Мас жүргізушінің қасында отырған жолаушыларды да жазалау ұсынылды

2978

Мереке күндері "жынды суған" тойып алып, көлік айдайтындар көбейеді.

Мас жүргізушінің қасында отырған жолаушыларды да жазалау ұсынылды Фото: canva.com

Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі жол апаттарын азайтуға бағытталған әлемдік тәжірибені мұқият зерделеп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарына Ішкі істер министрі Ержан Саденов хабарлады.

Ол Азаматтық кодекске сәйкес көлік құралы жоғары қауіптің көзі болып табылатынын еске салды. Олар әсіресе, халық той тойлайтын, кейбірі ішімдікке салынып, шектен тыс "думандататын" мейрам күндері тіптен қауіпті бола түседі.  

"Автокөлікті мас күйде басқару тек жүргізушінің өзінің өмірі мен денсаулығына қауіп келтіріп қана қоймай, сондай-ақ жол жүрісінің заңға бағынатын басқа қатысушыларына қатер төндіреді. Бір ғана жылда полиция қызметкерлері мас адамдардың көлік жүргізуінің 28 801 фактісін анықтады. Автокөлікті мас күйде басқарған адамдардың кінәсінен 472 жол апаты болып, 98 адам қаза тапты, 716 адам жарақат алды", – деді Ержан Сапарбекұлы.

Министр мас жүргізушілердің қатысуымен болған атышулы оқиғалар ел арасында кең қоғамдық резонанс тудырып, халықтың ашынысына себеп болғанын еске салды. Содан халық жазаны қатаңдатуды талап етеді. Өйткені таяуда бір топ Мәжіліс депутаты бұл үшін жазаны керісінше, жеңілдетуді сұраған болатын.

Мәселен, елімізде ішімдікке сылқия тойып алып, машина айдағандар, тіпті адам шығынына соқтырған жол апатына себеп болғандар арасында полицейлер, әкімдер, шенеуніктер және басқа да лауазым иелері әшкереленіп жатады.

Алматыда мас жүргізуші бірден 3 көлікпен соқтығысып, салдарынан 2 адам қайтыс болды, 6 адам жарақат алды. Биылғы жылы Қарағандыда жүргізуші мас күйінде бірден 5 көлікті қағып кетті. Зардап шеккен 29 жастағы қыз екі аптадан кейін ауруханада бақилық болды.

ІІМ басшысының айтуынша, соңғы рет 2020 жылы Президенттің тапсырмасымен бұзушылықтың осы түрі үшін жауапкершілік қатайтылған. Мысалы, егер жауапсыз әрі жауыз жүргізуші әлгі қылмысын қайталаса, ол үшін қылмыстық жаза енгізілді.

Министр 2019 жылдан бері Қазақстандағы автопарктің саны 33%-ға – 4,2 миллионнан 5,6 миллион көлікке дейін көбейгенін, бұл ретте жолы кесілген бұзушылықтардың үлесі де 33%-ға – 2,9 миллионан 3,8 млн хаттамаға дейін өскенін жеткізді.

Сондай-ақ, қабылданған шаралар нәтижесінде мас күйінде автокөлікті басқару фактілерінің саны 14%-ға – 28 801-ден 24 786 фактіге дейін азайыпты. Бұған қоса, жүргізу құқығынан айрылған адамдардың мас күйде рөлді қолға алуы 2 есе – 2 510-нан 1 276 фактіге дейін кеміді.

Дегенмен, Ішкі істер министрлігі қол жеткенге тоқтап қалмақ емес. Заң бұзуға қатысты тежеуші сипатқа ие және тиісті дәрежеде профилактикалық әсер ететін тетіктерді іздеуде.

ІІМ басшысы шет елдердің тәжірибесін талдау бірқатар озық елдерде қатаң жауапкершілік қарастырылғанын көрсеткеніне назар аудартты.

"Мәселен, Жапонияда мас жүргізушіге айтарлықтай айыппұл салынып, түрмеге жабылады. Онымен шектелмей, мас жүргізушімен бірге сапарлауға келіскен жолаушыларға айыппұл салынады. Малайзияда да отбасылық жауапкершілік қарастырылған: онда мас жүргізушілермен бірге олардың жұбайлары қамауға алынуы мүмкін. АҚШ-тың Иллинойс штатында өмір бойы жүргізуші куәлігінен айыру, түрмеге қамау және айыппұл қарастырылған", – деді Саденов.

Көрші Қытайда мастар 5 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылады. Алайда, егер мас күйінде рөлге отырып, оның соңы ауыр апатқа соқтырса, жүргізуші өлім жазасына (!) кесіледі. "Жанға жан, қанға қан" қағидаты қолданылады.

"Одақтас" Беларусьте бір жазаланған соң алкогольді қайтадан тұтынып, көлік айдаса, жүргізушінің машинасы тәркіленіп, мемлекеттің меншігіне алып қойылады, сатылып, кірісі бюджетке аударылады.

Осылайша, Ішкі істер министрінің айтуынша, аталған елдерде мас күйінде автокөлікті басқару үшін жаза қатаң және ол жол берілген бұзушылыққа мөлшерлес, сайма-сай болып табылады. Сондықтан Қазақстан да соған ұмтылған жөн.

"Бұл қоғамда заңға қатаң бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға және "Заң мен Тәртіп" қағидатын сақтауға ықпал етеді деп санаймыз! Оның үстіне 2023 жылғы 27 қазанда Конституциялық сот №34-НП нормативтік қаулысымен "ӘҚБтК-нің 608-бабының бірінші бөлігі Конституцияға сәйкес және азаматтардың қандай да бір құқықтарын бұзбайды" деп таныды. Осыған байланысты ІІМ қолданыстағы санкцияларды сақтау мақсатқа сай деп ұйғарымға келді", – деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Айта кету керек, Мәжілістегі "Ауыл" партиясының фракциясы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің аталған 608-бабына таяуда түзетулер енгізуге ниетті екенін жариялаған болатын.

Бұл бапқа сәйкес, "жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру – 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді".

"Бірқатар азаматтар бұл баптан теріс салдарлар туындағанын айтып жүр. Мас күйде көлік басқарғаны үшін оны 7 жылға жүргізу құқығынан айыру – әлемдегі ең қатал санкция саналады! Бұл жерде аталған норма ЖКО-ның жоқтығы, қандағы алкогольдің төмен деңгейі сияқты құқық бұзушылықтың ауырлығы дәрежесін ескермей, бәрін бірдей жазалауды қарастырады. Бұзушылықтың дәрежесіне қарай ажыратып, градациялау деген жоқ, әкімшілік соттар 608-ші бап бойынша істерді үстірт қарайды. Мұнда басты дәйектеме – медициналық қорытынды ғана", – деді мәжілісмен Николай Арсютин.

Оның айтуынша, әсіресе, жүргізуші болып жұмыс істейтіндер, бульдозершілер, краншылар, таксишілер, алысқа жүк тасушы-дальнобойщиктер, курьерлер бұл жаза кесірінен табыс көзінен айрылады, отбасы қаражатсыз қалады.

Еңбек министрлігінің дерегінше, елде шамамен жарты миллион адам такси мен жеткізу саласында қызмет етеді. Депутат олардың бәрі мейрамды мерекелеуден тыс қалады деп қамығады.

"Шектен тыс қатаң жаза полиция қызметкерлері тарапынан құзыретін теріс пайдалануға алғышарт түзеді. Бұл туралы өз шағымдарында қазақстандықтар жазуда. Мас күйде болуды анықтау әдістерінің шынайылығы да сын тудырады. Алкоголь немесе есірткі тұтынуға тестілеу кезінде қателіктер кетуі мүмкін. ІІМ Әкімшілік полициясы комитетінің төл мәліметінше, бұл жаза түрі енгізілгелі 200 мыңнан астам адам осы баппен сотталған. 2022–2024 жылдары жалпы саны 62 317 жол-көлік оқиғасы болса, соның 1 266-сын ішімдікке мас жүргізушілер жасады", – деді Арсютин.

Ол мысалы, Германияда жазаның әртараптандырылған шаралары қолданылатынына назар аудартты. 0,5‰ (промиллеге) дейінгі алкоголь табылса, айыппұл салынады. 0,5-1,1‰-ден асса, айыппұл және жүргізуші куәлігінен уақытша айыру көзделген. 1,1‰-ден асып кетсе ғана қылмыстық жауапкершілік қолданылады.

Ішкі істер министрлігі жолда мас жүргізушілердің аз ұсталуын "өз пайдасына" жатқызды. Өйткені полицейлер басқа меморгандармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, жол жүрісі қауіпсіздігін бұзудың профилактикасы бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізеді екен. 

Мас күйде жүргізуден келетін қауіпті түсіндіру бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысы ұйымдастырылады.

Ал, депутаттардың медициналық куәландырудан өту қателіктеріне қатысты айыптауына Денсаулық сақтау министрлігі жауап қатты.

"Мұның тәртібі ДСМ-нің 2020 жылғы 25 қарашадағы №ҚР ДСМ-203/2020 бұйрығымен бекітілген "Психикалық белсенді затты пайдалану фактісін және мас күйін анықтау үшін медициналық куәландыру жүргізу қағидаларымен" реттеледі. Мәселен, азаматтардың медициналық ұйымды таңдау құқығы, қайта медициналық куәландырудан өту (бастапқы куәландырудан кейін 2 сағат ішінде) құқығы бар", – деп түсіндірді Денсаумині.

Ведомствоның хабарлауынша, медицина қызметкері түпкілікті шешімді "тек мас болудың клиникалық көрінісі, ағзаның жеке ерекшеліктері, эмоционалды және физикалық жағдайы және басқа да жайттар жиынтығы бойынша шығарады".

Өз кезегінде ІІМ жүргізушілерді қауіпсіз жүргізуге қосымша ынталандыру үшін жаңа алдын алу шараларын талқылауға дайын екенін білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу