үйлердің меншік иелері үй маңындағы территорияда қарды жинау және шығарып әкету жұмыстарын жүргізуге тиіс.

Яғни, топан сумен күреске жауапты құрылымдар ғана емес, тұрғындар да міндетті түрде тартылады.

Сондай-ақ, шаруашылық жүргізуші субъектілер, сауда орындары, кәсіпорындар мен ұйымдар өздерінің ғана емес, іргелес жатқан аумақтарды қардан таза ұстауға және объектілерін су басып қалуына жол бермеуге міндеттелді.

Омбы қаласына тағы бір нәубет төнді. Бұл туралы "Росгидромет" хабарлады. Оның дерегінше, омбылықтар сумен бірге оннан астам "уды" ішіп отыр. Соның ішінде әсіресе, жергілікті өзендер мен көлдерге аса залалды фенол, марганец, сульфаттар көп төгіліп, ласталған.

Гидрометеорология және қоршаған ортаны мониторингтеу федералдық қызметінің (Росгидромет) Обь-Ертіс басқармасы Омбы өңіріндегі барлық 12 ірі су объектісінің қазіргі жай-күйі туралы есебін жариялады.

"2025 жылғы ақпандағы жағдай бойынша өңірдің су қоймаларында магний, хлорид, сульфат, иондар, қиын және оңай қышқылданатын органикалық заттар, аммоний азоты, нитрит азоты, фосфаттар, темір қосылыстары, мыс, мырыш, алюминий, марганец, фенол сияқты улы заттардың үлесі шекті рұқсат етілген шоғырлану көлемінен бірнеше есе асып кеткені бақыланды. Сондай-ақ, омбылық суларда оттегінің құрамы тым төмен болып шықты", – делінген "Росгидромет" есебінде.

Осының алдында ғана Омбы қаласындағы ауаның да өте қатты ластанғаны туралы ресми мәлімет жарияланған болатын. Қалалықтардың көміртегі тотығы-оксидінің, азот диоксидінің, азот оксидінің, күкірт қышқылының және формальдегидтің шектен тыс көлемімен тыныстайтыны әшкереленді.

"Росгидрометтің" Обь-Ертіс басқармасы Омбының барлық округтерінде ауаның осылай жоғары деңгейде ластануы тіркелгенін ашық айтты. Жергілікті кәсіпорындарға атмосфераға шығарындыларының көлемін төмендету туралы ескерту бағытталғаны жария етілді.  

Осыдан кейін іргедегі Омбы өңірінің және қаласының халық санының неге тұрақты әрі қатты кеміп бара жатқанына таңданудың өзі артық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу