2008 жылы Олимп төрінде атой салған спортшы "қазақ стилінің" жоғалуын ел боксындағы басты мәселе деп санайтынын inbusiness.kz сайты жазады.
Ол Париждегі төрт жылдықты түйіндейтін додадағы ұлттық құрама боксшыларының сәтсіздігін де дәл осылай сынаған еді.
Сәрсекбаев мұндай пікірін кезекті рет "Дядя Ваня" телеграм-каналына берген сұхбатында айтты.
– Бокстағы "қазақ стилі" жоғалып кетті деп ойлаймын. Біз бұрын жұдырықтасқан кезде бір орында тұрмай, үнемі қозғалыста болатынбыз. Қазіргі ұрпақ мүлде басқаша. Біз оларға бір жерде қатып тұрып, әрі-бері қозғалуды үйретіп жатырмыз. Олар алдыңғы қолмен ойнауды да ұмытқан. Кідіріс көп. Қақиып тұрады да, қорғануға ғана көңіл бөледі. Бұрын бізде ондай болмайтын, қарсыласымызды психологиялық тепе-теңдіктен шығаруға тырысатынбыз. Себебі, қарсылас бір-екі соққысы дәл тимегенін сезсе, ол өз-өзіне деген сенімділігін жоғалта бастайды, – деді чемпион.
Еске салайық, Бақыт Сәрсекбаев – Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы. Ол "қазақ салмағы" саналған 69 келіде жұдырықтасып, қарсылас шақ келтірмеген болатын. Сонымен қатар, әлем чемпионаты мен Азия чемпионатында да алтынды мойынға ілді.