Қырғызстандағы ереуілдер KAZ Minerals тобының табысына әсер еткен

6175

3 айда Ақтоғайдан 13,4 млн тонна кен қазылды. 

Қырғызстандағы ереуілдер KAZ Minerals тобының табысына әсер еткен

Қырғызстандағы ереуілдер KAZ Minerals тобының табысына әсер еткен, деп хабарлайды іnbusiness.kz тілшісі. Бұл туралы топтың 2021 жылдың бірінші тоқсанын қорытындылаған есебінде айтылған. 

"Қырғызстандағы Бозымшақ кенішіндегі жұмыстар жанданғандықтан, бірінші тоқсанда кен өндіру көлемі 41%-ға, яғни, 976 мың тоннаға дейін (2020 жылғы 4-тоқсан: 690 мың тонна) ұлғайды. Елдегі саяси тұрақсыздық кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кәсіпорынның қызметі 2020 жылғы 7 қазан мен 26 желтоқсан аралығында уақытша тоқтатылған. 2020 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда есепті кезеңде кен өндіру 3%-ға төмен болды. Кен өндірудің төмендеуі Шығыс өңірінің барлық шахталарында байқалды", деп жазады компанияның баспасөз қызметі.

Оның үстіне Шығыс өңір мен Бозымшақ кенішіндегі кен құрамын  металл үлесінің төмен болуы өндіріс көлемін 2%-ға түсіріп жіберген. Былтыр алғашқы тоқсанда бұл кеніштерден 12,5 мың тонна мыс алынса, биыл 12,2 мың тонна ғана өндіріліп отыр.

"Орлов байыту фабрикасында өңделген кендегі металдың жоғары мөлшері Николаев байыту фабрикасындағы төмен мөлшермен өтелді. Николаев  байыту фабрикасында өндіріс 3% жоғары болды. Өйткені былтыр бұл кәсіпорында жұмыс ұзақ уақыт тоқтап тұрған еді, деп жазылған есепте.

Өндірістік корпорациялардың пандемия жағдайына бейімделуі мен Қырғыз еліндегі саяси ахуалдың тұрақтануы алтын өндірісіне оң әсер етіп отыр.

"Алтын өндірісінің көлемі – 13,7 мың унция болды. Бұл өткен тоқсанмен салыстырғанда бірнеше есе көп. Өйткені 2020 жылдың төртінші тоқсанында 4,5 мың унция ғана алтын алынған болатын. Бозымшақтағы жұмыстардың жыл басынан бері тоқтаусыз  жалғасуы осындай оң әсер берді", дейді KAZ Minerals тобының баспасөз қызметі.

Расымен де, 2021 жылдың бірінші тоқсанында Бозымшақта 11 мың унция, ал 2020 жылдың төртінші тоқсанында 1,5 мың унция алтын өндірілген болатын.

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша KAZ Minerals тобының таза берешегі – 2 трлн 410 млрд доллар болып отыр. Яғни 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдайға қарағанда 189 млрд долларға азайған.

COVID-19 пандемиясының кесірінен Қытай-Қазақстан шекарасында туындаған кідірістердің кесірінен мыс концентратының экспорттық міндеттемелері уақытында орындалмай, 67,8 мың тонна  ғана мыс сатылған.

Дегенмен, қаңтар-ақпан айларында күннің суықтығы салдарынан оксидті кеннен катодты мыс өндіру көлемі 4,6 мыңнан 3,3 мың тоннаға дейін азайыпты. Осылайша катодты мыс өндірісі былтырғы межеге жетпей қалған.

"Жалпы, Ақтоғайдан бірінші тоқсандағы мыс өндіру көлемі – 33,9 мың тонна болды. Бұл өткен тоқсандағыдан 6% артық. Оған кен байыту фабрикасының өткізу қабілетінің ұлғаюы және бөліп алудың орташа коэффициентінің анағұрлым жоғары болуы әсер етті", деп жазылған компанияның мәліметінде.

Мыс магнатының Ақтоғайдан кейінгі үлкен кеніші – Бозшакөл. Бірінші тоқсанда бұл кеніштен 9,2 млн тонна кен өндірілген.

"Жоспарланғандай, каолин балшығы бар кенді өндіру 35%-ға, яғни, 1,9 млн тоннаға дейін қысқарды. Өйткені өткен тоқсанда сульфидті кенге жету үшін қосымша аршу жұмыстары жүргізілді. Сульфидті кенді өндіру көлемі 7%, яғни, 7,3 млн тоннаға дейін ұлғайды. Шикізаттың белгілі бір көлемі одан әрі өңдеу үшін қоймаға қойылды",– деп жазады компаниялар тобының баспасөз қызметі.

Бозшакөл учаскесінен бірінші тоқсанда 26,2 мың унция алтын өндірілген. 2020 жылдың алғашқы үш айында 31,4 мың унция өндірілгенін ескерсек, биыл алтын өндірушілер үшін Бозшакөлдегі алғашқы тоқсан сәтті бола қоймаған.

Күміс өндірісінің көлемі де төртінші тоқсандағы көрсеткіштен 25% аз. 2020 жылдың соңғы үш айында 249 мың унция күміс алынса, биыл алғашқы үш айда 186 мың унция күміс өндірілген.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу