Миллиардер Турлов пен Фридом Финансқа "ақпараттық шабуыл" жасалуда ма?

3457

Америкалық Hindenburg Research инвестициялық-зерттеу фирмасы "Freedom Holding санкциялық тізімдегі адамдарға санкциялардан ашық жалтаруға көмектесті" деп хабарлады. Холдинг айыптарды жоққа шығарды.

Миллиардер Турлов пен Фридом Финансқа "ақпараттық шабуыл" жасалуда ма? Фото: Getty Images

Отандық Finprom мониторинг агенттігі "Фридом Финанс" және оның еншілес компаниялары бағалы қағаздар нарығын манипуляциялау мақсатында операциялар жүргізді" деген тақырыппен талдауын жариялады. Онда аталған топтың барлық еншілес компаниялары әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны айтылады. Шынында, не болып жатыр?

Биылғы 15 тамызда америкалық Hindenburg Research инвестициялық-зерттеу фирмасы: "Freedom Holding Corp.: санкциялардан ашықтан ашық жалтару, жалған кіріс нышандары және клиенттердің араластырылған қорларына тәуекелді ставкалар" атты әшкерелеуші есебін жариялады.

"Фридом Финанс" АҚ компаниялар тобына "Фридом Финанс Қазақстан банкі" АҚ, "Freedom Finance Life" өмірді сақтандыру компаниясы" АҚ, "Freedom Finance Insurance" сақтандыру компаниясы" АҚ кіреді.

"Бұл компаниялардың қызметін талдай келе, біз Қаржы нарығын реттеу және даму агенттігінің (ҚНРДА) биыл Freedom Finance және оның тобының барлық еншілес ұйымдарына қатысты қадағалау санкциялары мен басқа да ықпал ету шараларын қолданғанын анықтадық. Мысалы, 2023 жылдың 7 ақпанында қаржылық реттеуші "Фридом Финанс" АҚ-ына 3,45 миллион теңге айыппұл салды. Бұған "Бағалы қағаздар нарығына манипуляция жасау мақсатында мәмілелерге әкеп соққан әкімшілік құқық бұзушылық" деген өте жағымсыз бап себеп болды. Бір қызығы, топтың барлық еншілес компаниялары дәл осы баппен жауапқа тартылды", – деп хабарлады Финпром сарапшылары.

Тарата айтқанда, 2023 жылы бағалы қағаздар нарығында манипуляция жасау мақсатында мәмілелер жасағаны үшін "Фридом Финанс Қазақстан банкі" АҚ үш рет жауапкершілікке тартылып, айыппұлмен жазаланыпты: 25 тамызда – 10,4 млн теңгеге, 14 сәуірде – 5,2 млн теңгеге, 7 ақпанда – 1,7 млн теңгеге.

Сонымен қатар, "Freedom Finance Life" өмірді сақтандыру компаниясы" АҚ бағалы қағаздар нарығына манипуляция жасау мақсатында мәмілелер жасағаны үшін 2023 жылы екі рет: 1,7 млн теңге және 12,1 млн теңге айыппұл арқалады.

"Freedom Finance Insurance" сақтандыру компаниясы" АҚ болса, бір рет жауапкершілікке тартылып, 5,2 млн теңге айыппұлға ілікті.

Осылайша, Freedom Finance бас компаниясы мен оның еншілес компанияларына бағалы қағаздар нарығындағы манипуляциясы үшін тек биылдың өзінде 40 миллион теңгеге жуық айыппұлмен жазаланған.

"Бұл тіпті де жақсы емес. Атап өтетін жайт, біз тек жылдың бір бөлігін ғана әңгіме етіп отырмыз, ал болашақта оқиғаның қалай өрбитіні белгісіз. Бәлкім, топ жасаған құқық бұзушылықтар саны арта түсер. Оның үстіне осы бұзушылықтардың сыртында, топтың еншілес компанияларына Қаржы нарығын реттеу агенттігі басқа да реттеу шараларын қолданды. Мәселен, биыл "Фридом Финанс Қазақстан банкі" АҚ-ға қатысты санкциялар мен басқа әкімшілік жазаларды қоса алғанда, жеті қадағалау шаралары қолданылды. Мұндай жағымсыз факторлар компанияның беделіне әсер етеді", – деген пікірде Финпром сарапшылары.

Мәселен, S&P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі биылғы 24 тамызда корпоративтік басқарудағы және тәуекел менеджментіндегі ықтимал кемшіліктерге байланысты Freedom Holding Corp. және оның еншілес компанияларының рейтингін  CreditWatch тізіміне енгізіп, "теріс үміт" (негативный ожидания) білдірді:

Freedom Holding Corp. (Freedom) ұзақ мерзімді несиелік рейтингі "В−" деңгейінде;

"Фридом Финанс" АҚ, Freedom Finance Europe Ltd., Freedom Finance Global PLC және "Фридом Финанс Қазақстан банкі" АҚ эмитенттерінің ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кредиттік рейтингтері "В/В" деңгейінде;

"Фридом Финанс" АҚ және "Фридом Финанс Қазақстан банкі" АҚ ұлттық (қазақстандық) деңгейдегі рейтингі "kzBB+".

S&P агенттігінің түсіндіруінше, бұл шешімге басқалармен қатар Hindenburg Research баяндамасының жариялануы себеп болыпты. Баяндамада Freedom Holding компаниясы "Ресеймен тығыз байланысы, нарықта манипуляциялар жасағаны, қаржылық көрсеткіштерінің шындыққа жанаспайтыны" үшін айыпталды.  

Зерттеу авторлары бір жыл бойы Freedom Holding қызметкерлерімен сұхбат құрғандарын, халықаралық құжаттарды зерттегендерін, салалық талдау жүргізгендерін айтады.

Hindenburg Research зерттеуінің қорытындысы келесідей: былтыр өзінің ресейлік бизнесінен жария түрде арылған Freedom Holding санкцияларды айналып өтуге көмектеседі. Әңгіме ресейлік бизнесті құпия бақылауы, кірісі жөніндегі деректерді фальсификациялауы, клиенттердің қаражаттарын тәуекелді операцияларға бағыттауы, компанияның төл құнды қағаздарының құнына қатысты нарықты манипуляциялауы туралы болып отыр-мыс.

Ал Freedom Holding сол баяндамадағы айыптарды компаниядан кек алуды қалаған бұрынғы қызметкерлердің қарекеті деп түсіндірді. 

Ақпарат құралдарының болжамынша, деректердің сыртқа шығып кетуіне және ақпараттық шабуылдарға Freedom Holding бұрынғы қызметкері Егор Романюктің қатысы болуы мүмкін.

Бірқатар блогерлердің болжамынша, штаб-пәтері Қазақстанда орналасқан Freedom Holdings халықаралық компаниясына шабуыл ұйымдастырған Hindenburg Research фирмасы мен оның инвесторлары 20 миллион доллар жоғалтыпты. Себебі, "биржа жыртқышы" саналатын бұл фирма өзге компаниялардың акцияларын құнсыздандыру арқылы табыс табады. Әшкерелеуші баяндама Америкада биржа ашылардан бірнеше сағат бұрын жарияланды. Салдарынан, сауда басталғанда, Фридом акциялары 8 пайызға құлдыраған. Алайда артынша өсім жолына оралып, 1 акциясының бағасы 90 доллардан асты.

Дегенмен, топ тірлігіне қатысты сұрақтар бәрібір қалуда.

Блогер Ільяс Мыңжасаров Фридом Финанс банктегі мемлекеттік тілдің қолданылуына қатысты мәселе көтерді. Клиент пен банктің хат алмасуының сканын жариялады. Онда клиент: "Мобилді қосымша қазақ тілін көрсетпейді. Сосын маған келген СМС кодтарыныздың барлығы қазақ тілінде емес. Неге бұлай?" деп әділетті сұрақ қойды. Банктің жауабы жұртты шошындырды.

"Біздің банк қосымшасын бірнеше ұлт өкілдері қолданатын себептен бәріне бірыңғай ыңғайлы орыс тілінде қызмет көрсетіледі", – деп шорт кесті Фридом Финанс банкі.

"Бұларыңыз енді басынғандық. Сіздерді Мухоряповтың мысалы ештеңеге үйретпеді ме?", – деп кейіді Ільяс Мыңжасаров. Банк артынша комменттерде мемлекеттік тілде кешірім сұрапты.

Биылғы мамырда Freedom Holding Corp. негізін қалаушы миллиардер Тимур Турлов Forbes басылымына үлкен сұхбат берді. Сонда ол қазақ тіліне көзқарасын білдірді. Журналист одан "Мухоряпов кейсінен" қандай сабақ алғанын және сол толқын ықпалымен холдингте не өзгеріс болғанын сұрады.

"Бізге ештеңені өзгертуге тура келген жоқ. Біз онсыз да мемлекеттік тілді қатынаста белсенді пайдаланамыз, ол біздің қосымшада да бар. Ол кейс Chocofamily холдингінің негізін қалаушы Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне деген көзқарасын білдірмейді. Рамиль тілге құрметпен қарайды. Ол да оны үйренуге, сөйлеуге тырысады", – деп қорғаштай сөйледі Т.Турлов.

Агенттік айыппұл салғанымен, қаржылық орнықтылығын оң бағалап отыр.

"Freedom Holding Corp. брокер саналатын "Фридом Финанс" АҚ-ының жалғыз акционері болып табылады. Ол өз кезегінде "Фридом Финанс" АҚ-ы банкіне, "Freedom Finance Life" ӨСК" АҚ-ына, "Freedom Finance Insurance" СК" АҚ-ына иелік етеді және банк конгломераты, сақтандыру холдингі мәртебесіне ие. 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша "Фридом Финанс" АҚ-ының активтері 316,6 миллиард теңгені, меншікті капиталы 132,9 миллиард теңгені құрады. Меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті К1 = 9,03. Мерзімді өтімділік коэффициенттері К2-1 = 1,3, К2-2 = 1,3, К2-3 = 1,3 және  К2-4 = 1,3. Осылайша, брокер барлық белгіленген пруденциялық нормативтерді орындайды және қаржылық тұрғыдан орнықты", – деп мәлімдеді Қаржы нарығын реттеу агенттігі.

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің сендіруінше, компания санкцияны бұзбапты. 2022 жылы агенттік брокер мен банкке қатысты Ресей федерациясының азаматтары мен резиденттеріне шоттар ашу және санкция талаптарын сақтау мәселесі бойынша инспекциялық тексерулер жүргізді. Қорытындысында, "брокер мен банктің санкциялық тізімге енгізілген тұлғаларға шоттар ашпағаны, сондай-ақ заңнама рәсімдері мен талаптарының сәйкестігі толық көлемде сақталғаны" анықталды.

Бұдан бұрын Inbusiness.kz "Фридом Финанстың" өзінің бұрынғы қызметкері Егор Романюкпен соттасып жатқанын жазған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу