Мұнайдың төрт жылдан соң максимумға қымбаттауы теңгеге оң әсер етті

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
21761

Бүгін brent маркалы қара алтын барреліне 80,18 доллардан саудаланды.

Мұнайдың төрт жылдан соң максимумға қымбаттауы теңгеге оң әсер етті

Бірер апта бұрын мұнай бағасы 80 долларды маңайлағанымен, АҚШ-тың шикізат нарығындағы белсенділігі бағаны қайта 77-78 долларға дейін арзандатып жіберген еді. Ал бүгін бағаның көтерілуіне мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) мен оған кірмейтін өзге де экспорттаушылардың шикізат өндірісін көбейтпеу туралы шешімі түрткі болды.

Демалыс күндері өткен ОПЕК+ елдерінің жиынында  Сауд Арабиясы мен Ресей бастаған ірі экспорттаушылар бірер жыл бұрын қабылданған мұнай өндірісін азайту туралы келісімнің күшін жоймай, экспортты тежеп отыруды жалғастыра беру керектігіне келісті. Естеріңізге сала кетейік, бұрын дейін АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше рет ОПЕК елдерін мұнай өндірісін әдейі азайтып, нарықта жасанды тапшылық орнатып, қара алтын құнын қолдан қымбаттатып отыр деп айыптаған еді.

Мұнайдың қымбаттауына ОПЕК+ шешімінен бөлек басқа да бірқатар себептер бар. Мәселен, АҚШ санкциясының кесірінен Иран мұнай экспортын азайтуға мәжбүр болды. Бұл өз кезегінде нарықта қара алтын тапшылығын арттырып, бағаның көтерілуіне септігін тигізгені рас.

Мұнай экспортының қазіргі көлемде сақталуына мүдделілердің бірі Ресей. Ресей энергетика министрі Александр Новак кешегі жиыннан кейін журналистерге берген сұхбатында қазір онсыз да АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының кесірінен мұнайға деген сұраныстың азайып келе жатқанын, бұл бағаны төмен тартатынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, жылдың соңына қарай сұраныс азайып, мұнай бағасы төмендеуі ықтимал. Жалпы, соңғы бірер аптада қара алтын құнын көтеретін оқиғалардың көптеп боғанына қарамастан, соңғы жаһандық жаңалықтардан бағаға кері әсерін тигізетін өзгерістердің де қылаң беріп жатқаны анық. Новактың айтқанындай, Қытай мен АҚШ келіспеушілігі кәсіпорындардың қуаттылығына кері әсер етіп, мұнайға деген сұраныстың төмендеуіне алғышарт болып жатыр. Бұл бірінші кезекте Қытайдың мұнай импортын азайтатыны анық. Өз кезегінде Үндістан қара алтынның қазіргі құнын қымбатсынып, мұнай импортын азайтамыз деп отырған көрінеді.

Сауд Арабиясы қазіргі өндіріс көлемін қанағат еткенімен, керек болса, тәулігіне тағы да 1,5 млн баррель мұнай артық өндіре алатынын айтып отыр. Өз кезегінде Венесуэланың энергетика министрлігі жыл соңына дейін мұнай экспортын тәулігіне 2-3 млн баррельге дейін көтеретінін мәлімдеді.

Жоғарыдағы мәлімдемелерге сүйенсек, қазір мұнай бағасы өзінің биылғы жылғы максимумына жетіп, жыл соңына дейін екі-үш айда аздап қайта арзандауы ықтимал. Мұнай бағасына қарап теңгенің бағамын болжайтын біз үшін бұл да жағымды жаңалық болмағанымен, нарықта төл валютаның күрт арзандауы мүмкін деген қауесетке қарсы уәж болмақ. Рас, алдыңғы апталарда қатты әлсіреген ұлттық валюта өткен аптада қайта өзіне "қолайлы" дәлізге түсті. Сарапшылардың пікірінше, оған себеп орыс валютасының нығаюы.

Өз кезегінде рубльдің қымбаттауына екі ірі себеп бар. Бірі "Русал" компаниясына қатысты жаңалық болса, екіншісі Ресейдің орталық банкінің жүргізген саясаты. Өткен апта АҚШ сенаторлары санкцияға ілініп қалған "Русал" компаниясына бұрынғы келісімшарттарды жалғастыра беруге рұқсат беріп, тек жаңа келісімшарт құруға тыйым салған еді. Нәтижесінде орыстың алюминиін саудалайтын ірі компанияның акциясы бір күнде 25-30%-ға дейін қымбаттады.  Бұл өз кезегінде орыс валютасын нығайтуға үлес қосса, артынша Ресей орталық банкінің шетел валютасына қатысты операцияларға шектеу қоюы рубльді соңғы санкциялар легіне дейінгі құнына қайта көтерген еді.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу