Металл қоры сарқылса, мұнай мен уранға кіріптарлық күшейеді

6012

Геологтар тәуелсіздіктің 30 жылында 135 кен орнын анықтапты.  

Металл қоры сарқылса, мұнай мен уранға кіріптарлық күшейеді

Мемлекет кен барлау ісіне инвесторларды тарту үшін жер қойнауын пайдалану тәртібіне түзету енгізбекші, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде "Қазақстанның геология саласын дамыту" тақырыбында баяндама жасаған болатын. БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген кезінде министрдің орынбасары саладағы талай проблеманың астарына үңіліп, мемлекеттік саясаттың қалай бағыт алып бара жатқанын түсіндірді.

Ведомство өкілі мұнайлы өңірлердің тұрғындарын қоршаған ортаға зиян келтіретін мұнай ұңғымалары анықталған бойда көзі жойылып тұратынын айтып сендірді.  

"Қоршаған ортаны ластайтын апаттық жағдайдағы мұнай ұңғымаларын жою үшін соңғы 10 жылда 132 апаттық мұнай ұңғымасы анықталды. Оның 126-сы мемлекеттік бюджет есебінен жойылды. Тағы 6 ұңғыманы жою қажет. Атап айтсақ, Ақтөбе облысында – 3, Атырау обылсында – 1, Маңғыстау облысында – 2 апаттық жағдайдағы ұңғыма бар. Аталған иесіз ұңғымаларды жою 2023 жылы басталады", - деді Серікқали Брекешев.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, тәуелсіздік алған тұстан бері отанық геологтар ел аумағынан 135 кен орнын тауып, оның игеруге жарамды екенін дәлелдеп шыққан. Осының арқасында кеңес заманынан бері өндірістің тірегі болып келе жатқан алпауыт кәсіпорындардың ғұмыры ұзара түссе керек.

"Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың минералдық-шикізат әлеуетін нығайту және шикізат базасын қамтамасыз ету үшін 1991 жылдан бастап жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері бойынша алғаш рет көмірсутегі шикізатының 135 кен орны, жерасты суларының 99 кен орны, қатты пайдалы қазбалардың 224 кен орны мемлекет меншігіне алынды. Оның ішінде 94 – алтын, 14 – мыс, 19 – марганец кендерінің, 16 – темір кендерінің, 4 – полиметалдардың қоры бар", - деді  министрдің орынбасары.

Бүкіл экономика нарықтық қатынасқа көшкен кезде геология саласы біраз дағдарып қалған болатын. Кеңес заманынан қалған карталардағы ескі мәліметтер бойынша кен қазу 2010 жылға дейін жалғасты. Осыдан кейін ғана геологиялық барлау жұмыстарына ден қойыла бастады. Бірақ біздегі жер қойнауын пайдаланушылар кенді қазғанды жақсы көргенімен, барлауға аса қызықпайды. Айтатын уәждері біреу – барланатын жер меншікке берілмейтіндіктен, ертең кен қоры табылал қалса, ықпалы зор  алпауыттардың уысында кетуі мұмкін деп қауіптенеді. 1991 жылдан бері жер қойнауын пайдаланушылар  өз күшімен жүрбарлау жүргізіп, алтынның – 1,9 мың тонна, уранның – 469 мың тонна, марганец кенінің – 160,7 млн тонна, темір кенінің – 2,9 млрд тонна, мұнайдың – 2,5 млрд тонна, газдың – 506 млрд текше метр, газ конденсатының – 277,2 млн тонна қоры бар екенін дәлелдеп шыққан.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ертіс алабы мен Торғай даласында, Сырдария мен Арал төңірегінде де мұнай қоры болуы мүмкін деп үміттеніп отыр. Жел соқпаса, шөптің қозғалмайтыны белгілі. Мемлекет есебінен жүргізілетін мұнай барлау жұмыстары осы аталған өңірлерге бағытталатын сияқты.

"Елде өндірілетін мұнай мен газдың бәрі 5 бассейнде ғана игеріледі. Олардың ішінде Каспий маңының үлесі орасан. Барлық рерсурстық базаның шамамен 80%-ы Каспий маңына тиесілі. Солтүстік Торғай, Ертіс өңірі, Арал, Сырдария, Шу-Сарысу бассейндерінің де әлеуеті зор деп есептеледі. Бірақ бұл бассейндер аз зерттелген. Олардың нақты әлеуетін зерделеу үшін инвесторларды тартып, мемлекеттік қолдау көрсету қажет", - дейді Серікқали Брекешев.

Осы мақтсатпен "ҚазМұнайГаз" және  "Аджип Каспиан Си Б.В" компаниясымен меморандумдар жасалыпты.  

Мемлекет мұнай барлау жұмыстарына шетелдік компанияларды да ынталандырмақшы. Ол үшін жер қойнауын пайдаланудың тәтібіне түзету енгізуді ұсынып отыр.

"Біз ұсынған тәртіп бойынша инвестор жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізе алатындай айрықша құқық алады. Бұл тәсіл инвестициялардың құқығы неғұрлым жақсы қорғалуын және тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, жер қойнауын мемлекеттік зерттеуді және жеке инвестицияларды бюджеттік қаржыландыруды ұлғайту қажет, бұл пайдалы қазбалардың кен орындарын іздестірудің перспективалық бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді", - дейді министрдің орынбасары.

Кен қорының сарқылуы арқасына аяздай батып отырған өңірдің бірі – Шығыс Қазақстан. Малеев, Снегириха, Тишин, Ертіс, Юбилейный, Риддер-Сокол сияқты кеніштердің түбі көрінген сайын қала құраушы кәсіпорындардың жағдайы қиындап келеді. Кен өндірісіне ғана сүйеніп тұрған Риддер, Серебрянск, Шемонаиха қалалары мен Алтай, Глубокое аудандарының, Белоусовка, Жезкент, Алтайский кенттерінің, тіпті облыс орталығы Өскеменнің де дамуын осы алпауыт кеніштерсіз елестету қиын. Тәуелсіздік жылдарында ашылған кен кәсіпорындары солардың кебін кимес үшін "1 тонна қазсаң, 2 тонна қор дайында" қағидатын ұстану талап етіле бастады.

"Қала құраушы кәсіпорындарды кен қорымен қамтамасыз ету проблемасы қазір өзекті. Басты проблема пайдалы қазбалар қорының баяу толығып жатуында. Геологтар арасында жазылмаған ереже бар. 1 тонна өндірсең, орнын екі тонна қормен толтыру керек. Бүгінде қатты пайдалы қазбаларды өндіру көлемі мен толығудың арасындағы өсу коэффициенті орташа есеппен 0,13, мұнай қорының толығу коэфиценті – 1,5". - дейді Серікқали Брекешев.

Оның айтуынша, елдегі кен қоры ортайып бара жатқанын Қашағандағы мұнайдың қоры білдірмей тұр.

"Бір қарағанда кен барлау ісіндегі өсім жаман емес сияқты. Шындықты қусақ, Қашағанның есебінен ғана  солай болып отыр. Қашаған болмаса, кен қорының толығу коэффициенті 0,9 белгісінде болар еді. Геологиялық барлауға жеке инвесторларды тарту керек. Өйткені жаңа кен орнын ашқаннан кейін оны іске қосу үшін кемінде 10-15 жыл қажет", - дейді вице-министр.

Брифинг барысында Серікқали Брекешев "Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу" бағдарламасы бойынша қанша аумақта кен барлау жұмыстары жүргізілетінін атады

"Ұлттық жоба аясында 500 мың шаршы шақырымнан астам аумақ барланады. Соның арқасында біз геологиялық барлау жұмыстары тереңдете жүргізілетін 295 перспективалы жобаны анықтамақпыз. Сондай-ақ, Ұлттық геологиялық қызмет құрсақ деген жоспарымыз бар. Оның аясында біз бесжылдық инвестициялық жобалар пулын ұсынамыз. Менің ойымша, 20-дан астам осындай жобаны қолға алуға болады. Кен барлау ісіне инвестицияны осы жобалар арқылы тартамыз", - деді ведомство өкілі.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, аталмыш жобаны іске асыру үшін алдағы бес жылда шамамен 165 млрд теңге қаражат керек. Оны министрлік бюджеттен алмақшы.  Соның есебінен 950 млрд теңге инвестиция тартуға болады.

"Яғни, әрбір бюджет теңгесіне шамамен 4-5 теңге жеке инвестиция тартамыз", - деді Серікқали Брекешев.

Өз сөзінде вице-министр уақыт өткен сайын кенге бай өңірлердің картасы қалай өзгеріп жатқанын баяндады. Қымбат металл қоры бойынша Шығыс Қазақстан әлі де алдына жан салмай тұр екен. Ал болашақтың "алтыны" делініп жүрген жерасты суының қоры оңтүстік өңірлерде мол көрінеді.

"Қатты пайдалы қазбалардың қорын есептеу металл пайдалы қазбалардың 37 түрі және бейметаллдың 65 түрі бойынша жүргізіледі. Алтын кен орындарының негізгі қорлары Шығыс Қазақстан облысында – 36%, Ақмола облысында – 21%, Қарағанды облысында – 11% шоғырланған. Мыстың 82% қоры еліміздің Шығыс және Орталық өңірлерінде шоғырланған. Үш мыңнан астам қорғасын-мырыш кен орындары және кен ашылымдары, негізінен, Орталық, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанда шоғырланған", - деді ведомство өкілі. Оның айтуынша, ел аумағында тәулігіне 43 млн текше метр су беретін 4 мыңға жуық жерасты кеніші бар. "Жерасты суының қоры да әр өңірде әрқалай. Барша қордың 50%-ы оңтүстікте, 30%-ы орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде және 20%-ға жетпейтін қоры бастыста шоғырланған", - министрлік өкілі.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу