Николай Путилин: Шетелдік инвесторлар Қазақстаннан кетпейді

6118

Соңғы 30 жылда әлемнің 120-дан астам мемлекеті Қазақстан экономикасына 370 млрд доллардан астам инвестиция құйды. Біздің ел жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 35-орынға көтерілді.  

Николай Путилин: Шетелдік инвесторлар Қазақстаннан кетпейді

Inbusiness.kz тілшісінің еліміздің инвестициялық ахуалына қатысты сауалдарына Kazakh Invest ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Николай Путилин жауап берді.   

– Жаңа жылдың басындағы оқиғаларға шетелдік инвесторлардың реакциясы қандай болады деп алаңдадық. Абырой болғанда, инвесторлардан қандай да бір жобаны тоқтата тұру жөнінде ресми өтініш түскен жоқ. Барлығы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Kazakh Invest ұлттық компаниясы жобаларды қолдауды тиісінше қамтамасыз етіп отыр. Тәулік бойы 620-620 нөмірі бойынша Call-орталық жұмыс істеп тұр. Шетелдік инвесторлар бізбен кез келген уақытта байланыс орната алады. Өңірлердегі өкілдіктер де қызметін атқарып отыр. Олардың байланыс дерегін ресми сайтымыздан алуға болады.

Біз қандай жағдай болмасын инвесторларға толық әрі шынайы ақпарат береміз. Дәл қазір инвесторлар елімізде орын алған жағдайдан қауіптеніп немесе қорқып жатқан жоқ.

– Инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін қандай шара қолданып жатырсыздар?

– Біздің елдің инвес­ти­циялық тартым­ды­­лығы өте жоғары. Қазақстанның ашықтығы мен нарықтық экономикаға бейімделгені шетел инвес­ти­циясының толассыз келуіне негіз болып отыр. Бұл жерде шикізат қорының молдығы мен инвестициялық климаттың жайлылығы да ерекше маңызға ие. Шетелден қаржы тарту жобасы аясында ұлттық экономиканы әр­тараптандыру да нақты нәтиже беріп жатыр. 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестиция деңгейі ішкі жалпы өнімнің 30%-на жетуге тиіс. Қазақстанның инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін инвесторлармен үздіксіз келіссөз жүріп жатыр. Бізде инвестициялау туралы шешім қабылданған жобалармен айналысатын департамент бар. Осы департамент міндетін мінсіз атқаруға тырысуда. Президент айтқандай: "Қазақстан имиджіне үлкен соққы жасалды". Біз соққыдан кейінгі ауырсынуды болдырмауға, инвесторлардың сеніміне күдік ұялатпауға қолдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз.

– Батыс Еуропа мен АҚШ инвесторлары қытайлық инвесторларға қарағанда сақтық шараларына көп жүгініп жатқан жоқ па?

– Қытай Қазақстандағы инвесторлардың көшін бастап тұрған жоқ. Алдыңғы орынға Нидерланды мемлекеті орналасқан. Одан кейін Швейцария мен АҚШ тұр. Қытай Халық Республикасы – бесінші, Ресей Федерациясы – алтыншы орында. Әзірге бірде бір шетелдік инвестор тарапынан шағым жоқ. Сондықтан инвесторлар сақтық шараларына жүгініп жатыр деу негізсіз.

– Шетелдік инвесторлар қай салаға қомақты қаржы құяды?

– Инвестицияның басым бөлігі тау-кен өнеркәсібіне бағытталады. Себебі мұнда бір жобаның құны миллиардтарды құрауы мүмкін. Өңдеу өнеркәсібінде де шетелдік инвесторлардың қаражаты айналып жатыр. Атап көрсетерлігі, өңдеу өнеркәсібіндегі инвестицияның қарқыны жыл сайын ұлғайып келеді.

– Инвесторлар агробизнеске инвестиция салуға дайын ба?

– Агробизнес бұл – қолмен жасалатын ауыр жұмыс. Аграрлық салада ақша табу үшін көп жұмыс істеу керек. Жақында бізге голландиялықтар келді. Өздеріңіз білесіздер, Голландия ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттауда әлем бойынша екінші орында. Біз Қазақстанға олардың эргономикалық суару жүйесін тартпақшымыз. АҚШ ел аумағында ет өндіруге, оны өңдеуге қызығушылық танытып отыр. Алдағы уақытта Қазақстанда америкалық инвесторлардың қаржысына 3 ірі ет өңдеу зауыты салынады.

– Бұл – инвестициялық климат жақсара береді, Қазақстанға шетел қаржысын тарту жалғасады деген сөз бе?

– Иә, дәл солай. Жағдай тұрақтанды, ел экономикасына құйылатын шетел инвестициясына қауіп төніп тұрған жоқ. Шетелдік инвесторлар Қазақстаннан кетпейді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу