"Латифундистер дайындалыңдар" – Жер Жарлығының өзгеруі нені білдіреді

5415

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше жерді тексеруді шектейтін мораторийді алып тастады. Саладағы сарапшылардың көбі бұл өзгерісті жылы қабылдап, енді жерді мемлекет меншігіне қайтаруға мүмкіндік туып отыр деп есептейді. 

"Латифундистер дайындалыңдар" – Жер Жарлығының өзгеруі нені білдіреді

Сонымен Мемлекет басшысы "Қазақстанда тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы" ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлығына толықтыру енгізу туралы" Жарлыққа қол қойды.

Жер әділдігін талап етіп жүргендерге осылайша, өзіне тиесілі ауыл шаруашылығы жерін игермейтін, пайдаланбайтын кәсіпкерлердің жер учаскелерін тексеруге жол ашылып отыр.

Басқаша айтқанда, жер қатынастары саласындағы тәуелсіз сарапшыларға нысаналы түрде игерілмей, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне мәжбүрлі түрде қайтаруға мүмкіндік беретін қосымша құқықтық механизм іске қосылды.

Оған қоса Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер қатынастарын басқару комитеті мен оның аумақты департаменттерінің де бұған дейін қозғалмай тұрған жұмысында сең қозғалуы мүмкін. Олар тәуелсіз сарапшылардың көмегімен ауыл шаруашылығына қажетті орасан зор аумақты басып алған олигархтар мен латифундистерден жерді тезірек қайтара алады.

Жаңалықты Жер комитетінің төрағасы – ҚР Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов та сүйіншілеп жатыр.

Ал тәуелсіз сарапшы, заңгер Бақытжан Базарбектің жазуынша, Жарлыққа енгізілген өзгерістердің маңызы зор. Заңгердің өзі бұған дейін Президент әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу мен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа, Премьер-министр Әлихан Смайыловқа хат жазып, жерді тексеруге мүмкіндік беру керектігі турасында мәселе көтерген. "Латифундистер мен олигархтар дайындалыңдар" дейді ол.

"Ол кезде менің хаттарым жауапты министрлікке жолданған. Артынша бұл бағытта жұмыстың жүргізіліп жатқаны қосымша хабарланған. Өз басым бұл жаңалық мен үшін үлкен жеңіс! Жер қатынастары саласында тексерісті қайтаруда өз үлесімді қоса алғаныма қуаныштымын", – деп жазады Бақытжан Базарбек.

Заңгердің сөзіне қарағанда, бұған дейін шектеуші Жарлық жер теңдігін талап етіп жүргендерге қолбайлау болған. Сонымен қатар әкімдіктер заңсыз, оңды-солды бере берген жерлерді анықтауға кедергі келтірген.

Ендігі кезекте, Бақытжан Базарбек "Жер аманаты" комиссиясымен бірлесіп, іске кірісе алады. Комиссия құрамында Бас прокуратураның, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен оның аумақтық департаменттерінің өкілдері жұмыс істейді.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу