Міндетті медициналық сақтандыру қоржынындағы миллиардтаған доллар қайда жұмсалады?

4693

Қазақстандағы ең проблемалық тақырып пен ақсап тұрған шалажансар саланың бірі – МӘМС, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметі. 

Міндетті медициналық сақтандыру қоржынындағы миллиардтаған доллар қайда жұмсалады?

Қағаз жүзінде дұрыс жарақталғанымен, бұл жүйе әлі де көптеген толықтырулар мен дамытуды талап ететін маңызды механизм.

Алғаш 2016 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылып, оған тек 2020 жылдан бастап алғашқы міндетті жарна түсе бастаған. Жұмыс істейтін әр азамат міндетті жарна ретінде өз айлығынан 2% төлесе, жұмыс беруші әр қызметкері үшін 3% жарна төлеп тұруы тиіс. Қазір коммерциялық емес бұл қордың қоржынында 336 628 761 075 теңге бар. Долларға шаққанда, шамамен 7,5 миллиардтың үстіндегі қыруар қаражат.

Жалпы, әлемдік тәжірибе бойынша бұл дұрыс жүйе. Дамыған елдерде міндетті медициналық сақтандыру механизмі сартылдап жұмыс істеп тұр. Оның бірден-бір себебі, медициналық сақтандыру жүйесі мемлекеттік мекемелер үшін емес, қарапайым адамдарға қызмет ететіндігінде. Ал, бізде бәрі керісінше құрылған...

МӘМС құрылғалы басынан дау кетпеген қоғамдық кесел жүйеге айналды. Депутаттар мен саяси партия мүшелері биік мінберлерден аталмыш қордың жұмысын сынап, сыбайлас жемқорлықтың ошағына да теңеді. Жекелеген ауруханалар мен емханалардың осы қордан да, пациенттерден де ақша алу фактілерінің көбейіп кеткендігі де айтылды. Наразы болған халық жыл бойы салған ақшасын кері қайтарып алу керек дегенге дейін барды. Десек те, МӘМС-тің басына қара бұлт бекерден-бекер үйірілмепті. Қазақстанның Жоғарғы аудиторлық палатасы 2023 жылы жүргізген тексеріс барысында Міндетті медициналық сақтандыру қоры 86 миллион АҚШ долларын негізсіз жаратқаны анықталды. Одан бөлек, 425 қызметтік өрескел қателік пен жүйелі жұмыс қызметінің 108 жетіспеушілігі тіркелген. Пандемия кезіндегі Қор құрылтайшыларына қатысты сыбайластық әрекет пен ел экономикасына келтірілген орасан шығын, ол да өз алдына жеке тақырып.

Медициналық сақтандыру жүйесі әу баста қалыптасқан отандық медицина қызметін дамыту, біртіндеп заманауи методқа интеграциялау тәртібімен қолға алынған болатын. Тек халықты ақпараттандыру, медицина жүйесін технологиялау, мамандардың білігін арттырудың өзіне 5 жыл уақыт жұмсайтын болып бекітілген. Алайда, кадрлық ауыс-түйістер бастапқы концепцияны мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді. Нәтижесінде, халыққа толыққанды қызмет көрсетудің орнына, құзырлы министрлік пен жауапты мамандар тариф саясатымен бел шеше айналысып кетті.

Әлемде денсаулық саласын қаржыландырудың үш моделі бар. Біріншісі, денсаулық министрлігінен қаржыландырылатын – бюджеттік модель. Біз бұл жолдан өтіп қойғанбыз. Екіншісі, қазіргі МӘМС жүйесі. Үшіншісі – жекеменшік сақтандыру компаниялары арқылы қаржыландыру. Егер үшінші жолды таңтадасақ, халық бүгінгі шикі жүйеге де қолы жетпей қалуы ықтимал.

Қалай болғанда да, бізге халықтың денсаулығын жақсарту үшін жеңіл әрі тиімді жол керек. Ол үшін қазіргі МӘМС жүйесін жетілдіріп, жалпықоғамдық ақпараттандыру тетігін дамытып, мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстарын жеделдеткен жөн. Кемі 5-7 жыл көлемінде біртіндеп енгізілуі тиіс жүйе – қоғам талабын сараламастан асығыс іске қосылып қойды. Оның үстіне жиналған қаражатты халық денсаулығына жаратудың орнына, медициналық құрылғылар мен заманауи жабдықтарға жұмсау керек деген сыңаржақ саясат та болған сыңайлы. Бұл қателікті еңсеру үшін үкімет мейілінше тұрақты кадр саясатын ұстанып, салаға мамандандырылған менеджерлерді тартуы тиіс деп ойлаймыз.

Еске сала кетсек, биылғы жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басынан дау кетпеген МӘМС жүйесін қатаң сынға алып, Үкіметтің ерекше бақылауына алуды тапсырған болатын. Мемлекет басшысы 2024 жылы отандық медицина саласына 2,6 триллион теңге бөлінетіндігін де жеткізген. Артынша есеп берген премьер-министрдің орынбасары "медицина қызметкерлерінің қағазбастылықтан құтылғанын, жаңаша математикалық жүйе енгізілгенін, ем алушылар туралы ақпараттың цифрландырылғанын, әр қазақстандыққа қызмет көрсетілгені туралы хабарлама жеткізіліп тұрғанын" айтып ақпар берген еді. Әзірге МӘМС-ке қатысты шешілген проблемалар мен жасалған реформалар тек сөз жүзінде ғана сапалы болып тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу