Мырзағалиев мұрасы: жер қойнауын пайдаланушылар ормандарды отауда

6577

Қоғам ормандарды ұзақ жылға жалға беруді тоқтатуды талап етуде.  

  Мырзағалиев мұрасы: жер қойнауын пайдаланушылар ормандарды отауда

Серікқали Брекешев тізгінін қолға алған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орманды жойғаны үшін жазаны қатайту бастамасын көтерді. Ведомство экологиялық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша Қылмыстық кодекске және Қылмыстық процестік кодекске өзгерістер енгізу ісін қолға алды, деп жазады Inbusiness.kz.

Шикізат өндірушілер іргелес ормандарға қырғидай тиюде

Бұл шаралар барынша шұғыл қабылданғаны жөн-ақ. Себебі, жұртшылық дабыл қағып, елімізде ағаш кесу "апатты деңгейге" жеткенін айтуда.

Мұны құзырлы органдардың деректері де ішінара растайды. 2020 жылдан бері мемлекеттік орман қоры аумағында 14 661 рейд жүргізілді. Нәтижесінде, 4 мың 492,8 текше метр көлемінде орманды заңсыз кесудің 194 жағдайы әшкереленді. Бұл тек анықталғаны ғана. Осының өзінен мемлекетке жалпы сомасы 63 млн 967,8 мың теңге шығын келген.

"Орманды заңсыз кесу фактілері жылдан жылға қайталанып отыр және динамикасы еш төмендейтін емес. Осыған байланысты қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату талап етіледі", – деп түсіндірді Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

Әсіресе, жер қойнауын пайдаланушылар бассыз кетті, арсыз, ашықтан-ашық қимылдайды, табиғи қазба байлықтарды өндіру үшін ормандарды отайды. Мұны ведомство да жасырмайды.

"Жер қойнауын пайдалану учаскелерінің көпшілігі Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда (ЕҚТА) немесе онымен шекаралас жерлерде орналасқан. Меморгандардың оларды үздіксіз бақылау мүмкіндігі жоқ, бұл пайдалы қазбаларды өндіру бойынша заңсыз операциялар өрістеуіне әкеп соғады. Атап өтетін жайт, ЕҚТА-мен шекаралас аумақта орналасқан жер қойнауы учаскелерін игеру кезінде жер қойнауын пайдаланушылар өз учаскелерімен шектелмей, ЕҚТА аумағында да өз бетінше шикізат өндіру жұмыстарын жүргізуі мүмкін. Осылайша, ЕҚТА жерін бүлдіреді, ондағы табиғи объектілерге орасан нұқсан келтіреді", – деп хабарлады Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

ЕҚТА жерін бүлдіру ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы бар жерлердің гидрогеологиялық, гидрологиялық режимдерінің бұзылуына соқтырады.

Бұған қалайша жол берілген?

Комитеттің түсіндіруінше, осы қылмыстық іс-әрекеттер үшін тағайындалатын жаза келтірілген залалға да, заңсыз қызметтен алынған табысқа да мүлдем сайма-сай емес. Сондықтан орман отаушылар үшін жаза тежеуші фактор болып табылмайды. Оларға ұсталып қалған жағдайда азын-аулақ айыппұл төлей салған тартымды.

"Ағаштарды заңсыз кесуге байланысты барлық қылмыстық істер "қылмысқа" емес, "теріс қылықтарға" жатады. Салдарынан, барлық жағдайда кінәлі тұлғаларға тек қоғамдық жұмыстар немесе шағын айыппұлдар тағайындалды. Олардың өтемақысының мөлшері аз. Жасалған іс-әрекет үшін тағайындалатын жазалар келтірілген залалға мүлдем мөлшерлес емес. Осыған байланысты қолданылатын шаралар елдің орман қорын қорғауға және сақтауға қызмет ете алмайды", – деп түсініктеме берді экология ведомствосы.

Жаңа заң жобасы жауапкершілікті арттыруға тиіс. Бірақ ол алдымен кәсіпкерлік субъектілерінің талқылауынан өтіп, құптауын алуы керек.

Ақмола облысының Макин қаласының тұрғыны Асылан "орман браконьерлігі" шенеуніктердің қолдауымен өрістеді деген пікірде.

"Браконьерлер, орманды арендаға алушылар орманшылық басшыларының көз жұма қарауы кесірінен ағаштарды алапат ауқымда кесіп, сатуда. Мысалы, Чернореченский орманшылығы Макин қаласында орналасқан жеке компанияға ұзақ жылға арендаға беріліп кетіпті. Ол орманды күтіп бағуға, шіріп құлаған ағаштарды әкетіп, орнына жаңа көшеттер отырғызуға міндеттелген. Алайда фирма керісінше 10 көшет отырғызса, 15-20 жыл бойы өскен мың ағашты кесіп алады. Олардың бәрі Макиндегі пилорамаларына жеткізіліп, пішінге келтіріліп, "Камаздармен", фуралармен сатылады", – дейді жергілікті тұрғын.

Оның мәліметінше, осыдан бірнеше жыл бұрын Красно-Кордон орманшылығының директоры барлық туыс-туғанын орманшы, техник және өзге де жұмыстарға тұрғызды.

"Олар орманды браконьерлер мен өрттен қорғау орнына, өздері сонымен айналысты. Директордың ағайыны – аға орманшы Жанболат пен оның досы Азамат орманды отап, елордаға, өзге қалаларға сатумен айналысты. Содан түскен ақшаға Макинде қос коттедж салып алды. Өңірде орман отау апатты жағдайға жетті. Бұлай бара берсе, болашақ ұрпағымыз нағыз орманның не екенін суреттен ғана көретін, ал жеміс-жидек, саңырауқұлақты тек дүкеннен теретін болады", – дейді Асылан.

Жұртшылықтың шағымына орай Ақмола облысының аумақтық орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясы, ішкі істер органдарымен бірлесіп, Отрадненский орман шаруашылығы мекемесін тексерген. Нәтижесінде Чернореченский орманшылығында заңсыз ағаш кесу деректері анықталмапты.

Дегенмен, бірер жыл бұрын бұл мекеменің директоры атқарып отырған лауазымынан босатылған екен. Қазіргі басшылығы басқа. Аға орманшы Жанболат О. да жұмысынан қуылған.

Ал макиндік кәсіпорынның орманда ағаш дайындау қызметі заңды деп танылыпты: жеке кәсіпкерлік 2013 жылғы ұзақ мерзімді орман пайдалану келісімімен орманды 49 жылға жалға алған.

2021 жылғы 1 сәуірдегі жаңа заң бойынша орманды ұзақ мерзімге жалға беру уақыты 25 жылға дейін азайтылды. Бұл талап бұған дейін алғандарға таралмайды.

Орман браконьерлеріне қатысты тек 8 іс сотқа жетті

Эколог, экобелсенді, Greenup қорының тең құрылтайшысы Әлия Сәлменова Экология министрлігіне жазған хатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (ЕҚТА) жалға беруді доғаруды ұсынды.

"Біз ЕҚТА аумағын қысқа мерзімге де, ұзақ мерзімге де пайдалануға беруге қарсымыз. Себебі, біріншіден, бұл ұлттық парктердің мақсаттары мен міндеттеріне қайшы келеді. Олар биологиялық әралуандылықты, бірегей ландшафтты сақтау және қалпына келтіру үшін құрылған. Егер адамдар араласпаса, орман мен оны мекендеушілер өз бетімен өсіп-өне береді. Адамдарға дейін миллиондаған жыл солай болған. Екіншіден, жалға беру мемлекеттік табиғи-қорық қорына, экологиялық жүйелерге орны толмас шығын келтіреді. Үшіншіден, су, ауа және биологиялық стратегиялық табиғи ресурстарға зор нұқсан келуде", – деді сарапшы.

Ол мұны Қазақстан ратификациялаған конвенцияларға да қайшы дейді. Бұл елдің беделіне залалын тигізеді: Қазақ елі орманды жойып, жердегі климаттың теріс өзгеруіне ықпал ететін мемлекет деп қабылданады.

Қоғам өкілдері "орманды жалға беру онда экотуризмнің дамуына мүмкіндік береді" деген шенеуніктердің байламын бос сандырақ есептейді. Өйткені орманды өз иелігіне алған тұлғалар, компаниялар өзге жан аяқ баспауы, ішінде не болып жатқанын бақыламауы үшін оны дуалмен қоршап тастайды. Ал жарты не ширек ғасыр өткенде ол жердің ахуалы әбден нашарлауы, орман оталып бітуі ықтимал. Сонда кезінде ұзақ уақытқа арендаға беріп жіберген билік өкілдерін табу қиын болады. Олар Храпунов сияқты шетелде алшаң басып жүруі мүмкін.  

Экология министрлігінің бұл мәселедегі ұстанымы өзгеріссіз қалды.

"Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дамыған елдер экотуризмнің маңызды бір қағидатын ұстанады: жергілікті қоғамдастық табиғи аумақтардан экономикалық және әлеуметтік пайда табуы қажет. Осыған байланысты 2006 жылы "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" заңында шет мемлекеттердің осы халықаралық тәжірибесі ескерілді. Заңның 46-бабына сәйкес, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің учаскелері туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін 5 жылға дейін қысқа мерзімді пайдалануға және 25 жылға дейін ұзақ мерзімді пайдалануға беріледі. Ұлттық парктердегі жер телімдерін жалға берудің негізгі мақсаты – экологиялық ішкі және келу туризмін дамыту", – деп мәлім етті Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі.

Ведомство ол жерлердің сатылмайтынын, жеке меншікке берілмейтінін, тек нақты мерзімге пайдалануға берілетінін баса айтты. Жалға алушылар ормандағы, табиғи қорық пен парктегі объектілерді сақтауға, санитарлық-гигиеналық және өртке қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті. Флора мен фаунаның сақталуын да қамтамасыз етуге тиіс.

Қынжылтатыны: инспекторлар, қоғам белсенділері орман отаушыларды ұстап алғанның өзінде оның аяғы іс қозғауға дейін жетпейді. Қозғалған істердің де сотқа жеткені шамалы: 2018 жылы – 790, 2019 жылы – 595, ал 2020 жыл қорытындысында бар-жоғы 8 іс сотта қаралған.

Бәлкім, мемлекеттің жаңа бас экологы С.Брекешев жағдайды түзеуге талаптанар деген үміт бар.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу