Министрлік: Қазақстан сырттан тұқым деп қоқысты сатып алып жатыр

4345

Мемлекет бүгінде тұқым өндіру процесіне жүйелі бақылаудан айырылып қалғаны әшкереленді. 

Министрлік: Қазақстан сырттан тұқым деп қоқысты сатып алып жатыр Фото: aggeek.net

Егер күзде не көктемде елдегі барлық диқан жерге дән сеппесе не болады? Ең қорқынышты сценарий бойынша ол елді ашаршылық жайламақ. Ең кем дегенде мемлекет көршілеріне алақан жайып, алпауыттарға тәуелді болады, тіпті мемлекеттілігінен айрылуы, өзгеге бодан болуы мүмкін. Әйтпесе, азық таппай, шегі шұрылдап, аштықтан бұратылған жұрт билікке өшігіп, құлатуы да ықтимал.

Ал диқандары тегіс дән орнына қоқыс сепкен елдің жайы не болады?

Ауыл шаруашылығы министрлігі өзіне қарасты бір салада ауыр жағдай қалыптасқанын енді ғана мойындады.

Ведомствоның байламынша, Қазақстандағы тұқым шаруашылығының қолданыстағы жүйесі жаһандық нарық тарапынан елімізде өндірілген тұқымдарға сенімсіздік тудырып отыр. Неге?

"Себебі, салада тиісті бақылау жоқ. Ал бақылаудың болмауы нарықта шын мәнінде жоғары репродукциялы тұқым болып саналмайтын өнімдердің сондай атпен сатылуына соқтырды. Қазіргі уақытта мемлекеттік бақылау аясында тұқым өндіру процесіне жүйелі бақылау жоқ. Тек өтініштер мен шағымдар түссе ғана бұл тексеруге негіз болады", – деп ақталды министрлік мамандары.

Жалпы, заң бойынша кез келген тұқым материалының сапасы құжаттарда расталуға тиіс. Ол құжаттарды алу үшін тұқым өндірушілер өз үлгілерін сараптамаға ұсынуы шарт. Сол сынама нәтижесіне қарай тұқымға тиісті баға беріледі, сыныбы анықталады.

Яғни, заң жүзінде бәрі дұрыс. Бүкіл дамыған әлем солай жасайды. Бірақ бұл жерде жемқорлық жайлаған Қазақстанда кез келген жақсы заңның өңі теріс айналып кететініне назар аударған жөн.

Мемлекеттік бақылау жоқ екен, демек кез келген құжатқа айналма жолмен қол жеткізуге болады. 

"Соның кесірінен тұқымның сапасын бағалаудың және оларды құжаттаудың объективтілігі мен тәуелсіздігі қамтамасыз етілмейді. Ал бізде тұқымның репродукциясын анықтаудың жалғыз көзі ғана бар, ол – соған қоса берілетін, тұқымның шығу тегін, өндірілу кезеңдерін растайтын құжаттамасы. Ол құжаттары жалған болып жатады. Қолданыстағы жүйенің тиімсіздігінің бір мысалын келтірсек: шетелден, көбіне Ресейден арзан тұқым қаптап жеткізіліп жатыр, бірақ ол тіпті қоқыс болып шығады. Фермерлер болса, оны бағасы арзан болғаны үшін сатып алуға мәжбүр. Тұқымның сапасы талапқа мүлдем сай болмаса да, әлдебір жолдармен сол тұқымдарға қазақстандық ілеспе құжаттар толық алынған болып шығады", – деп түсініктеме берді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Сорақысы сол, заң аясында осы қапталған қоқысқа мемлекет бюджеттен миллиардтап субсидия қаражат төлейді.

Салдарынан, Қазақстан дамыған елдер тұрмақ, ТМД кеңістігінде әр гектардан ең аз өнім жинайды. Мысалы, 2022 жылғы егін ору науқаны қорытындысында бидайдың шығымдылығы орта есеппен әр гектардан небары 14,2 центнерден айналды.

Салыстырсақ, Ресейде былтыр бұл көрсеткіш 34,4 центнерді, Беларусьте 36,4 центнерді, Әзербайжанда 30,92 центнерді, Өзбекстанда 40 центнерді құрады.

Ал озық елдер заманауи технологиялар арқасында қазақтың үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін жетістікке қол жеткізіп, ғарыштық шыңдарды бағындыруда

Bloomberg хабарлауынша нидерландылық Infarm компаниясы әр гектардан 117 тонна бидай жинап, рекорд жасады. Сонымен бірге агенттік АҚШ пен Еуропалық Одақ елдерінде былтыр орташа шығымдылық тиісінше 3,1 тоннаға және 5,6 тоннаға жеткенін мәлім етті. Біздің билік центнерге мәз болып жүргенде, кезінде біз қуып жетпекші болған алдыңғы қатарлы елдер тоннаға көшіп алды.

АШМ болса, ауыл кәсіпкерлерінің өзін айыптауға шебер.

"Тағы бір айта кетерлігі, шаруалардың басым көпшілігі тауарлық астықты егеді. Тәжірибе көрсеткендей, көптеген агрономдар тұқымның сорттық және егістік қасиеттерін шатастырады. Тұқымның егістік және өнімділік қасиеттері арасындағы айырмашылықты түсінбейді. Сорттың өнімділік әлеуетін тұқымның өнімділік әлеуетінен айыра алмайды. Суперэлита, элита, I, II сорт болсын, кез келген репродукция тек сорттың тазалығын, сондай-ақ элитаны қайта отырғызғаннан кейінгі алынған тұқым ұрпағын ғана көрсетеді. Бұл автоматты түрде оның жоғары шығымдылығын білдірмейді. Шығымдылықты тек олардың өнімділік қасиеттерін бағалау арқылы анықтауға болады", – деп дәйектеді министрлік сарапшылары.

Жалпы, бұдан бұрын, 2000 жылдары мемлекеттік бақылау болды және ол, мамандардың бағалауынша, жалған тұқымдардың, қапталған қоқыстардың нарықта пайда болуын тежеп отырды. Бірақ апайтөс аграрлық олигархтарды қорғаған билік ол бақылауды жойды. Бүгінде де оны қайта оралтуды Үкімет қаламайды. Себебі, АШМ түсіндіруінше, "қазіргі уақытта бұл механизм бизнесті реттеуді ырықсыздандыру бағытында жүргізіліп жатқан саясатқа сәйкес келмейді".

Сондықтан бақылаудың басқа құралдарын енгізу керек екен.

Ауыл шаруашылығы министрлігі әрі ойланып, бері толғанып, жаңа, баламалы құрал ретінде "тұқымдарды сертификаттау жүйесін енгізуді" ұсынды. Ведомство мамандарының сендіруінше, бұл тұқым өндіру процесін бақылауға мүмкіндік береді, әрі барлық дамыған елдерде сол жүйе жұмыс істеп тұр.

Бірақ Қазақстандағы коррупция факторын да ұмытпаған жөн. Сондықтан жаңа тетік өмірге жолдама алса, оның тиімділігіне бұл фактор да ықпал етпек. Егер билік Әділетті Қазақстанды құру жолында сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресті бастамаса, онда Абай һәкім күрсіне айтқан "баяғы жартас – бір жартас, қаңқ етер, түкті байқамастың" кері келеді.

"Осыған байланысты инспекциялаумен және сертификаттаумен жоғары мамандандырылған кәсіби ұйымдар айналысуға тиіс. Олар өздері берген құжаттарда көрсетілген мәліметтерге кепілдік беруге міндетті болады", – деп ұсынды АШМ.

Әйткенмен, бұдан ауыл шаруашылығы шенеуніктерінің бар жауапкершілікті жаңадан құралатын ұйымдарға аудара салу талабын да байқауға болады.

Бірақ сала ахуалының сын көтермейтіні сонша, ары қарай әрекетсіз отыру ауылды жарға жығып тынуы мүмкін. Сонда кәсіптен айрылып, ашыққан миллиондаған адам Астанаға ауса, арты жақсы бола қоймас.

Министрліктің ұсынуынша, салалық бірлестіктер немесе одақтар жаңа кәсіби ұйымның құрылтайшыларына айналады. Тұқым шаруашылықтары салалық қауымдастықтарға немесе одақтарға мүше болу арқылы кәсіби ұйымды басқаруға жанама қатыса алады. Бірақ одаққа мүшелік міндетті емес, ерікті болатын көрінеді.

Бұл жерде картоп өсірушілердің, бақша өсірушілердің, дәнді дақыл өсірушілердің, майлы дақыл өсірушілердің жеке кәсіби ұйымы құрылмақ.

Заң қабылданғаннан кейінгі бірінші жылы Үкімет реформаны картоптан бастауға ниетті. Тұқымдардың өндірістен егіншіге дейінгі қозғалысын қадағалауды Картоп өсірушілердің кәсіби ұйымы онлайн режимде жүзеге асырады делінді.

Барлық өндірушілерді инспекция арқылы мақұлданған және сертификатталған тұқымдарды немесе тұқым партияларын ғана пайдалануға міндеттеу қарастырылған екен. Сарапшылар мұның ақыр соңында монополистердің немесе олигополиялық топтардың аз шоғырының саланы басыбайлы астына басып алуына соқтыруы мүмкін екеніне алаңдаулы.

Ендеше жаңа Парламент шынымен пәрменді болса, онда осыған қатысты қызу талқылау жүруге, тиімді тетігі таңдалуға тиіс. Үкімет жаңа Мәжіліске алда "Тұқым шаруашылығы туралы" заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасын енгізетін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу