Мұнай нарығы ОПЕК+ пен АҚШ-Қытай келіссөздерін күтіп отыр

21756

Дүйсенбі күні АҚШ-Иран қақтығысы бағаны көтеріп тастады.

Мұнай нарығы ОПЕК+ пен АҚШ-Қытай келіссөздерін күтіп отыр

Өткен апта мұнай нарығы 60-62 доллар дәлізінде сақталып, қара алтын нарығы тұрақталған еді. Дегенмен осы апта басы халықаралық сауда мен геосаясаттағы кей ахуалдар бағаға қайтадан әсер ете бастады.

Дүйсенбі күні азиялық сессияда Брент бағасы 64 долларға дейін қымбаттап кетті. Оның себебі Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдар еді. Нақтырақ айтар болсақ, АҚШ президенті кеше Құрама штаттардың Иранға қарсы қосымша қатаң санкция салатынын мәлімдеген. Президенттің бұлай деуіне Ирандағы исламдық революция сақшылары корпусының АҚШ-тың RQ-4A Global Hawk ұшағын атып түсіруі еді.

Өз кезегінде Иран АҚШ-ты елдің әуе кеңістігіндегі шекараны бұзды және тыңшылық жасады деп айыптап отыр. Ал Вашингтон аталған ұшақтың халықаралық әуе кеңістігінде болғанын айтады. Трамп басында Иранға қарсы күш қолданатын болғанымен, кейін бейбіт тұрғындардың өміріне келуі мүмкін қауіпті ескеріп ойынан айнып қалды.

"Күш қолдануға қашан да үлгереміз. Біздің бұл өңірдегі әскери күшіміз күшті", – деген АҚШ президенті: "Иранда ядролық қарудың болуы мүмкін емес", – деп қосты. 

Осынау қақтығыстардың себебінен мұнай бағасы дүйсенбі күні 5 пайызға дейін қымбаттап кетті.

Өткен апта Трамп Иранға қарсы санкцияны күшейтетінін айтқан. Алайда өз сөзінде Ақ үй басшысы Иранның да бір кездері гүлденген ел болғанын қалайтынын айтты.

Сарапшылар қосымша санкция Иранмен жұмыс істейтін халықаралық сақтандырушыларға, банктерге, трейдинг компанияларына кері әсер ететінін айтады. Сонымен қатар, АҚШ Иранның Еуропамен сауда жасайтын кейбір құрылымдарына да қарсы құжат дайындауы мүмкін. 

"Біздің Ираннан талап етіп отырғанымыз ядролық қару жасамау және терроризмді қаржыландырмау", – деді Трамп кеше.

Кеше мұнай бағасы 5 пайызға қымбаттағанымен, артынша аздап арзандағаны байқалды. Оның себебі сол АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстардың кесірінен мұнайға деген сұраныстың төмендеу қаупінің туындауы.

"Жаздың соңына дейін Парсы шығанағындағы осы ахуал мен АҚШ-тағы дауылдардың кесірінен елдегі мұнай өндірісінің үзілуінен, мұнай бағасы көретіле беруі ықтимал", – деп болжайды сарапшылар. Сонымен қатар алдағы уақытта ФРЖ мен сауда соғысындағы жаңалықтар да мұнай бағасына тікелей әсер етпек.

Бұдан бөлек, 1-2 шілде күні ОПЕК+ мүшелері Осакада бас қосып, жылдың қалған бөлігінде мұнай өндірісін қаншалықты тежейтіні туралы келіссөздер жасайды. Әзірге сарапшылар дөп басып ештеңе айта алмағанымен, көпшіліктің пікірі ұйым өндірісті сол азайтқан күйі сақтап қалады деген жорамалда. Қазақстан да өз кезегінде өзіне міндетті көлемді қысқартуға дайын екенін мәлімдеп отыр.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу