Құрылыс материалдары қымбаттауының тосын себебі анықталды

7282

Республика отандық емес, ресейлік өндірушілерді қолдауға мәжбүр.  

Құрылыс материалдары қымбаттауының тосын себебі анықталды

Цемент зауыттары толық қуатына неге шықпады?

Қазақстанда құрылыс материалдарының бағасы тоқтаусыз шарықтап барады. Биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде олардың құны екі еседей көтерілген болатын. Құрылыс компаниялары өкілдерінің мойындауынша, қымбатшылыққа енді тапшылық қосылды: елде цемент, арматура, темірбетон және басқасы жетіспейді. Мұның арты кейбір құрылыстардың қаңтарылып тұрып қалуына не баяулауына, нарықтағы жылжымайтын мүлік бағасының жоғарылауына соқтырды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нарықтағы қымбатшылықты құрықтау бағытында шаралар қабылдап жатқанын хабарлады. Меморган кірпіш, арматура, цемент, бетон, қиыршық тас, полиэтилен құбырлары, швеллерлер, кабель және шыны өндірушілерге бұзушылық белгілерін жою және бағаны төмендету қажеттілігі туралы хабарлама жіберуде.

Бұл нұсқама орындалуға міндетті. Сондықтан Павлодарда арматураны "Стальной союз" ЖШС әр тоннасы үшін 397 220 теңгеден 377 200 теңгеге дейін "КЅР Steel" ЖШС 351 мың теңгеден 320 мың теңгеге дейін Атырау облысында – "УралМеталлИнвест" ЖШС орта есеппен 450 мыңнан 418,5 мың тенгеге дейін "ҚазТемірКонтракт" ЖШС – 471 201 теңгеден 430 109 теңгеге дейін арзандатыпты. СҚО-да қабырға блоктарының, бетонның бағасын "Логика Строй Ресурс" ЖШС әр текше метрі үшін 25 мыңнан 23 мың теңгеге дейін немесе 9%-ға төмендетті.

Бұған қоса, цемент құнын Ақмола облысындағы "Фирма Строительный Двор" ЖШС, "База ВостокСтрой" ЖШС, "Дворцевая Е.В.", "Егоров П.Н." жеке кәсіпкерліктері – 32 мыңнан 27 мың теңгеге дейін, арматура бойынша – ШҚО-дағы "Беакрис-Металл" ЖШС 460 мыңнан 441 мың теңгеге дейін "Титан-Восток" ЖШС – 438 мыңнан 350 мың теңгеге дейін швеллерлер бағасын ШҚО-дағы "ПКФ "Титан" ЖШС" 360 мыңнан 350 мың теңгеге дейін арзандатты.

Бірақ бұлардың бәрі уақытша шара. Біріншіден, уақыт өте келе, бағалар қайта көтерілген. Екіншіден, "түсірілген" бағамен өнім сату шектелген, кейбірі сатуды уақытша доғарған.

Құрылыс материалдарын өндірушілердің байламынша, бағаның өсуіне кейінгі кезде электр энергиясының, жанар-жағармай, дизель және магистральдық теміржол желісі қызметінің қымбаттауы түрткі болды.

Жалпы құрылыстың барлық шығындарындағы құрылыс материалдарының үлесі шамамен 50-65%-ды құрайды.

Құрылым материалдары бағасының шарықтауына күтпеген жерден экологтар "сүбелі үлес" қосыпты. Олар кейбір өнім өндірушінің қызметін тұсаулаған, толық қуатында жұмыс істеуіне тоспа құрған.

Жасыратыны жоқ, құрылыс материалдарының өндірісі – ең лас салалардың бірі, қоршаған ортаға шығарындысы мол.

Айта кететін жайт, таяуда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі "2022–2025 жылдарға арналған көміртек квоталарының ұлттық жоспарын бекіту туралы" қаулы жобасын әзірлеген. Бұған қоса, "Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің 2021 жылға арналған ұлттық жоспары" әрекет етуде. Бұл құжаттардың бәрі ауаны, айналасын қатты ластайтын зауыт-кәсіпорындардың жұмысын шектейді.

Әлемдік тәжірибе және заң талабы бойынша зауыт қожайындары кәсіпорында инновация мен жаңа технологияларды, зиянды заттарды тұтқыштарды, сүзгілерді және басқаларын енгізуге тиіс еді. Бірақ олай болмаған соң, қатаң талаптар кәсіпорындардың тоқтауы соқтыруда.

Мысалы, 2017 жылғы қыркүйекте іске қосылған "Көкше-Цемент" өндірістік бірлестігінің зауыты бұған дейін "жаңа қондырғы" саналып келіпті. Алайда енді ауаға шығарындылары күрт өскен. Көкшетаулық бұл зауыттың жобалық қуаты жылына 2 миллион тонна цемент шығаруға жетеді. Яғни отандық бүкіл құрылыстың осы өнімге деген қажеттілігінің бестен бірін бір өзі өтей алар еді. Қазіргі кезде Қазақстанның цементке деген жылдық ішкі сұранысы 9,5 миллион тоннаны құрайды.

Еліміздегі 12 цементтік зауыт 15 миллион тонна цемент шығара алады.

Экологияны қорғау экономикаға зиян ба?

"2017 жылы ашылғалы бері зауыт технологиялық және басқа да себептерге байланысты толық қуатта жұмыс істеуге қол жеткізе алмады. Цемент жасауда парник газдарының негізгі шығарындылары клинкердің, яғни кальцийленген карбонаттардың өндірісімен байланысты болып келеді. Парник газдарын шығаруға квотаның қалай бөлінгенін біліп, соған наразы болып отырмыз", – дейді "Көкше-Цемент" ӨБ" ЖШС директорының міндетін атқарушы Марат Ескендіров.

Атап айтқанда, зауыт 2017 жылы 209 682 тонна клинкер өндірген, парник газдарын 189 597 тонна көлемінде шығарған. 2018 жылы 388 464 тонна клинкер жасау үшін 356 434 тонна, 2019 жылы 459 076 тонна клинкер үшін 410 952 тонна, 2020 жылы 701 713 тонна өнім үшін 685 466 тонна парник газын (көміртек) өндіріп, планетаның қызуына ықпал етіпті.

"Ал 2021 жылға ұлттық жоспарда біздің кәсіпорынға 423 774 тонна ғана квота берді. Бұл өндіріске қажетті көрсеткіштерден әлдеқайда аз. Алдын ала есептеуімізше, "Көкше-Цемент" зауытының парник газдар шығарындысы 2021 жылдың 1 жартыжылдығында 299 486 тоннадан асты. Бұл биыл бізге бөлінген барлық квотаның жалпы көлемінің 71,7%!", – дейді М. Ескендіров.

Бизнесмендер бөлінген квотадан артық шығарынды шығара алмайды, демек кәсіпорын жұмысы тоқтауы мүмкін. Яғни нарықта отандық цемент көлемі азаяды.

"2022-2025 жылдарға арналған көміртек квоталарының ұлттық жоспарының жобасын да қарадық. Ондағы квота лимиті клинкер өндірісін арттыруға, тиісінше өндірісті дамытуға, жобалық қуаттылыққа шығуға мүмкіндік бермейді. Парник газдары шығарындыларының нақты көлемі бөлінген квотаға сәйкес келуі үшін кәсіпорында терең модернизация жүргізу, өндіріске реконструкция жасау қажет болады. Бұлай жасау жақын перспективада мүмкін емес", – дейді зауыт басшысы.

Жаңа ұлттық жоспарда "Көкше-Цемент" зауытына 2022 жылға – 313 593 тонна, 2023 жылы – 289 014 тонна, 2024 жылы – 286 471 тонна, 2025 жылға – 273 334 тонна парник газын шығаруға ғана рұқсат етілмек.

Зауыт әрине, мұны азсынады: жобалық қуаттылыққа шығу үшін кәсіпорын 2022 жылы – 1 млн 150 мың, 2023 жылы – 1 млн 250 мың, 2024 жылы – 1 млн 350 мың, ал 2025 жылы – 1 млн 500 мың тонна клинкер шығаруы қажет. Бұл қазіргі өндіріс көлемінен 2 еседен асады. Өндірісті осынша ұлғайтса, онда 1,1-1,4 млн тоннаға дейін көміртек (парник газын) шығармақ.

Бұл әрине, экологияға салмақты зиян келтірері сөзсіз.  

Экология министрлігінің квотасы цемент өндірушілерден технологиялық өндірісін қайта құруды да талап етеді: қазір бұл зауыттар көмір және дизельді отын жағу арқылы жұмыс істейтіні мәлім. Олар шығарындыны азайту үшін не электрге, не газға көшуі керек. Қайта жабдықталу инвестицияны қажет етеді, ол өнімнің бағасына қосылады. Сондықтан бұл цементтің ары қарай қымбаттауына әкелуі мүмкін.

"Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады" деген жағдай.

Тұйықтан шығу үшін ел Үкіметі амалсыз, цемент импортына тыйымды жойды. Жалпы, ресейлік сарапшылардың айтуынша, Ресей жаһандық парник газы шығарындыларының жалпы көлемінен көбірек ұлттық квота алуға қол жеткізіпті. Соның арқасында Ресейдің ірі цемент өндірушілері көміртек квотасымен шектелмеген, қажетінше алады. Ал Қазақстанда парник газдарының шығарындысын шектеу енді отандық құрылыс материалдары өндірісін қолдауға қолбайлау болып отыр.

Осылайша, қазақстандық құрылыс секторы көршінің құрылыс материалдары нарығын байытуға қайта көшуде.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу