Молдова "сатқын" сайлаушыларды қызықты тәсілмен жазалады

3336

Бұл оларға келесі жылғы Парламент сайлауында сабақ болуға тиіс.

Молдова "сатқын" сайлаушыларды қызықты тәсілмен жазалады Фото: YouTube

Посткеңестік кеңістіктегі бұл елде биылғы жыл тарихи оқиғамен есте қалмақ. 2024 жылғы 20 қазанда Молдова Республикасында бір уақытта Конституцияны өзгерту туралы референдум және Президент сайлауының бірінші туры өтті.

Президенттік доданың екінші айналымында іс басындағы лидер Майя Сандудың айқын жеңіске жеткенін айта кеткен жөн.

Ал, референдум арқылы Ата заңды өзгертіп, онда "Молдованың Еуропалық Одаққа мүше болуы туралы" халық қалауын бекіту ісін билік жарға жыға жаздады. Бұл бастама сайлаушылардың 50,69% (749 719 адам) дауысымен әзер өтті. 739 мыңдай адам немесе 49,65%-ы қарсы дауыс берген.

Өз кезегінде Президент Майя Санду шетелден қарсы күштер араласқанын ашық жариялады. 300 мыңдай сайлаушының дауысын жаппай сатып алу дерегі бойынша тергеулер басталды.

Алғашқы нәтижелер де бар көрінеді. Бұл туралы ресейлік "РИА Новости" де хабарлады. Молдованың ішкі ісіне қол сұғу, соның ішінде сайлау процесіне араласу әшкереленді. Ол осы елдің банк жүйесінен миллиард долларды ұрлағаны үшін халықаралық іздеу жарияланған қашқын молдован олигархы, саясаткер Илан Шордың республикадағы түрлі ұйымдары арқылы жүзеге асырылған.

Молдова полициясы референдумда – еуроинтеграцияға, сайлауда – Майя Сандуға қарсы дауыс бергені үшін Ресейден ақша алғандарды анықтап жатыр. Бірақ билік ел болашағын, ұлттық мүддені тиын-тебенге сатқан пайдакүнем азаматтарды қуғын-сүргінге салып, түрмеге тегіс тоғытқан жоқ. Тіпті азаматтықтан немесе дауыс беру құқығынан айырмады. Оларды қызықты түрде жазалады.

"Опасыз молдовандарға сайлау мен референдумда тапқан табысынан 25-30 есе көп сомада айыппұл салынуда. Енді нақты белгілі болғандай, Молдованың әрбір он азаматының біреуіне дауыс бергені үшін шетелден ақы төленген. Полицияның мәлімдеуінше, өз дауысын сатқандарға бұл аса қымбатқа түсті. Бұл жерде әңгіме олигарх Шор арқылы ресейлік "Промсвязьбанктегі" шоттарына ақша алғандар туралы болып отыр", – деп хабарлады молдовалық Glossa арнасы.

Полиция мен прокуратура алдымен бұл адамдардың деректерін, соның ішінде банктік шоттарын егжей-тегжейлі тексеруге сот арқылы рұқсат алды. Олар анықтағандай, ресейлік "Промсвязьбанктің" мобильді қосымшасында тіркелген Молдова тұрғындарының 138 мыңдайына Ресейден белгілі бір сомада төлемдер түскен екен.

Ресей банкінің молдовалық әрбір клиенті 2-3 реттен ақша алған. Демек, олардың тобындағы басқа адамдар үшін төлем соларға аударылып отырған. Нәтижесінде, қашқын олигархтың келісімді түрде дауыс беру желісіне кем дегенде 250 мыңнан астам сайлаушы кірген екен.

"Биылғы сәуір мен қазан айларында шетелден 1 400 000 рет қаржы аудару операциясы жүзеге асырылды. Тек қыркүйек-қазан айларында ғана Шор сайлаушыларды сатып алуға шамамен 40 миллион доллар жұмсады. Полиция Коррупциямен күрес жөніндегі ұлттық орталыққа жалпы сомасы 1 миллион лейден асатын айыппұлы бар 500-ден астам хаттаманы табыстады. Соның негізінде дауысын сатқан әрбір азаматқа 25 000-37 500 лей (шамамен 1 050 000 теңге) аралығында айыппұл салынды. Салыстырсақ, ол адамдар өз дауыстары үшін шетелден 1 000-нан 4 500 лейге дейін ғана ақы алған", – деп баяндады Glossa.

Хаттамаларды толтыру процесі жалғасуда. Полиция "Промсвязьбанк" арқылы Ресейден ақша алған әрбір адамға дейін жетіп, қаржының шығу-тегін тексеретінін мәлімдеді

Ресей "Жаңалықтар" агенттігі сайлауда дауыстарын сатқан азаматтарға айыппұлды Молдованың антикоррупциялық орталығы жазып жатқанын нақтылады. Орталықтың қарауында қазірдің өзінде мыңнан аса хаттама жатыр.  

"Молдованың Коррупциямен күрес жөніндегі ұлттық орталығы сайлаудағы сыбайлас жемқорлық үшін жалпы көлемі 2 миллион лейден асатын сомаға айыппұл қолданылғаны туралы хабарлады. Бүгінде орталықтың қарауында полициядан алынған 1 мыңдай хаттама жатыр. Орталықтың түсіндіруінше, белгілі талаппен дауыс бергеніне айырбас ретінде ақша алғандарға 2 090 долларға дейінгі көлемде айыппұл салынады. Бірақ олар жазадан құтылып кете алады, бұл үшін полицияға келіп, бұл туралы өзі хабарлауға және тергеумен ынтымақтасуға тиіс. Ал, сайлаушылардың дауысын сатып алумен айналысқандарды 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр", – деп мәлім етті ресейлік ақпарат агенттігі.

Молдовада полиция, прокуратура және Антикор сайлаушыларды сатып алу ісі бойынша тұрақты тергеулер және тінтулер жүргізуде.

Президент Сандудың мәлімдеуінше, құқық қорғау органдары 300 мыңға дейінгі дауысты сатып алу талаптарына қатысты дәлел-дәйектемелерге қол жеткізді.

"Президенттік сайлаудың бірінші айналымынан кейін полиция ресейлік "Промсвязьбанк" (ПСБ) карталары арқылы Молдоваға 39 миллион доллар түскенін және ол қаржы сайлаушыларды сатып алуға шығындалғанын жариялады. Бас прокурор Ион Мунтяну бұл іс бойынша 28 адам ұсталғанын мәлім етті", – деп жазады ресейлік "РИА Новости".

Мұның бәрі Молдованы тұрақсыздандыруды қалайтын сыртқы күштерге ерген сайлаушыларға сабақ болса керек. Олардың дауысын сатып тапқан пайдасы сол үшін салынатын айыппұлдың бір бөлігін де өтемейді.

Келесі жылы маңызды науқан – Парламент сайлауы келе жатыр. Тосқауыл қойылмаса, қашқын олигарх Илан Шор өз пулындағы дауысын сатуға әзір 300 мың сайлаушының арқасында төл "Шор" партиясын және депутаттарын Парламентке енгізе алады. Сонда ол шетелде отырып, депутаттық корпус арқылы Президент Сандудың кез келген шешімін бұғаттап тастауға қабілетті болады.

Ұқсас жағдай көрші Грузияда қалыптасты: "Грузиндер арманы" партиясы еуропашыл Мемлекет басшысы Саломе Зурабишвилидің адымын аштырмай тастап, оны "символдық құзырлары ғана бар Президентке" айналдырды.

Айтқандай, осы жұмыс аптасының соңында, 9 қараша күнгі отырысында Молдованың Орталық сайлау комиссиясы Майя Сандудың ел Президенті лауазымындағы мандатын бекітті. Жиында 3 қарашада өткен президенттік доданың екінші айналымының қорытындылары "орталықтандырылды".

Молдпресс агенттігінің хабарлауынша, ОСК мүшелері "Әрекет пен ынтымақтастық" партиясының кандидаты Майя Сандудың жеңісін растайтын және оған Мемлекет басшысының жаңа мандатын беретін хаттамаға қол қойды.

Ортсайлауком төрағасы Анжелика Караманның айтуынша, екінші турда Майя Санду 930 139 сайлаушының, қарсыласы Александр Стояногло – 750 430 сайлаушының дауысын жинады. 20 мыңдай бюллетень жарамсыз деп танылды.

Бірақ енді Ортсайлаукомның қаулысы Конституциялық сотқа жіберіледі. Соның судьялары сайлау нәтижелерін қайтадан зерделей келе, бұл қаулыны бекітуі немесе оның күшін жоюы мүмкін. Бекітсе, Майя Санду Президент ретінде қайта сайланды деп түпкілікті танылады.

Мән-жайы келесі аптада ғана белгілі болуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу