Футболдан Еуропа чемпионаты басталған тұста бәс тігушілердің қатары тағы да көбейген болуы мүмкін

1673

Қазір қалалардағы спорт барлары жанкүйерлерге лық толы. 

Футболдан Еуропа чемпионаты басталған тұста бәс тігушілердің қатары тағы да көбейген болуы мүмкін Фото: Объектив Восток

Қоғам лудомания дертіне алаңдай бастағалы Қазақстан билігі букмекерлерді бақылауды күшейтті. Әйткенмен жұмысын толық шектемейді, жарнама жағы тыйылып, ойыншылардың бәс тігу деректері мемлекеттік органдарға беріліп отырмақ. Алайда бұдан жақсы нәтиже күтуге бола ма?

Букмекер азайғанмен, бәс тігушілер көбейді

Елдегі букмекерлер жыл сайын мемлекет бюджетіне 100 млрд теңгеден астам қаржы құяды. Бұдан бөлек, спорт түрлеріне демеушілік етіп, трансляцияларды ұйымдастырып, жарыстар өткізеді. Бір қарағанда бәрі керемет, алайда бәс тігу дендемеген сала қалмағандай.

Кейінгі жылдары елімізде мемлекеттік қызметшілерді, әскерилер мен полицияларға тексеріс жүргізіліп, кейбір мекемелерде букмекерге тіркелген қызметкерлердің үлесі 50 пайыздан асып кеткені анықталып жатты. Көпшілігі жұмыстан айырылмау үшін аккаунттарын өшіріп әлек. Осылайша, биліктің букмекерлермен күресі белсенді өрби бастады.

2023 жылғы есеп бойынша, Қазақстанда барлығы 6 казино, 10 ойын залы, 21 букмекерлік кеңсе мен 8 тотализатор ресми тіркелген. Дегенмен үкімет бұлардың санын қысқартуға мүдделі. 2021-2023 жылдар аралығында елдегі букмекер саны 2 еседен көп қысқарған.

Мәселен, 2021 жылы 38 болса, былтыр 16 болды, іс жүзінде жұмыс істеп тұрғаны – 12. Әлі де лицензиялары қарауға ілігіп жүргендері бар. Биылдан бастап мемлекеттік органдарға бәс тігушілердің дерегін беруге келіспеген букмекерлердің лицензиясы бірден тартып алынады. Оның үстіне шетелдік букмекерлерге де осы талап қойылды. Бұның маңызы не деуіңіз мүмкін, біріншіден, мемлекет азаматтардың қанша пайызы қанша мөлшерде бәс тігетіні туралы нақты деректерге қол жеткізе алады, екіншіден, букмекерлер бұрынғыдай табысын жасыра алмайды. Әйтпесе ақша айналымы трлн-дардан асатын олар салықты аз төлеу мақсатында табысын жасыруы мүмкін деген күмән болған.  

Былтыр ойын бизнесі және лотерея қызметі саласындағы заңнамаға өзгерту енгізуді қолға алған Мәдениет министрлігі жоспарының біршама бөлігін орындады деуге негіз бар.

Ойыншылардың деректерін алудан бөлек, теледидардан бастап қала көшелеріндегі баннерлерде бұдан былай букмекер жарнамасы тұрмайды.

Ең бастысы, Туризм және спорт министрлігіне қарайтын Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті құрылмақ. Яғни, үкімет саланы түгелдей бақылауға алуға кіріседі. Біздің болжамымыз бойынша, елде букмекерлер түгел жабылмайды, бірақ саны біршама азайып, бәс тігушілер үлкен жауапкершілік алуы мүмкін. Қазір оның үстіне бәс тігуден ерікті түрде бас тарту тетігі де шықты. 

Ал Парламент Мәжілісінің депутаттары мен үкімет мүшелері осынша шектеудің себебі ретінде лудоманияның қоғамға қауіп төндіруін алға тартып отыр. Деректерді нақтылау қажет, десек те депутаттар елде ажырасудың 40 пайызы лудоманияның кесірінен болғанына сенімді. Соның бірі – Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.

– Былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен. Қазір құмар ойындары жылжымайтын мүлік нарығын басып озды. Кейінгі екі жарым жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайтыны немесе құмар ойындарына қандай да бір қатысы бары анықталған. 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған, – дейді ол.

Оның айтуынша, 2022 жылы елімізде 3 676 адам өзіне қол жұмсаған. Әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Сонымен қатар қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болған. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады. Тіпті, мектеп оқушылары да ойынға қатысып, бәс тігеді. Олардың ересек туыстарының атынан тіркеліп, ойнау фактілері жиілеген.

Лудоманияны емдейтін методика жоқ

Қоғамда лудомания дерті көбейе бастаған тұста бұған қатысты түрлі ем жүргізетін мамандар бой көрсетуде. Процесс өте күрделі, сондықтан оның қиындығын психологтар еңсере алмай жатады. Кейде оның зардабы есірткіге тәуелділік пен алкоголизмнен асып түсетінін естиміз.

Танымал психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, көп жағдайда аталған дертті емдеу мүмкін емес, сондықтан алдын алу ісіне көңіл бөлген жөн.

– Қазір лудоманияны толықтай психологиялық потологияға жатқызамыз. Әрине, букмекерге тіркелгендердің бәрін азарт санауға болмайды, ермек үшін ойнайтындар барын жасырмауымыз керек. Бұл мәселе неге қазір қоғамда күрделі фазаға өтті? Бұрын азарттық ойындар шектелген, белгілі бір топ үшін ғана қолжетімді еді. Қазір кез келген адам онлайн тіркеліп, ойнай алады. Менің ойымша, лудоманияның алдын алуда букмекерлердің өздері ойыншыларға рисктердің барын, қолайсыз салдары болуы мүмкін екенін ашық ескертуі қажет. Яғни, бірінші кезекте ақпараттандыру, сауаттандыру ісі. Екіншіден, банктерден кредит алғанда рискті бағалайтыны секілді букмекерлерде жаңадан тіркелген ойыншыларды курстан өткізіп, психологиялық тесттер ұйымдастырғаны абзал, – деді маман.

Психологтың сөзінше, лудомания жаңа ғасырдың ауруы саналады, емдеу ісінде нақты методика, сапалы әрі білікті психологтар жоқ.

Бейресми деректерде лудомания бойынша ем алғандардың тек 3 пайызы ғана айыққаны айтылады. Емнен соң ерік-жігерін жинап, өмірге көзқарасы өзгеріп кеткен адам бірнеше айдан кейін қайтадан ойнап бастап жүреді екен.

Бұл мамандардың жеке тәжірибесінен аңғарылған, демек, лудоманиядан айығып кететіндер өте сирек.

– Бұл тұста букмекерлерге әлеуметтік-қоғамдық жауапкершілік жүктеу керек. Саладағы ақша айналымы өте көп, салықтан бөлек жыл сайын лудомандарды емдеуге, психологтарды шетелде оқытуға ақша бөлсін. Қоғамдық шараларға демеуші болмасын, себебі адам көп жиналатын спорттық шараларда олардың жарнамасы қаптап тұр. Халықтың осал тұсын тапқан, спорттық эмоцияға берілген адам бәс тігуге жақын. Есесіне олар ақшаны Спорт қоры секілді ұйымдарға аударып, шараны сол қорлар ұйымдастырсын. Бір нәрсені ескерген абзал, букмекерлерді жауып тастаған күннің өзінде азарт жойылмайды, адамдар бәрібір заңсыз жұмыс істейтін немесе шетелдік букмекерлерді тауып алады, – дейді ол.

Бәс тігу мәдениеті жетіспейді

Расын айтқанда, бәс тігу әлемнің көп елінде бар үрдіс. Бірақ дамыған елдерде оның өзінше мәдениеті қалыптасқан. Бәс тігуші өзінің сүйікті командасына жанкүйер болып, соған ғана ақшасын қояды. Біздегідей бас алмастан әлемнің әр түкпіріндегі сайыстарға телміріп отырмайды. Басты мақсат – тек көңіл сергіту ғана.

Мәселен, IT маман әрі блогер Аршат Ораз букмекерлерге тәжірибесіз ойыншылар жем болатынын жеткізді.

– Ірі жарыстар кезінде бәс тігушілер саны көбейеді. Букмекерлер түрлі акциялар жасап, жұртты қызықтырады. Бұлай болуы заңды деп ойлаймын. Өйткені спортты бәс тігіп тамашалығысы келетіндер көп. Шынында бәс тігу арқылы кәсіпқой деңгейде ақша табуға болады, бірақ ұзақ мерзімде. Сондықтан тәжірибесіз ойыншылар букмекерлерге жем болады. Оның үстіне несие, қарыз алып немесе соңғы ақшасына ойнайтындар бар. Тәжірибелі ойыншылар ойынға арнаған бюджетінің 5-10 пайызын ғана қояды, оның өзінде тек ординар, яғни, дара бәстерге. Қаржыны басқаруы және бақылауы мықты. Өз лимиттерінен асырып ақша тікпейді. Бұған бір инвестиция ретінде қарайды. 25-30 пайыз табыс жақсы болып есептеледі. Ал тәжірибесіз ойыншылар бар ақшаларын салып, үлкен коэффициентті экспрестерге тігеді, аз уақыттың ішінде көп ұтқысы келеді, – дейді ол.

Қанша жерден тосқауыл қоюға тырысқанмен, бәс тігушілер айтарлықтай азаймасы анық, әр адамның өз еркі бар. Дегенмен осы сауық түрін кәсіпке айналдырамын деп көптеген адамның зиян шегіп жатқанын жасырмаймыз. Шамасы, лудомания Қазақстан қоғамындағы ең үлкен мәселелердің біріне айналды деп есептеуімізге негіз бар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу