Қытай Қазақстанның ұн экспортын бұғаттап тастады

4560

Соған қарамастан, еліміз ұнның шетелге жеткізілімін арттырып жатыр.

Қытай Қазақстанның ұн экспортын бұғаттап тастады Фото: Серікжан Қобыланбаев

Тасымалдаушылардың хабарлауынша, алпауыт шығыс көрші біраздан бері өзінің алып нарығын қазақстандық ұн үшін жауып тастады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Тиісінше, жеткізілімдер қайта жанданбады, сол бойы доғарылып тұр. Бұған шың елінің осы өнім түрінің импортына 60% зілбатпан баж салығы түрінде тосқауыл қоюы себеп болды. Бұл туралы елордада өткен Asia Grain&Oils-2022 форумында Қазақстанның астық өңдеушілер одағының президенті Әлихан Талғатбек мәлімдеді.

"Жалпы, Қытайдың өз нарығын қазақстандық ұн үшін қашан ашатыны белгісіз, бұл өте күрделі мәселе. ҚХР нарығы шектен тыс реттелген, бюрократияландырылған. Әрине, олар бәрін төл өндірушілерін қолдау үшін жасауда, бұл тұрғыда қытай билігіне еш айып таға алмайсыз. Біздің билік солардан үлгі алғаны жөн. Көрші мықты протекционизм тетіктерін сауатты қолданып, ішкі нарығын қорғап жатыр. Ұн импортына 60%-дық баж салығы дәл осы мақсатта енгізілген. Бұл біздің экспорттаушылар үшін ауыр кедергі, алынбас қамал. Сондықтан қытай нарығы біз үшін іс жүзінде жабылып қалды", – деді Әлихан Талғатбек.

Оның түсіндіруінше, Қытай жалғыз мемлекеттік компаниясына ғана шетелден бажсыз ұн тасуға квота береді. Бірақ ол мемкомпания квотаны экспорттаушылар арасында қалай бөлетінін жария етпей, жасырын ұстайды. Сарапшылардың байламынша, жұңғо елі санкциядан дағдарып, оқшауланған Ресейден ауыл шаруашылығы өнімдерін су тегінге алып жатуы мүмкін.   

"ҚХР мемлекеттік компаниясы ұн импортының көлемін қалай бөлетінін біз білмейміз. Ол квотадан Қазақстанға да ештеңе тимей тұр. Егер алда квота бөле қалса, біз оны игеруге, көршінің нарығына қайта кіріп, өнім жөнелте бастауға дайынбыз", – деді одақ басшысы.

Негізі, Қытай жалғыз ұнды ғана емес, қазақстандық өзге ауыл шаруашылығы тауарларын да өзінің алып нарығына жібермей тұр. Мысалы, Inbusiness.kz бұған дейін қазақстандық астықшылардың Қытайға бидай өткізе алмай жатқанын бірнеше рет жазған болатын.

Бұған қоса, қазақстандық зығырдың (лён) шың еліне экспорты да екі есеге құлдырап кеткені белгілі болды. Салдарынан, қыркүйек айының қорытындысында отандық экспорттаушылардың шетелдік нарыққа осы өнімді жөнелту көлемі бір ай ішінде 1,4 есеге – 29,5 мың тоннаға дейін күрт азайды. Биылғы тамызда экспортқа 42,4 мың тонна зығыр бағытталған еді.

ҚХР қазақстандық зығыр импортын 24,4 мыңнан 11,8 мың тоннаға дейін кемітіп тастады. Салдарынан, қазіргі кезде бізден зығырды ірі көлемде импорттаушылардың арасында үш ел қалды: Ауғанстан (1,4 есеге: 7,6 мыңнан 5,4 мың тоннаға дейін азайтты), Бельгия (1,2 есеге: 5,7 мыңнан 6,7 мың тоннаға дейін арттырды), Польша (1,8 есеге: 944 тоннадан 1,7 мың тоннаға дейін ұлғайтты). Өзгелердің алатыны мың тоннаға да жетпейді. Яғни, бұл сектор өзінің басты импорттаушысын жоғалта бастағандай.

Ал ұн мәселесіне оралсақ, қазір қазақтың бұл өніміне әлемде қайтадан сұраныс артып келеді. Отандық диірменшілер мен трейдерлер былтырғы маусымда жаһандық нарыққа 1,4 млн тоннадай ғана ұн экспорттай алса, биылғы маусымда 2 миллион тонна межесіне жуықтауды жоспарлап отыр. Бұл – тамаша көрсеткіш, бірақ 2012–2013 маркетингтік жылдағы 4 миллиондық межеге дейін әлі алыс.

Бұл ретте биыл ел Үкіметі өз халқымызға тамақ жетпей қалмай ма деп қорқып, қыркүйекке дейін ұн мен бидай экспортына шектеу қойып тастағанын ескерген жөн. Шектеу жойыла сала, отандық астық өңдеушілер экспортты бірден 1,3 есеге арттырды. Қараша айында да олар осы өнімді сыртқа шығару көлемін алапат екпінмен арттыруда. Кедендік статистикаға жүгінсек, Еуразиялық одақ елдерін қоспағанда, бір айлық ұн экспорты тамыз айындағы 143,7 мыңнан қазір 194,5 мың тоннаға дейін шарықтады.

2021–2022 маркетингтік жылының көрсеткішімен (111,8 мың тонна) салыстырғанда, ұн экспорты 1,7 есе артты.

Қынжылтатыны сол, бұл өз елімізде ұнның күрт қымбаттауына соқтырды. Биыл жақсы астық жиналғанына қарамастан, ұн бағасы бір жыл ішінде ең кемі 45%-дайға жоғарылаған (2021 жылдың қазанымен салыстырғанда). Ұлттық статбюро мәліметінше, 2022 жылы ұн Қазақстанда орта есеппен айына 3,5%-ға қымбаттап отырған. Салыстырсақ, 2011 жылдан 2021 жыл аралығында ұнның ай сайынғы қымбаттауы 0,8%-дан аспапты.

Яғни, дәл биылғыдай қымбатшылық көптен бері алғаш рет болып отыр. Себебі, ең ірі антирекордтар да 2022 жылы тіркелуде. Сәуір айында ұн бағасы бірден 7,5% шығандаса, мамырда 6,8% өсім байқалды. Осылайша, 10 жыл бұрынғы айлық рекорд жаңарды: 2012 жылғы тамызда ұн тосыннан 5,6%-ға қымбаттап шыға келген еді. Енді ол көрсеткіш те жолда қалды.

Ұнның шетелге алапат ауқыммен кетіп жатқанын Әлихан Талғатбек те растады. Оның дерегінше, шектеуге қарамастан, биылғы қаңтар–қазан аралығында Қазақстан жаһандық нарыққа 1,49 млн тонна ұн жеткізіп үлгерді. Жыл соңына дейін жалпы көлемі 1,94–1,99 млн тоннаға жетеді деп күтілуде.

"Мысалы, биылғы он айда біз былтырғы бүкіл бір жыл бойғы көлемнен көп ұнды жөнелттік. Қараша-желтоқсанда тағы 450–500 мың тоннасын тиеп жіберуді жоспарладық. Ұн экспорты 20–25% артуы мүмкін. Келесі жылы бұл үрдіс ары қарай жалғасады деген үміттеміз", – деді Қазақстанның астық өңдеушілер одағының басшысы.

Бұған қоса, осы жылы бидай экспорты да болжанған 5,7 млн орнына, 6,2 миллион тоннаға жетеді деп күтілуде. Оның 4,79 миллион тоннасы экспортқа кетіп үлгерді.

Қалай болғанда, ішкі нарықты қымбатшылық жайлап жатқан кезде отандық ұн экспортының қарқыны артқанына қуану қиын. Ресейден келіп жатқан арзанқол бидай импорты да жағдайды түзей алмады. Себебі, елдегі онсыз да көп емес қор тез таусылуы мүмкін. Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2021 жылы Қазақстан небары 3,093 млн тонна ғана ұн өндірген. Оның 1,496 млн тоннасы шетелге кетіп қалды. Ел былтырғысын түгесіп, биылғысына қол салуда.

Бұған қоса, келер жылы Қытай нарығы ашылса, ахуал не болатыны белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу