Мұнай бағасы 60 доллардан асты

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
22333

Қара алтын құны сегізінші күн қатарынан өсіп келе жатыр.

Мұнай бағасы 60 доллардан асты

9 қаңтар күні Астана уақытымен түнгі 20:30 шамасында Брент маркалы мұнай бағасы 2,25 пайызға қымбаттап, 17 желтоқсаннан бері алғаш рет барреліне 60 доллардан асты.

WTI маркалы тақтатас мұнайының бағасы да тиісінше барреліне 50 доллардан асты.

Жыл басынан бері мұнайдың тұрақты қымбаттауына АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысын бәсеңдеуіне мүмкіндік беретін алғышарттардың қалыптасуы еді. Екі ел арасындағы диалогтар да жүйелі орындалып, тараптардың пікірі әзірге бір жерден шығып тұр.

Естеріңізге сала кетейік, Қытай мен АҚШ өзара келіссөздерді жоспардан тыс үшінші күнге қатарынан созып, бұл келіссөздер көптеген мәселелер бойынша ортақ шешімге келуге мүмкіндік берген еді. Атап айтар болсақ, америкалық ауыл шаруашылығы мен энергетикалық шикізаттық тауарлар мен Қытай нарығын ашу мәселелерінде тараптар айтарлықтай прогресс  жасаған еді.

Қытайдың мемлекеттік China Daily басылымының мәліметінше, Бейжің жалпы Вашингтонмен ортақ келісімге келуге кетәрі емес көрінеді.

Дей тұрғанмен, Goldman Sachs инвесициялық банкінің мәліметінше, тараптардың айтарлықтай деңгейде диалог құрғанына қарамастан Қытайдағы қара алтынға сұраныс бәрібір былтырғы деңгейден айтарлықтай аз болмақ. Мәселен, былтыр Қытай тәулігіне 475 мың баррель мұнай сатып алса, биылғы сұраныс 26% төмендеп, бар болғаны 350 мың баррельді құрамақ.

Әлемдік экономиканың аумалы-төкпелілігі мен Қытайдағы жағдайдың белгісіздігі мұнай бағасының былтырғы максимумына жетуге мүмкіндік берер емес. Сауд Арабиясының өндірісті агрессивті қысқартуы мен АҚШ ФРЖ саясатының қатаңдағаны да мұнай бағасын көтере алмай жатыр.

Сонымен қатар API ұйымының мәліметінше, АҚШ-тағы шикі мұнай қорының 6,13 млн баррельге азаюы да бағаның көтерілуіне ықпал еткен. Бұл нарықта мұнай фьючерсін жоғары бағамен саудалаушылар үшін жағымды болып тұр.

Дегенмен, Дүниежүзілік банк алдағы екі жылға арналған мұнай бағасы туралы болжамын өзгертіп, алдыңғысына қарағанда қара алтын құнын төмен жорамалдап отыр. Әлем экономикасының даму әлеуеті туралы жариялаған дәстүрлі баяндамасында Дүниежүзілік банк 2019-2020 жылдары қара алтын құны 67 доллар шамасында болатынын айтуда. Бұл алдыңғы болжаммен салыстырғанда 2 долларға арзан.

Сонымен қатар күні кеше Goldman Sachs инвестициялық банкі да келер жылы мұнай бағасын орта есеппен 62 доллар айналасында құбылатынын айтады. Ал өз кезегінде Сауд Арабиясының жорамалы оптимизмге толы. Арабтар келер жылы мұнайдың орташа бағасы 70 доллар болатынына сенімді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу