"2018 жылы жұмыспен қамтылған халықтың саны 1,3% өсіп 8695 мың адамды құрады. Бұл экономикалық белсенді халықтың 95%-ы", деп хабарлайды Ұлттық банк 2019 жылдың наурыз айында жұмыспен қамтылған халық саны 8756,3 мың адамды құрады.
Саудагерлер жұмыссыздықпен күресуде
Жұмыспен қамтылған халықтың саны көтерме және бөлшек саудада 5,9%, денсаулық сақтауда 2,1%, білім беруде 2,8% өсті. Сондай-ақ өнеркәсіптік сектордың тұрақты өсуі аясында өңдеу өнеркәсібінде 0,8% сондай-ақ көлік және қоймалауда 3,1% өсті. Ал тау-кен өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында және құрылыс саласында жұмыспен қамтудың төмендегені байқалды.
Жалпы, жұмыспен қамтылған халықтың 15,9%-ы саудада, 14,1%-ы ауыл шаруашылығында, 12,6%-ы білім беру саласында.
Өңірлер бойынша жұмыспен қамту көрсеткішінде Маңғыстау облысы көшбасшы. Бір жылда бұл облыстағы жұмыспен қамтылған халық санының өсімі 10,2% болса, екінші орынға орналасқан Алматыдағы көрсеткіш 2,5%, ал Астанада 2,0%.
"2019 жылдың наурызында жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрады. Жұмыспен қамту органдарында ресми тіркелген жұмыссыздар саны 143,5 мың адамды құрады", – деп жазады бас банк.
Денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметте жалақы азайды
Статистика комитетінің мәліметінше, халықтың жан басына шаққандағы нақты ақшалай табысы 2019 жылдың ақпан айында 8,5%-ға, қаңтар-ақпан айларында 9,4%-ға ұлғайған.
Салалар бойынша 2018 жылғы 4-тоқсанда әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында жалақы көлемі 16,4%, қаржы және сақтандыру ісінде 9,6%, ауыл шаруашылығында 8,2%, тау-кен өндірісінде 2,4%, өңдеу өндірісінде 6% өскен.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерде 2,8%, жылжымайтын мүлікпен операцияларда 1,6% және құрылыста 0,9% төмендеу байқалды.
2018 жылғы 4-тоқсанда өңірлер бөлігінде номиналдық жалақының ең жоғарғы мәні Атырау облысында (320,5 мың теңге), ең төменгі мәні – Түркістан облысында (109,7 мың теңге) тіркелді.
"2018 жылдың 9 ай қорытындысы бойынша экономикадағы еңбек өнімділігі 2,9%-ға өсті. Салалар бөлігінде ең көп өсім құрылыста (9,9%- ға), ауыл шаруашылығында (7,9%-ға), өнеркәсіпте (3,5%-ға өсті), көлікте (2%-ға) және қаржы және сақтандыру саласында (3,3%-ға) байқалды", – деп хабарлайды Ұлттық банк.
Бауыржан Мұқан