Мұнай бағасының құбылуы ел экономикасына қалай әсер етеді?

899

Өткен аптада әлемдік мұнай бағасы 7,6 пайызға төмендеді. 

Мұнай бағасының құбылуы ел экономикасына қалай әсер етеді? Фото: shutterstock

Бұл қыркүйек айының басынан есептегенде бір апта ішіндегі ең үлкен құлдырау болды. Соңғы деректерге сенсек, қара алтын бағасы бейсенбі күні қайта көтерілді. Жалпы мұнай бағасының құбылуы Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Редакция тілшісі сарапшылардың пікірін білді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдиновтің сөзінше, мұнай нарығындағы қысқа мерзімді ауытқулардың бюджетке қатты әсері болмайды.

"Біздің мұнай онлайн режимде емес, ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша саудаланады. Мұнда баға айлардағы орташа баға негізінде қалыптасады. Сондықтан да кейбір ауытқулар болған кезде, олар бюджетте бірнеше айдан кейін көрінуі мүмкін. Мәселене, саладан түсетін салық түсімдері төмендей бастағанда делік. Мұнай компаниялары белгілі бір кезеңдердің кірістері есебінен салық төлейді", - деді ол.

Сарапшы нарықта мұнай жеткілікті екенін баса айтты.

"Негізгі тұтынушы елдерде қандай да бір экономикалық, қаржылық дағдарыстар болған жағдайда оның теріс әсері бар. Меніңше, келесі жылы баға биылғыға қарағанда төмен болуы мүмкін", - деді Олжас Байділдинов.

Экономист Расул Рысмамбетов Қазақстан мұнайды ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша сататынын жеткізді.

"Бұл келісімшарттарда баға алдыңғы жарты жылдағы, тоқсандағы орташа бағамен анықталады. Сондықтан мұнай бағасы түсті деп айту үшін баға кем дегенде 2-3 ай төмендеуі керек. Бүгінде алаңдауға негіз жоқ. Ондай болған жағдайда бұл біздің бюджетімізге, Ұлттық қорға әсер ететін болады. Мұнайдың маусымдық ауытқуы болады. Қыста мұнай бағасы жазға қарағанда шамалы жоғары болады. Одан бөлек қара алтын бағасына геосаяси жағдай да әсер етеді. Мысалы, Таяу Шығыстағы жағдай одан әрі шиеленісе түсіп, Парсы шығанағы жабылса, әрине, мұнай бағасы көтеріледі. Бұдан басқа нарықтағы ең ірі мұнай жеткізушісі ел – Ресей. Санкциялар алынып тасталғаннан кейін мұнай да төмендейді. Бірақ меніңше, бұл жақын арада бола қоймайды", - деді ол.

Қаржы сарапшысы осы жылғы мұнай нарығындағы жағдайға қаңтар айында баға беруге болатынын баса айтты.

"Яғни, 2024 жыл жақсы не жаман өтті деп сол уақытта ғана айта аламыз. Бүгінде жағдай қалыпты. Бізде ең үлкен стратегиялық тәуекел бар. Бұл Каспий құбыр консорциумының жұмысына қатысты. Ол арқылы біз мұнайдың көп бөлігін тасымалдаймыз. Қазір сарапшылар мұнай химиясын құру керек деп ұсыныстар айтып жатыр. Бұл біз үшін өте маңызды", - деді экономист Расул Рысмамбетов.

24 қазанда Астана уақытымен сағат 16.18-де желтоқсан айындағы Brent фьючерстері Лондондағы ICE Futures биржасында баррелі үшін 75,70 долларға дейін қымбаттады. Желтоқсандағы WTI фьючерстері NYMEX биржасында барреліне 71,54 долларға дейін көтерілді.

Бұл ретте сәрсенбі күні Brent пен WTI 1,4 пайызға төмендеген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу