NewEnergy global startup fest мәреге жетті

2894

Күннің, желдің, атом, су-электр стансаларының тиімділігі жасыл энергетика келешегінің жарқындығына күмән келтірмейді.

NewEnergy global startup fest мәреге жетті

Дәстүрлі көмірсутегінің қуат көзі ретінде шапшаң қарқынмен "жасыл технологияға" орын беруі – оның  кемуінің  белгісі емес, қоршаған ортаға деген қамқорлық пен уақыттың талабы. Әлемдік нарықта бұл салаға алдыңғы қатарлы мемлекеттер тарапынан жүздеген миллиард инвестиция құйылып жатыр. Қазақ елінің де ғаламдық трендтен қалғысы жоқ. Ал алдымызда келе жатқан EXPO-2017 көрмесінің де тақырыбы  – болашақ энергиясы.

ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен Тәуелсіздік сарайында қазанның 27-сінде  өткен "NewEnergy global startup fest" байқауының қатысушылар тізімі  қомақты: Исландиядан Аустралияға, Оңтүстік Африкадан Солтүстік Америкаға созылған 5 құрлық пен 36 мемлекеттен үздік жүздік келді.

Байқау екі сатыдан тұрыпты. Қазанның 1-іне дейінгі аралықта "Силикон алқабы", Тель-Авив Университеті мен ірі шетелдік бизнес алпауыттарынан құралған әділқазылар алқасы жобаға қатысуға берілген 754 өтініштің арасынан үздік деген 100  жобаны іріктеп алған екен.

Байқаудың мақсаты – "жасыл экономиканы", жаңартылатын және баламалы қуат көздерін дамытуға халықаралық инновациялық стартап-жобаларды, компанияларды, венчурлік қорларды және акселераторларды тарту, сондай-ақ халықаралық аренада ЭКСПО-2017 көрмесін насихаттау.

Ашылу салтанатына "Астана ЭКСПО-2017" ҰҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов, Астана әкімі Әсет Исекешов, еліміздің энергетика министрі Қанат Бозымбаев,  инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек, "Астана" халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов қатысты. Осы ретте министр Қанат Бозымбаев сәтін тауып елімізге жаңа технология мен қомақты инвестицияның келетініне сенетінін айтып үлгерді. 

Байқау қатысушыларына өз жобаларын арнайы сахнаға шығып таныстыруына "питч" технологиясы байынша 90 секунд уақыт берілді. Бірақ, жылдап істеген жұмыстарын бір жарым минутта айтып шығу қатысушыларға қиын болғанын байқап қалған (байқамау да мүмкін емес-ті) Қанат Бозымбаев пен Қайрат Келімбетов бастаған топ әр инженердің павильонына барып, жобамен  жеке-жеке танысып шықты.

Шараның жабылу салтанатына шейін Энергетика министрлігінің төрелігімен топ-30 жоба анықталып, ЭКСПО-2017 көрмесіне жолдама алды. Жеңімпаздар қатарында израильдік Eco Wave Power, Farm Dog, GreenQ, HomeBiogas, Tevva Motors Ltd, Unleash the Light; Ұлыбританиялық Kelda Technology, DAJIE; Индиядан Promethean Energy Pvt. Ltd, REConnect Energy Solutions Pvt. Ltd, АҚШ-тан Volta, Inficolt Inc және Аустралияның Lightwork, Германияның Breeze, Испанияның ezzingSolar, Голландияның Sympower, Польшадан Lerta, Ресей мен Украинадан WiseSoil, Ecoisme және де т.б. 20-ға жуық жоба анықталды. Бұл тізімнен  жоғары технологиялық энерго жинақтағыш жүйе өңдейтін отандық Primus Power компаниясы өз орнын тапты.

Калифорнияның диджитал маркетинг саласындағы жетекші сарапшы Джон Говер, Қытай және Нидерланды бизнес акселераторларының өкілдері Манминт Сингх пен Фрирк Бишоп, Asian Development Bank таза технологиялар саласында стартаптар мен инвесторларды қолдау бағдарламасының басшысы Даниель Херсон және т.б. сарапшы қазылар қатысушыларға жанамалы энергетика, бизнес, брендті әлемдік нарықта өсіру тақырыптарына шеберлік сабақтарын өткізді.

Әр қатысушыға жеке павильон, инвесторлармен келіссөз жүргізу үшін арнайы бөлмелермен қамтамасыз етілген шараның ұйымдастырылуына Ахметжан Есімов оң баға беріп,  алғысын айтты.

Асқар Сахов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу