Министрлік "WhatsApp желісінде сатылатын етті алмаңдар!" деп жатыр

5335

Қазақтың осы жеңсік асын сататын барлық сауда объектілеріне мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық ерекше бақылау енгізілмек. 

Министрлік "WhatsApp желісінде сатылатын етті алмаңдар!" деп жатыр Фото: smartik.ru

Қоғам белсендісі, елорда тұрғыны Ерболат Сапарбай "голосовой" үндеу хабарлама жазып, мессенджерлер арқылы таратуға тырысып жүр. Өйткені оның айтуынша, қазіргі кезде малды, соғымды, етті WhatsApp арқылы сату "сәнге" айналды.

"Бізде басқа түгіл, жұмыста, ұжымның ортақ чатында да дембіл-дембіл: "Ет аласыздар ма?" деген хабарлама жарияланып тұрады. Былтыр тіпті іс басындағы депутаттың (аты-жөнін атады) жылқыларын соғымға сатып жатқаны туралы WhatsApp хабарландыруы бізге дейін жетті. Депутаттың өзі заң бұзып отырғанын түсінбейді. Мен: "WhatsApp арқылы сатылатын етті алмаңдар!" деп қарсы үндеу жариялап тұрамын. Өйткені ондай еттер ветеринарлық-санитарлық бақылаудан тыс, тексерістен өтпей сатылады. "Ветеринарлық сараптама анықтамасы бар ма?" деп сұрасам, жынды адам сияқты қарайды. Тыңдайтын құлақ жоқ. Жариялана сала жұрт үймелей жөнеледі. Бағасының төмендігіне қызығады", – деді Ерболат аға.

Оның айтуынша, мысалы, бүгінде чаттарда сиыр етінің әр келісін орта есеппен 2 мың теңгеден, жылқы етін – 2,5-3 мың теңгеден сатады екен. Ал, дүкенде сиыр еті орта есеппен 2,5-3 мың теңге (кесек еті 3 700 теңгеге дейін барады), жылқы еті 4 мың теңгеден қымбат тұрады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мамандары да қоғам белсендісінің айтқаны дұрыс деп отыр. "Ветеринария туралы" заңына сәйкес, сату мақсатында ауыл шаруашылығы жануарларын сою – тек қана сою объектілерінде жүргізілуге және міндетті түрде ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтуге тиіс. Бұл талаптар сақталмаса, ол етті сатуға тыйым салынады.

Базардан тыс сатылатын ет те тексерістен өтпеуі мүмкін. Демек, "Сібір жарасы" (күйдіргі), бруцеллез, паразитарлық аурулар сияқты адам үшін қауіпті дерттерді жұқтыру қатері туындайды.

Комитет өкілдері басқа бір ірі проблемаға назар аудартты. Олар бүгінде соны шешу жолдарын қарастырып жатыр. Осы орайда "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы әзірленген. Бұл заңды Парламент қабылдаса, онда базарларға жатпайтын өзге сауда нысандарына да мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылаудың ерекше тәртібі енгізіледі.

"Қолданыстағы ветеринария заңнамасында сауда объектілеріне мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау жүргізу туралы ешқандай норма жоқ. Бұл ретте супермаркеттер, гипермаркеттер, дүкендер желісі жаппай "фермадан – дастарханға" қағидатымен жұмыс істеуге көшіп алды. Олардың арасында бұрынғыдай базар түріндегі "делдал" жоқ, өнімді бірден шаруа қожалығынан, фермерден сатып алады. Демек, мал өнімдерінің, еттің шаруашылықтан дастарханға дейін жетуін жолай бақылау жойылды", – деп түсіндірді комитет.  

АШМ бүгінде бүкіл республика бойынша мал сою нысандары мен ішкі сауда объектілерінде "Ветеринариялық-санитариялық сараптама" (ВСС) модулінің тек пилоттық жобасын жүзеге асыруда. "ВСС" модулі ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткен ауыл шаруашылығы жануарларының етіне сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беру бойынша бизнес-процестерді тегіс автоматтандыруды қарастырады.

Бір қызығы, жоба бойынша сараптамадан "сүрінбей" өткен мал етіне QR коды тағайындалады екен. Сонымен өту арқылы тұтынушы бірқатар деректерді біле алуы керек. Алайда әлгінде айтылғандай, әзірге бұл "пилоттық жоба" ғана. Қашан толыққанды өмірге жолдама алатыны және тұрақты тәжірибеге айналатыны белгісіз. Кез келген жоба тиімді жүзеге асуы үшін жеткілікті қаражат та керек.

Ведомствоның мәліметінше, "ВСС" модулін енгізудің негізгі мақсаты – малды союалды ветеринариялық тексерусіз (предубойный ветеринарный осмотр) және оның ұша-тушасы мен органдары сойылғаннан кейін ветеринариялық-санитариялық сараптаусыз оның етін халыққа  сатуға жол бермеу.

Бұл ретте әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы өткізілетін, сондай-ақ "фермадан-сөреге" схемасымен жұмыс істейтін дүкендер арқылы сатылатын еттің ветеринарлық тазалығына, аурулардан адалығына еш кепіл жоқ көрінеді.

Мамандардың ескертуінше, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың еш қадағаланбауы өз кезегінде, халықтың сапасыз өнімдерден ауру жұқтыру қаупіне соқтырады.

"Айта кету керек, "Ветеринария туралы" қолданыстағы заңға сәйкес, ветеринария саласындағы негізгі міндеттерге жануарларды аурулардан қорғау және оларды емдеу ғана емес, сондай-ақ халықтың денсаулығын жануарлар мен адамдарға ортақ аурулардан қорғау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де жатады. Осыған байланысты, қалалар мен елді мекендерде жануарлар өнімдерінің сойылғаннан бастап, мал шаруашылығы өнімдерін саудалаумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілеріне, түпкілікті сатушыға өткізілгенге дейін қадағалануын бақылауды енгізу ұсынылады", – деп хабарлады Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті.

Жаңа заң жобасы кем дегенде 9 402 сауда объектілеріне қатысты болады. Бұл қатарға қазіргі уақытта тіркелген сауда орындары, қасапханалар, дүкендер, мамандандырылған дүкендер, дүңгіршектер кіреді. Оның ішінде 122-сі – ірі кәсіпкерлік субъектілері, 767-сі – орта кәсіпкерлік, 8 513-і – шағын кәсіпкерлік нысандары болып табылады.

АШМ комитетінің аумақтық бөлімшелері мен құқық қорғау органдарының өзара бекіткен меморандумдары аясында жыл сайын "Мал ұрысы-Скотокрад" жедел-профилактикалық іс-шараларын өткізіп тұрады. Соның аясында тек елордада ғана және 2024 жылдың басынан бері ет саудасына қатысты біраз масқара жайт әшкереленген. Рейдтер барысында мал етін ветеринариялық ілеспе құжатсыз сатуға апара жатқан 31 жүк көлігі анықталып, 31 әкімшілік іс қозғалды.  

Ведомство мамандарының айтуынша, Қазақстанда бүгінгі күні ет өнімдерін күнделікті бақылау тек базарларда ғана жүргізіледі. Республика бойынша жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты сататын барлығы 304 базар бар. Дәл осы кезде ет союдан алынатын өнімдерді: ет, сүйек, ішек-қарын, басқасын сататын 9 402 сауда объектілері мұндай бақылаудан тыс қалған.

Сарапшылар әлеужелі, WhatsApp болсын, бақылаусыз сатылатын еттің көлемі алапат деп отыр. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің "Е-Аграрлық" (Е-Agriculture) агроөнеркәсіп кешенінің салаларының Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесінің ("БАБЖ" АЖ, ол ветеринариялық құжаттарды беруге арналған) мәліметі бойынша 2023 жылы елде жалпы көлемі 1,8 миллион тонна етке ветеринарлық құжаттар алынған.

Ал, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2023 жылы республика бойынша мал сою нәтижесінде 4,1 миллион тонна ет алынды. Осылайша, елдегі еттің басым бөлігі ветеринарлардың бақылауынсыз сатылған.

Сіз WhatsApp желісінде "жесе тіске, жемесе түске кіретін" жеңсік асты емес, жаман ауруды "сатып" алмағаныңызға сенімдісіз бе?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу