Қуандық Бишімбаевтың тағы бір ауыр мұрасы қазақстандықтарды қан қақсатуда

36285

Үкімет ауданы келісімдегіден аз пәтерлер үшін азаматтардың ақшасын қайтартқызбақ.

Қуандық Бишімбаевтың тағы бір ауыр мұрасы қазақстандықтарды қан қақсатуда Фото: canva.com

Елорда тұрғыны Ғалымжан Төребек ірі құрылыс компаниясының қулықтарынан "аузы күйген" азаматтардың бірі.

"Баспананы құрылыстың "котлован" сатысында алса, арзанға түседі деген пікір бар ғой. Пәтерді тұрғын үйдің қаңқасы дайын болып қалғанда ғана сатып алдым. Қауіпсіздік ережелерін алға тартып, прорабы да, менеджері де ішке кіріп, тұрғын үй құрылысын аралауға рұқсат етпеді. Елге белгілі, ірі компания, екі жарым жылда салып шықты. Төрт бөлмелісі 250 шаршы метр деп сатылды. Кілті қолға тиген соң, өлшеп қарасақ, 7 метрі жетіспейді. 3 миллионнан астам қаржы жоғалтып тұрмыз. Содан кеңсесіне барып, қайта есептеуді сұрасам, заңгерлері 250 шаршы метрдің ішінде 7,5 шаршы метрге дейін ауытқуға рұқсат етілетінін қайталап, бет қаратпады. Тәуелсіз заңгерге соқсам, ол да Үкімет бекіткен қағида сондай деп отыр. Бұл деген халықты қанау ғой!", – деп қамығады Ғ.Төребек.

Егер әр пәтердің иесін осылай алдай берсе, тұрғын үй салушылар ауадан миллиардтар жасайтыны сөзсіз.

Ғалымжанның болжамынша, тұрғын үй кешенінің түпкілікті ауданының кемуіне құрылыс компаниясының сүрілуге жататын жеке үйлердің бірін сатып алу жөнінде оның қожайынымен келісе алмағаны ықпал етсе керек. Ақырында иесі тым көп қаржы сұратқан ол коттедж тұрғын үй кешенінің іргесінде қалып қойған.

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан жұртшылықпен кездесулерде, Парламентке түсетін шағым хаттарда қазақстандықтар құрылыс компанияларының осы қиянат-құқайына жиі назаланып, наразылықтарын үнемі білдіретінін айтады. Бұл – кең таралған схемалардың бірі көрінеді.

"Құрылыс компанияларымен келісім бекіткенде, онда мынадай міндетті бір шарт қарастырылады: егер баспананың нақты ауданы жобалық құжаттамадан бірер пайызға ауытқыса, мысалы, ақырында ауданы артық не кем болып шықса, онда салушы да, сатып алушы да оған жауапкершілік арқаламайды. Бірақ тәжірибеде пәтер ауданы тек кеміп қалады. Барлық қалада, барлық жерде азаматтарымыз пәтердің техпаспортын алғанда бірнеше шаршы метрдің жетпей қалғанын біледі", – деді А.Құспан.

Ол бір мысал келтірді: егер сіз келісімшарт бойынша ауданы 60 шаршы метрді құрайтын пәтерді елордадағы орташа бағамен, 400 мың теңгеден сатып алсаңыз, 24 миллион теңге төлеуіңіз қажет. Құрылыс аяқталған соң пәтердің іс жүзіндегі ауданы 3 пайызға кем, айталық, 58,2 шаршы метрді ғана құрайтынына дайын болыңыз.

"Сіздің артық төлеп қойған ақшаңызды құрылыс компаниясы қайтармайды, не басқаша өтемейді. Салдарынан, пәтер иесі қараптан қарап, 720 мың теңгесінен айрылады. Бұл тек бір пәтерден ғана! Астанада тұрғызылып жатқан тұрғын үй кешендерінде мұның мыңдаған мысалын табуға болады. Бүкіл ел ауқымында мысалдар бұдан да көп. Мен бұдан біздің азаматтарымыздың құқығын қасақана кемсіту нышандарын байқап отырмын", – деді Мәжіліс депутаты.

Бірақ бұл тұрғыда құқық қорғаушылардың да, соттардың да қылар қайраны жоқ. Құрылыс компаниялары Үкіметтің өздеріне осындай заңды мүмкіндік бергенін алға тартады.

Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың 2016 жылғы 28 шілдедегі №345 бұйрығымен бекітілген "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы үлгі шарттың үлгілік нысанында" солай көрсетіліпті.

"Уәкілетті компания үлес алаңының азаюына не ұлғаюына әкеп соққан жобалау-сметалық құжаттамадан және шарттан ауытқулар үшін жауапты болады. Бұл ретте үлес алаңының кемінде 3%-ға азаюы немесе ұлғаюы жобалау-сметалық құжаттамадан және шарттан ауытқушылық болып табылмайды", – делінген үлгілік нысанның 29-шы бөлімінде.

Мәжіліс депутатының байламынша, бұл – құрылыс компанияларының мүддесіне лобби жасаған "қу норма".

"Осылайша, бұл бұйрық адал емес, жосықсыз құрылыс компанияларына еш жазасыз, үлескерлердің қаражатын артығымен қалтасына басуына мүмкіндік береді. Азаматтар бұл проблеманың шешімін тауып, нүкте қоюды талап етуде. Сөйтіп, мемлекет салушыларды пәтердің іс жүзінде азайтылған шаршы метрлері үшін ақшасын халыққа кері қайтаруға міндеттеуі керек. Бұл әділдікті қалпына келтіреді және үлескерлердің құқықтарының мүлтіксіз қорғалуына кепілдік береді", – деді Айгүл Құспан.

Оның айтуынша, ұзақ жылға созылған проблеманың шешімі – оң-оңай. Ол үшін тіпті заңнаманы өзгертудің қажеті де жоқ. Шешімі сол, қазіргі Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров осы креслоны жайлаған кезде Қ.Бишімбаев қабылдап кеткен 2016 жылғы 28 шілдедегі №345 бұйрықты қайта қарап, түзету енгізуі керек. Өз кезегінде, қазіргі Үкімет басшысы Олжас Бектенов өзінің орынбасары лауазымын қоса атқарып жүрген бас экономистке солай жасауға тапсырма беруі керек.

Үкімет солай жасауға уәде етіп отыр.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр тұрғызылған тұрғын үйдің ауданы жобалау құжаттамасынан ауытқығанда, құрылыс компаниясының жауапкершілігін қатайту мәселесі қарастырылғанын жеткізді.  

Бірінші вице-премьер тағы бір құжатқа сілтеме жасады. "ҚазҚСҒЗИ" АҚ әзірлеп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің 2021 жылғы 15 желтоқсандағы №201-НҚ бұйрығымен бекітілген, 2022 жылғы қаңтарда күшіне енген "Объектілерді пайдалануға қабылдау кезінде жол берілетін шекті ауытқу нормаларында" (ҚР ЕЖ 1.04-111-2021) мүлдем басқа сан көрсетілген.

Оған сәйкес, "Тұрғын үй және азаматтық мақсаттағы объектілерде алаңдар мен құрылыс көлемінің жол берілетін шекті ауытқулары" көп пәтерлі тұрғын ғимараттарда, жатақханаларда, қонақ үйлерде, көпфункционалды ғимараттарда:

  • монолитті (монолитті-тас), тас ғимаратта – әрбір пәтердің жалпы ауданының 1,5%-ынан,
  • құрама темірбетон, металл ғимаратта – 1 пайыздан аспауға тиіс.

Алайда бұл құжат та соңғы шешімді бәрібір құрылыс компанияларының қарауына қалдырады.

"Жекелеген пәтерлер мен үй-жайлардың алаңдарындағы шекті жол берілетін ауытқулар тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарда көрсетіледі және ықтимал ауытқулар кезінде өзара есеп айырысу тәртібі белгіленеді", – делінген оның 6.2-бөлімінде.

Р.Склярдың айтуынша, "Объектілерді пайдалануға қабылдау кезінде жол берілетін шекті ауытқу нормаларында" көп қабатты тұрғын үйлерді салу кезінде жол берілетін ауытқулар регламенттелген.

"Бірақ ҰЭМ-нің 345-ші бұйрығымен бекітілген Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы үлгі шарттың үлгілік нысаны құрылыс компанияларына жобалық құжаттамадан 3%-ға дейін ауытқуына мүмкіндік береді. Дегенмен, азаматтар тарапынан түсіп жатқан шағымдарды ескере отырып, әрі тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында аталған бұйрыққа және үлгілік нысанға қажетті түзетулер енгізіледі! Ол өзгерістер жылжымайтын мүлкінің ауданы тиісті келісімшартта қарастырылғаннан аз болып шыққан сатып алушыларға тиісті қаражатын қайтару мүмкіндігін қарастыратын болады", – деп уәде етті Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр.

Ол мұның қашан жасалатынын, нақты мерзімін айтпады, әйтсе де, ашынған халықтың әділдік аңсағанын сезіп, бұл мәселені шешуді жеделдетсе, жөн. Онсыз бұл салада да әлеуметтік кернеу ұлғая беруі ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу