Мемлекет шаңғылы курорттарға субсидия төлемекші

7645

Аспалы жолдар, жасанды қар түзу жүйесі, қар тығындау техникасы. Субсидия тағы қандай қондырғыларға беріледі? 

Мемлекет шаңғылы курорттарға субсидия төлемекші

Мәдениет және спорт министрлігі елімізде таудағы шаңғы туризмін дамыту үшін осы салаға маманданған курорттарға қымбат жабдықтар мен техника сатып алуға кеткен шығынның төрттен бірін бюджет есебінен өтеп беруді ұсынып отыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Ведомство сайтында "Кәсіпкерлік субъектілерінің тау шаңғысы курорттарына жабдықтар мен техника сатып алу шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын бекіту туралы"  министр бұйрығының жобасы жарияланды.

Бұйрықтың қалай іске асатыны және күшіне енгенше қаншалықты осы қалпын сақтайтыны белгісіз. Дегенмен, көтеріліп отырған бастаманың, ондағы қадағалау тетіктерінің ақылға қонымды екенін айтқан жөн. Еліміздің таулы өңірлерінде қар қарашаның ортасында түсіп, сәуірге дейін жататыны белгілі. Қыстың ұзақтығын, таулардың көркем табиғатын турист тартуға пайдаланбау өркениеттен үмітті ел үшін кешірілмейтін қателік болар еді. Министрлік ұсынып отырған бұйрық жобасын осы қателікті түзетуге арналған көп шараның бірі деп қабылдауға болады.

Жалпы Орталық Азиядағы ландшафтың таудағы шаңғы туризмін дамытуға өте қолайлы екенін бүкіл әлем біледі. Бірақ соны ұқсатып, турист тарту ісінде аймақтағы елдер икемділік таныта алмай отыр. Соның ішінде кейінгі 15 жыл бойында қандай саланы болсын дамытуға қаржылық мүмкіндігі болған Қазақстанның жағдайы қазір әрі-сәрі күйде. Бұрынғыдай мұнайдан түсіп жатқан көл-көсір ақша жоқ. Оның үстіне экологиялық туризмге ақша салғысы келетін инвесторлар мен табиғат жанашырлары жиі қақтығысып қалып жүр. Көкжайлау, Бозжыра сияқты бірегей орындарды "туристік жұмаққа айналдыру" идеясының халық қарсылығына тап болуы осыны көрсетеді. Жемқорлық жайлаған елде экологиялық туризм талапқа сай дамитынына еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін сенбейтін болған.

Көкжайлауға шаңғы курортын салмақшы болған инвестордың о бастағы мақсаты да халықты үркітіп тастаған болатын. Аустрия, Швейцария, Франция, Италия, Норвегия  сияқты сервисі дамыған елдер тұрғанда, одан қалса Ресей бар кезде Қазақстанға еуропалық туристерді тарту қиынға соғатыны бесенеден белгілі жайт. Соны ескерсе керек, инвестор Көкжайлауға туристердің негізгі ағыны Үнді елі мен Қытайдан келетінін айтқан болатын. Елдегі еңбек дауларының көбі шетелдіктердің жергілікті жұмысшылардан әлдеқайда көп айлық алуына байланысты туындап жатады. Бұл елге жат мемлекеттен нәпақа іздеп келген қарапайым жұмысшының өзі жергілікті халықтан әлеуметтік тұрғыда жақсы қорғалғанын көріп отырған халық "ертең қалтасында ақшасы бар туристер қаптаса күніміз не болады" деген үрейден арыла алмай отыр. Мұның бәрі туризмге ақша салғысы келетін инвесторды ойландырмай қоймайды.

Бірақ Мәдениет және спорт министрлігі шегірткеден қорқып, егін екпей қоюға болмайтынын түсініп отыр. Сондықтан болса керек, тауға шаңғы курортын салғысы келетіндерге қондырғы алуға субсидия төлемекші.

Құжат жобасында ол субсидия мынадай шығындардың бір бөлігін өтеуге бағытталатыны айтылған.

- аспалы жолдар (травелаторлар (таспалы көтергіштер),

- бугель (ілмекті көтергіш),

- арқанды-креслолы жол,

- кабина түріндегі гондольды жол,

- әмбебап жол (құрамдастырылған жол (креслолары бар кабина),

-  бэби-лифт (ілмекті көтергіш);

- жасанды қар түзу жүйесі (ұтқыр (тасымалданатын),

- стационарлық, қар мылтықтары мен зеңбіректер);

- қар тығындау техникасы (ратрактар).

Бұйрық жобасы мақұлданса, аталған субсидия тек 2022 жылдың 1 қаңтарынан кейін алынған жабдық пен техникаға төленеді. Қондырғы сатып алған курорт иесі субсидияға өтінімді 2 жылдың ішінде беруге тиіс. Одан кешіктірілген жағдайда өтінім қабылдандайды. Ал сатып алынған жабдық пен техниканың шығарылған жылы өтінім берілген кезеңде 3 жылдан аспауы керек.

Субсидияның көлемі алынған техника құнының 25 пайызынан аспауы керек. Бұйрық жобасында тағы бір маңызды шарт бар. Курорт иесі сатып алған қондырғысына мемлекеттен субсидия алған болса, оны 5 жылдың ішінде иелігінен шығара алмайды. Яғни, өзгеге сатуға хақысы жоқ. Егер  бұл талап бұзылса, мемлекет инвесторды сотқа беріп, төленген субсидияны қайтартуға қам жасауға міндетті.

Орталық Азияда таудағы шаңғы туризмін дамытуға ең қолайлы ел Қырғызстан деп есептеледі. Аумағының 40 пайызын биік тау алып жатқан бауырлас ел осы мүмкіндігін жақсы білгендіктен, 1996 жылдан бері салаға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіп келеді. Алайда елдегі саяси тұрақсыздық мұнда әлеуетті инвесторлардың келуіне кедергі. Билік ауысқан сайын табыс көзі саналатын активтер түрлі қолға өтетінін инвесторлар көріп отыр. Қырғызстан таулары қанша биік болғанымен, соңғы жарты ғасырда мұздықтардың талайы еріп, бір кездері шаңғылы курорт болған талай орындар қаңырап қалды. Төңкерістен-төңкеріске дейін деп өмір сүретін жергілікті халықтың сатып алу қабілеті де төмен. Бұл ішкі туризмді ақсатып тұр. Осы жайттың бәрін ескерсек, Қазақстанда  таудағы шаңғы туризмін дамытудың теориялық тұрғыда мүмкіндігі мол. Ал оны практикалық тұрғыда іске асыру оңай болмайтыны анық.

Қытайдың Чанчунь қаласында Қысқы Олимпиада ойындарынан кейін таудағы шаңғы туризмі қатты дамыды. Кейін сарапшылар оның экономикаға әкелген пайдасын есептеген болатын. Шаңғы жолағына адам таситын аспалы жолдың құрылысына салынған әрбір доллар курорт иесіне 5 доллар болып қайтқан. Ал экономикаға 15 доллардың импульсін берген.

Туризмнің әлеуеті туралы әңгіме болғанда Аустрияның шаңғылы куроттары мен Түркияның теңіз жағасындағы курорттарын жиі салыстырып жатады. Пандемияға дейін Түркияның  жағажайларына жылына 25 миллионға дейін турист келіп тұрған көрінеді. Ал Аустрияның шаңғылы курорттарына келушілердің саны 21 млн адамға жеткен. Түркия жағажайға келген 25 млн туристен жылына 27 млрд доллар пайда тапса, Аустрия тауға келген 21 млн туристен 30 млрд доллар кіріс кіргізген.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу