Лотереядағы монополия заңсыздыққа жол ашып жатыр ма?

1108

Кей өңірлерде лотерея ұйымдастыру арқылы 100 млн теңгеге жуық табыс тапқандар әшкере болған.

Лотереядағы монополия заңсыздыққа жол ашып жатыр ма? Фото: canva.com

Кейінгі жылдары Қазақстанда әлеуметтік желілердегі заңсыз лотереяның көбейгені анық байқалды. Енді биылдан бастап мемлекет оларға тосқауыл қоюға шындап кіріскенге ұқсайды. Оңай ақша табуды көздегендер үшін Instagram мен TikTok-тың тікелей эфирі арқылы әрекет ету тиімді болып тұр. Сонымен, "елде заңсыз лотереялар қалай қарқын алды, бәлкім аталған саладағы монополияны жойған жөн бе?" деген сауалдарға жауап іздейік.

Заң көбейгенмен, заңсыздық азаймауда

Көбі біле бермес, алайда елімізде лотереялар ойнатуға айрықша құқық тек "Сәтті жұлдыз" лотерея операторына мен соның агенттеріне берілген. Ал бұдан басқа кез келген тұлғаның не компанияның лотерея өткізуге хақы жоқ. Заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін 4 млн теңге айыппұлға дейін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жақында Туризм және спорт министрлігі осы мөлшерде 16 азаматтың айыппұл төлеп, әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Тіпті, мұндай істерге жергілікті қаржы ұйымдары да араласқан көрінеді. Әрине, табысы жақсы істен кім қашқақтасын, бұған дейін кей өңірлерде лотерея ұйымдастыру арқылы 100 млн теңгеге жуық табыс тапқандар әшкере болған.

Негізі заңсыз лотерея ұйымдастырғандарға қатысты заң бар бұрыннан бар. Әсіресе, 2020 жылдың басында бұл мәселеге сол кездегі Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан көп қаралды. Азаматтық кодекске, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске, "Жарнама туралы" заң мен "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" заңға өзгеріс енгізілді. Бұйым, кітап бола ма, материалдық заттар бола ма, кез келген ұтыс үшін ойын ойнату лотереяға жатады. Алайда аты шыққан блогерлерден бастап осындай ойынды еш қиындықсыз өткізіп келгенін жақсы білеміз.

Жалпы, 2020 жылға дейін әлеуметтік желіде лотерея тәсілімен ұтыс ойнатуға әкімшілік немесе басқа да жауапкершілік қарастырылмаған еді. Алғашында заңсыз лотерея өткізушіге тек ескерту айтылады. Бірақ бір жыл ішінде ол адам тағы да лотерея ойнатса, әкімшілік айыппұл салынады. Жеке тұлғалар үшін бұл 200 айлық есептік көрсеткіш (738 мыңнан астам), шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық емес бірлестіктер үшін – 700 АЕК (2,5 млн-нан астам), орта бизнес үшін – 1 000 АЕК (3,7 млн-ға жуық), ірі бизнес үшін – 2 000 АЕК болды. Дегенмен министрліктің алғашында ескерту беру туралы көзқарасымен көптеген Мәжіліс депутаттары келіспегені есте. 

Сондай-ақ қазір заңсыз лотерея өткізу әрекеттерін Туризм және спорт министрлігімен қатар, ұлттық лотерея операторы "Сәтті Жұлдыз" да атқарады. Нақтырақ айтсақ, заңсыз лотерея өткізу деректерін анықтап, экономикалық тергеу органдарына жолдап отырады. Жыл сайын жүздеген істі ашуға септесуде. Алайда түсінбейтін бір дүние, "Сәтті Жұлдыз" АҚ – коммерциялық ұйым. Мемлекеттік органдар атқаруы тиіс қызметті жекеменшік компанияға тапсыруға болмайтыны белгілі. Бұл мәселе Парламентте қаралған, әйткенмен тиісті ведомство бұл істі атқаруға штат жетіспейтінін алға тартып келді.

Биыл 8 шілдеде Мемлекет басшысы ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу бойынша жаңа заңға қол қойғанын білеміз. Бұл құжат 8 кодекс пен 14 заңның нормаларын қозғайтын бұрын-сонды болмаған 150 түзетуді қамтыды. Кейінгі кезде заңсыз лотереялардың көптеп анықталуына осы заңның қабылдануы да түрткі болса керек. Әйтеуір жаңа нормаларда букмекерлердің жұмысын реттеуге бағытталған тұстары көп.

Ендігі бір мәселе, кейде халық заңсыз екенін біле тұра көптеген ойындарға қатысуға құмартып келеді. Шынын айтқанда заңсыз лотереялардың азаймауына халықтың қызығушылығы да әсер отыр. Психолог Балабек Сақтағановтың айтуынша, қазір қоғам "тез баю" деген ойға саналы түрде алдана береді.

– Психологияның құрылымы өзгермейді. Яғни, адам бәрібір тез арада оңай ақша тауып, байып кеткісі келіп тұрады. Осындай түсінік жан-жақты ойлауға таңдау қалдырмайды. Бәс тігу секілді қайта-қайта лотереяларға қатыса беретіндер бар. Демек, адам мұндайға саналы түрде баратынын көреміз. Екінші жағынан материалдық қажеттіліктер итермелейді. Адамның санасын жаулап алу үшін аса бір керемет техника қажет емес, – дейді маман.

"Сәтті жұлдыз" сәтті қадам ба?

Елімізде 2016 жылы "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" заң қабылданды. Осы заң бойынша, 2017 жылдың ақпан айында бірыңғай оператор таңдалып, сол жылдың қыркүйегінен бастап "Сәтті Жұлдыз" АҚ жұмыс істей бастады. Оған дейін республикада лотерея қызметін жүргізуге 76 компанияға лицензия беріліп келген. Қазақстандағы лотерея ойындарын өткізу операциясын бір өзі иеленген компанияның қаржы айналымы қазір тәуір. Мәселен, компанияның 2023 жылғы дерегіне көз жүгіртсек, ел спортының дамуына 5 млрд теңге, "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына 4,8 млрд теңге аударған. Компания табысының 10 пайызын спортқа бағыттауға міндеттелгенін ескерсек, бір жылдық табысы 50 млрд-қа жуықтағанын аңғару қиын емес. Құптарлық іс, дегенмен бір елдің лотерея өткізу саласын түгелдей бір компанияға тапсырып, монополия жасау қаншалықты заңды екенін білмейміз.

Спортқа немесе әлеуметтік салаға қаржы құю әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар. Мысалы, Ұлыбританияда бірыңғай оператор спортты дамытуға жыл сайын 500 млн доллар көлемінде қаражат бөледі. Тиімділігі сол, 1996 жылы өткен Олимпиада ойындарында Англия құрамасы 1 алтын медаль алса, 2016 жылғы кезекті ойында 26 алтын алған.

Ал Испанияда лотерея компаниялары мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қаржылай көмек жасап тұруға міндеттеме алған. Бұл процестің қалыпты жағдайға айналғаны сонша, испандықтар лотерея ойнауды қайырымдылық шарасына қатысу деп түсінеді, яғни халық билеттен түскен ақшаның едәуір бөлігі мұқтаж жандарға жететініне сенеді. Сол сияқты АҚШ-та лотерея билетін сатудан түскен қаржының 63 пайызы жүлде қорына аударылса, 5 пайызы – ұйымдастырушыларға, 6 пайызы – билет сатушыларға, 26 пайызы қайырымдылық пен білім саласына жұмсалады. Америкада тұрғындарының 80 пайызы лотерея ойнайтындықтан, түсетін түсімнің көлемі едәуір болады.

Тіпті, КСРО кезінде де лотерея мемлекеттің бақылауында ойнатылып, түрлі жобаны қаржыландыруға жұмыс істеді. Мәселен, ойыннан түскен қаражат маскүнемдікке қарсы күреске, үйсіз-күйсіз балаларды қорғауға және сауатсыздыққа қарсы бағдарламаларға жұмсалған. Одақ құлаған соң лотерея көлеңкелі бизнестің шырмауында кетіп, алдау-арбау көбейген соң адамдар оған мүлдем сенуден қалған болатын. Қазір Ресейде лотерея өткізу жұмысы түгелдей мемлекеттік компанияларға тиесілі, жеке компаниялар араласа алмайды. Шамасы, Қазақстанның Туризм және спорт министрлігінің алдында екі міндет тұр. Біріншіден, лотерея өткізу құқығын мемлекеттің қарауына беру. Екіншіден, спорт пен әлеуметтік салаға бөлінетін қаржының көлемін ұлғайту бағыты. Алайда талай сын айтылған "Сәтті жұлдыздан" бұл құзыретті әлі ешкім алып қоя алмайтын іспетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу