Мемлекеттік қолдау арқасында Қазақстан бидай экспортынан рекорд орнатты

3400

Үкімет ішкі нарықты ресейлік сұр импорттан қорғауын жалғастырды. 

Мемлекеттік қолдау арқасында Қазақстан бидай экспортынан рекорд орнатты Фото: inbusiness.kz

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, отандық экспорттаушылар жаһандық нарықтарға бидай жөнелту жөнінен биылғы маусым айының қорытындысында тарихи рекорд орнатты,  деп жазады inbusiness.kz. Атап айтқанда, биылғы маусымда 614,1 мың тонна бидай дақылдары шетелге өткізілген. Мұндай рекордтық ауқым 2012 жылдан бері болмапты. 

Тұтастай алғанда, былтырғы маусымнан бері осы экспорт ауқымы бірден 1,9 есе артты. Бұл ретте еліміздің импорттаушыларының басым көпшілігі қазақстандық жұмсақ бидайды сатып алу көлемін күрт арттырды:

  • Түркия – 2,5 есеге: 9 мыңнан 22,9 мың тоннаға дейін;
  • Қытай – 1,2 есеге: 77 мыңнан 96,3 мың тоннаға дейін;
  • Тәжікстан – 1,2 есеге: 66,8 мыңнан 79,2 мың тоннаға дейін;
  • Түрікменстан – 1,6 есеге: 45 мыңнан 74,3 мың тоннаға дейін;
  • Әзербайжан  – 1,1 есеге: 2,9 мыңнан 3,3 мың тоннаға дейін;
  • Иран – 6,5 есеге: 2,9 мыңнан 19,4 мың тоннаға дейін.
  • Сонымен бірге 198 тонна алғашқы бидай партиясы Нидерландыға жеткізілді.

Дегенмен, үш ел қазақстандық астық сатып алу көлемін азайтты:

  • Өзбекстан – 1,4 есеге: 395,1 мыңнан 273 мың тоннаға дейін;
  • Италия – 1,9 есеге: 19,5 мыңнан 9,9 мың тоннаға дейін;
  • Ауғанстан – 3 есеге: 12,7 мыңнан 4,1 мың тоннаға дейін.

Алдағы айларда бұл елдерге экспорт қайтадан өседі деп күтілуде.

Бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлерінде жаңа егінді ору науқаны басталды. Алайда әлемнен оқшауланған Ресейлің қамбасындағы былтырғы мол әрі арзанқол астық биыл қазақстандық ішкі нарыққа қысым көрсетті. Салдарынан қазақстандық бидайдың бағасы күрт құлдырап кетті.

Мемлекет оған тосқауыл қоятын шаралар қабылдауда. Алдымен Қазақстан биылғы сәуірде РФ бидайын автокөлікпен әкелуге тыйым салды. Бірақ теміржолмен тасылатын көлемі қарқынды өсті. Сондықтан оны да шектеуге шешім қабылданып жатыр. Мемлекет оның контрабандасымен күрес бағытында да қатаң шаралар енгізді.

Бұл шаралар өз нәтижесін беруде. Қаржылық мониторинг агенттігі өткен аптада Павлодар облысында ірі көлемдегі ресейлік бидайды қазақстандық өнім ретінде экспорттаудың сұр схемасын әшкерелегенін мәлімдеді. Осы мақсатта жалған келісім-шарттар жасасу жолға қойылған.  Анықталған азамат 2021-2022 жылдар аралығында 26 мың тонна ресейлік бидайды Орталық Азия елдеріне: Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстанға қазақстандық өнім деп жазылған жалған шот-фактуралар бойынша 1 миллиард теңгеден астам сомаға экспорттаған. Осылайша, жалпы сомасы 460 млн теңгені құрайтын халықаралық транзиттік тариф бойынша тасымалдау төлемдерін төлеуден жалтарған. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу аяқталды.

"Адал ауыл шаруашылығы өндірушілерінің мүддесін қорғау мақсатында бидай өткізуге қатысты жалған шот-фактураларды заңсыз беру фактілерінің жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тек соңғы бір жарым жылда Павлодар облысында 5,4 миллиард теңгеден астам сомаға жалған шот-фактураларды бергені үшін 5 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады агенттік.

"КТЖ-Жүк тасымалы" басшысының орынбасары Нұржан Келбұғановтың айтуынша, ағымдағы маркетингтік жылда, яғни 2022 жылғы қыркүйектен бастап, 2023 жылғы маусым аралығында ел ішінде бидай тасымалы 29%-ға, ал экспорт 33%-ға өсті. Ол тоспа қойылғанға дейін РФ астығы орасан қор қарқынмен өскенін жеткізді.

Фото: rail-news.kz

"Ресейден астық импорты биыл былтырғыдан бірден 50% немесе 500 мың тоннаға артып шыға келді. Негізі, соңғы бірнеше жылда бидай импортының ұлғаюы байқалуда. Тек былтырдың өзінде біз солтүстік көршіден 1,5 миллион тоннасын қабылдадық. Бұл ретте адал емес жүк жөнелтушілердің жүктердің жасырын транзиті және қазақстандық бидай атын жамылып, ресейлік өнімді сату схемаларын қолданатыны белгілі. Бұл фактор отандық өндірушілерге кесірін тигізу сыртында "Қазақстан темір жолын" транзиттік тасымалдан табатын табыстарынан айырады", – деді Нұржан Келбұғанов.

Биылғы бірінші жартыжылдықта ғана теміржолдармен елге 1 миллион тонна ресейлік бидай әкелінген. Бұл жерде Қазақстан өзге елдің осынша көлемдегі бидайына зәру емес. Сондықтан ол бидайды артынша елдегі алаяқ кәсіпкерлер құжат жүзінде "отандық бидайға" айналдырып, ары қарай шетелге сататыны даусыз. Бұл үшін тіпті астықты вагоннан түсіріп, қайта тиеудің де қажеті жоқ. Ол сол күйі Өзбекстанмен арадағы шекараға жетеді. Егер ресейлік бидай Қазақстан арқылы өзге елдерге ресми өткенде, онда Қазақстанға транзиттік тарифті және өзге де алымдарды төлейтін еді.

Әсіресе, көршіден бидай тасу белсенділігі сәуір айында еселеп артқан: бұған жүк автокөліктерімен әкелуге тыйым салынуы ықпал етті. Бүгінде теміржолмен ресейлік астықты жеткізуге толық тыйым салынбағанымен, Үкімет сұр экспортпен, контрабандамен күресіп жатыр. 

Фото: eldala.kz

"РФ арзан астығы экспорттық бағаларды құлдыратты. Біз есептемелер жасадық: егер Ресей ресми түрде экспорттағанда, яғни елімізге экспорттық баж салығын, транзиттік тарифті төлегенде, онда оның бидайының 1 тоннасының бағасы Сарыағашта 280 доллар тұратын еді. Ал Қазақстанда 220–230 доллардан сатылуда. Алапат демпинг жасауда. Ендеше ол төлемдерді төлемеген деген сөз. Мұнымен түбегейлі, қатаң күресу керек", – деді Қазақстан астық өңдеушілер одағының президенті Әлихан Талғатбек.

Мемлекет отандық өндірушілердің, экспорттаушылардың және трейдерлердің пікіріне құлақ асып отыр. Импортты бақылауды күшейту шаралары пысықталып жатыр.

Мәселен, сарапшылардың байламынша, еліміздегі РФ бидайын ипорттаушылардың, яғни астық өңдеуші кәсіпорындардың, құс фабрикаларының, ұн тартушы диірмендердің және басқа кәсіпорындардың тізімін жасап, олардың астыққа деген шын қажеттіліктерін, бидайды өңдеу қуаттылықтарын бақылаған жөн.

Егер олар өздері өңдей алатын, тұтынатын көлемнен бірнеше есе көп мөлшерде ресейлік астықты алғызса, онда жасырын транзиттің көлеңкелі схемаларына тартылған деген сөз. Өйткені сонша астықты сақтайтын орны да жоқ. Оны сақтау ниеті де жоқ: заңдастырып, шекарадан әрі асуына делдал болады.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы Ауыл шаруашылығы министрлігінен тиісті тізімді сұратыпты. Бұл тәсіл бойынша ҚТЖ ресейлік астықтың импорттық жеткізілімдері жоспарын АШМ ұсынатын өңдеуші кәсіпорындар тізіміне сәйкес келтіретін болады.

Қазақстан астық одағының басшысы Нұрлан Оспанов көршінің бидайын автокөлікпен тасуға тыйым 10 қазанда бітетініне назар аудартты. Ары қарай Үкімет оны ұзарта алса, жөн.

Өйткені сол кезде  Қазақстанда да, Ресей де де жаңа астық қамбаға құйылады. Көршіден астық артылған алып жүк көліктерінің керуені қайтадан тоқтаусыз тасқындауы мүмкін. Оның үлкен көлемі заңсыз импортқа, контрабандаға айналып шыға келмек.

Оның үстіне елге кірген РФ астығы қазақстандық астықпен араластырылып, сатылуы мүмкін. Онда оның ұштығы да табылмайды. Сондықтан Ресей бидайының елге кез келген көлікпен тасылуына мораторий енгізген де артық болмас еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу