Ал, Еділ (орысша Волга) өзені 3 531 шақырымға созылып жатыр және бұл өзен бойымен жыл сайын шамамен 254 текше шақырым су ағады.
Ресейдегі осы алып өзенде ГЭС-тер тоқтап, балықтар қырылып, кемелер Аралдағыдай қайраңда қаңтарылып қалып жатыр.
"Издалека долго, течет река Волга" деп кеңес заманында әнге қосып дәріптелген дария қазіргі кезде жыларман жағдайға жетті. "76.RU" (Ярослав облысы – РФ-тің 76-шы субъектісі) өңірлік порталы Еділ өзені күрт таязданып қалғанын хабарлады.
"Ресейдің басты өзеніне кеуіп қалу қаупі төнді. Орталық Ресейде өткен қыста қар аз түсті. Соның кесірінен Ярослав облысындағы телімінде Еділ-Волга таязданып қалды. Бұрын судың түбі болып келген учаскелер толық жалаңаштанды. Судың жоқтығы салдарынан, Углич ГЭС-і жұмысын тоқтатты. Рыбинск ГЭС-і жұмысын қысқартты. Өзенде навигацияға шектеу қойылды", – деп мәлім етті жергілікті портал.
Бұл ақпаратты "Fontanka" федералдық басылымы да растады. Ол эксперттерге сілтеме жасап, енді Ресейге жаңа нәубет келгенін жеткізді.
"Судың тартылуы – бүгінде Ресейдің жалғыз бір өңірінің ғана проблемасы емес. Верхне-Волжск гидромет орталығының мамандары сондай-ақ Нижний Новгород өңірінде Еділ мен Окадағы су деңгейі ұзақ жылғы бақылау кезеңіндегі ең төменгі шамаға дейін жетіп қалғанын әңгімеледі", – деп жазды басылым.
Ресейдің ірі өзенінің таяздануы қандай қауіп-қатер әкелмек?
РФ Гидромет орталығы мамандарының дерегінше, біріншіден, Еділ бассейнінде шамамен 60 миллион адам өмір сүруде. Бұл – бүкіл РФ тұрғындарының үштен бірінен артық.
Оның бәрі осы дарияның суын сылқылдата ішіп, мол кәусарын тұрмыста, өндірісте, ауыл шаруашылығында астатөк пайдаланып отыр. Өзен құрғаса, ол саланың және елді мекендердің бәрі тығырыққа тіреледі.
Екіншіден, Еділ – Каспий теңізін қоректендіріп отырған басты өзендердің бірі. Ол кеуіп қалса, теңізге де апат төнбек.
3 530 шақырымға созылып жатқан Еділ – Еуропа аумағындағы ең ұзын өзен. Ол жаңбыр суынан, еріген қар суынан, жерасты суларының көздерінен және өзіне құятын шағын өзендерден толығады.
Үшіншіден, Еділ – Ресейдегі ең ірі кеме жүретін су жолы.
Төртіншіден, Еділ-Волга РФ-тың бірден 8 гидроэлектр станциясын (ГЭС) сумен қамтамасыз етеді.
"РусГидро" энергетикалық компаниясының дерегінше, 2023 жыл қорытындысында олардың жалпы қуаты 9 мың 125 мегаватт болды. Олардың бәрі тоқтаса, солтүстік көршінің барлық өңірінің үштен біріне дейін электрсіз қалуы мүмкін.
"РусГидроның" сендіруінше, су станциялар арасында бөгелмейді. Әрбір станция жұмыс істеу үшін өзіне қанша көлемде су алса, төменге сонша су жіберетін көрінеді.
Яғни, Ярослав облысынан бастап, Волгоград облысына дейін әрбір текше метр судан энергия өндіреді. Су қоймаларының каскады Волгоград облысында аяқталады.
"Барлық су электр станциялары суды Еділден алады. Қанша су келсе, сонша су төменге кетеді. Су айталық, Еділдің жоғарғы жағындағы Жигулев немесе Саратов ГЭС-терінде өз әлеуетін, күшін, қуатын береді де ары қарай ағады. Жолай энергия жинайды, оны келесісінде сарқа тапсырады. Осылай әрбір текше метрі пайдаланылады. Судың әрбір текше метрі жолай бірнеше рет электр энергиясын өндіреді", – деді энергетикалық компанияның маманы журналистерге.
Сонымен бірге, ресейлік ғалымдар "станцияларда су бөгелмейді" деген дәйектемені жоққа шығарды. Олар Еділ өзенін осылай қаптаған ГЭС-пен буып тастаудың кесірі өзенге тигенін айтады.
"Мамандардың тұжырымдауынша, Еділдің бойында ресейлік гидроэлектр станцияларының тым көп болуы Еділ өзенінің тұрақты негізде таяздануының басты бір себебіне айналды", – деп жазды "Фонтанка" басылымы.
РФ академигі, техника ғылымдарының докторы, РУДН жүйелі экология кафедрасының профессоры, РФ Энергетика министрлігінің қоғамдық кеңесінің мүшесі Владимир Тетельмин де ресейлік ГЭС-тер Еділ өзеніне жүйелі әрі жойқын соққы бергенін айтты.
"Олар өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басынан бері салынды. Шамамен 60-шы жылдары цикл толығымен аяқталды. Яғни, өзенге олардың кері әсері ұзақ жылдарға созылды. Ол заманда әрине, экологиялық зардаптар туралы билік ойланбады. Қаптаған ГЭС-тер мен су қоймалары осы су артериясын құрғатып тындырады деп қауіптенбеді. Ал, енді өмір сол қауіпті құбылыстың басталғанын көрсетіп отыр", – деді Владимир Тетельмин.
Сарапшының түсіндіруінше, бар мәселе Еділдің суын жолай тұтып алатын су қоймаларының орасан зор айдындарында. Айнадай жарқырап, жалтыраған оларда су алапат көлемде буланып, ұшып кетеді.
"Осы су қоймаларындағы судың жартысына жуығы буға айналады! Айталық, оның әрқайсысына 10 текше шақырым су келді делік, алайда соның бесеуі буланып, босқа ұшып кетеді. Яғни, су үлкен көлемде атмосфераға жайылып жатыр. Әрине, ол кейін жаңбыр түрінде жерге жауады, бірақ ол жауын негізінен Еділге төкпейді. Еділ суының жаңбыры басқа өңірлерді қоректендіреді", – деді академик Тетельмин.
Оның айтуынша, дарияның құрғауына ықпал етіп отырған тағы бір фактор – жаһандық климаттың жылынуы. Ғалым Ресей территориясындағы өңірлік жылыну жаһандық жылыну қарқынынан көп асып түскенін ескертті.
"Сондықтан Еділдегі судың булану эффектісі жыл өткен сайын күшеюде! Бұрын бұған қатысты терең зерттеулер жүргізілмеген, салдарынан бұл туралы ешкім білмеді. Қазіргі кезде де жаһандық климаттық күйзелістің қайдан қалай бой көрсететіні және қандай зұлматқа соқтыратыны туралы толыққанды түсінік жоқ", – деп қапаланды академик.
Владимир Тетельмин әсіресе, Ресейде шектен тыс ғаламат қарқын алған жаһандық жылыну процесін тоқтату мүмкін емес деді. Оның пікірінше, адамзат қанша жерден энергетиканы декарбонизациялауды өрістетсе де, климаттық өзгерістер кем дегенде 200 жыл жалғасуы мүмкін.
Осы кезеңде көптеген аймақтарда өзен, көл, теңіздер құрғап, шөл далаға айналуы ғажап емес. Бірақ аймақта мұны толыққанды ұғынып, тиісті жоспар құрып, тегеурінді қимылдап, қызу дайындалып жатқан мемлекет байқалмайды.