Мұнайдан түскен табыс 6,6%-ға азайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
21755

Биыл былтырғыдан 1 млн тонна мұнай кем өндіріледі.

Мұнайдан түскен табыс 6,6%-ға азайды

Өтіп жатқан жылдың алғашқы алты айында шетелге 34,6 млн тонна мұнай жөнелтілді. Көмірсутек қоспасы үшін Қазақстан шет мемлекеттен 16,5 млрд доллар ақша алды.

Есептік кезеңде экспорт көлемі 0,2%-ға артты. Алайда мұнайдан түскен табыс 6,6%-ға азайды. Бұған әлем бойынша "қара алтын" бағасының арзандауы себеп болды.

Соңғы бір жылда Қазақстан Италияға - 8,7 млн, Францияға -3,9 млн, Нидерландияға - 3,2 млн, Кореяға - 2,8 млн, Швейцарияға - 2,4 млн, Испанияға - 2,2 млн тонна мұнай сатты. Румынияға - 1,8 млн, Түркияға - 1,6 млн, Грецияға - 1,4 млн, Қытайға - 1,2 млн, Үндістанға - 1,1 млн тонна мұнай экспорттады.

KazService Қазақстан мұнай-сервис компаниялар одағының дерегінше, былтыр ел аумағынан 69,8 млн тонна мұнай шығарылды. Мұнайшылар экспорттан 37,8 млрд доллар табыс тапты. Қомақты қаржының 4,5 трлн теңгесі бюджетке аударылды.  

"2018 жылы Қазақстанда 90 млн тонна мұнай өндірілді. Энергетика министрлігінің мәліметінше биыл жер қойнауынан 89 млн тонна пайдалы қазба алынады. Былтырғы көрсеткіштен биылғы көрсеткіштің 1 млн тоннаға кем болуына Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз кеніштерінде жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары себеп болады", – деп түсіндірді KazService одағы.

Белгілі болғандай бүгінгі таңда Қазақстанда ірілі-ұсақты 97 жер қойнауын пайдаланушы мұнай өндіру ісімен айналысады. Бұдан бөлек мұнай өндіретін 10 ірі компания бар. Оның жетеуін Қазақстан мен Қытай акционерлері бірлесіп басқарады. Осы жеті компания өндіріс көлемі бойынша    "Теңізшевройл", Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В." және "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг" сынды 3 компанияның көрсеткішіне жете алмай отыр. Аты аталған 3 мұнай өндіру компаниясы былтыр жер астынан 54 млн тоннадан астам мұнай алды. Бұл елімізде өндірілген барлық мұнайдың 60%-ы. Нақтылайтын болсақ, 2018 жылы "Теңізшевройл" - 28,6 млн, "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В." - 13,2 млн, "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг" - 12,1 тонна мұнай өндірді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу