Өмірді сақтандыру нарықты жандандырды

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
23140

Сақтандырушылар валютаның өсуінен тағы да пайда тапты.    

Өмірді сақтандыру нарықты жандандырды

Сақтандыру компанияларының 2018 жылдың сегіз айындағы жұмыс қорытындысы көңіл көншітпеді. Сегіз айдағы 263,5 млрд теңге көлеміндегі жиынтық сыйақы 2017 жылдың сәйкес кезеңіндегі 266,7 млрд теңгемен салыстырғанда 3,2 млрд теңгеге аз. Сақтандырушылар жартыжылдықты 3,7%-ға өсіріп, жоғары көрсеткішпен жапқан. Ал жеті айдың қорытындысы бойынша сыйақыны 2,7%-ға төмендете бастады. Жалпы қорытындылауға негіз болатын тоғыз айдың нәтижесі мәнсіз болатын түрі бар.

Компаниялардың сақтандырудың барлық класы бойынша жасаған сақтандыру келісімшартының жалпы саны биыл 5,2 миллионнан 5,5 миллионға дейін артқан. Бұл сақтандыру қызметінің экономикада қолжетімді болып келе жатқанын көрсетеді. Алайда сақтандыру келісімшартының нарықтағы орташа құны 50,7 мың теңгеден 48,2 мың теңгеге дейін кеміп, сақтандырушылардың алымына жағымсыз әсер етті. Басқаша айтар болсақ, сақтандырудың жекелеген кластары бойынша сақтандыру арзан болып, бұл  барлық нарыққа әсер еткен.

Өмірді сақтандыру жағымды көрсеткіш көрсетті

Сақтандыру кластары бойынша біршама өзгеріс орын алған. Ерікті жеке сақтандыру сыйақылары 16,3%-ға өсіп, 80,5 млрд теңгені құрап, алға шыққан. Еске салар болсақ, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының  қорытындысы бойынша сыйақылар 14%-ға өскен еді. Ал міндетті сақтандыру болса сегіз айдың қорытындысы бойынша қарқынын бәсеңдетіп, 75,8 млрд теңге жинап, 11,8%-ға ғана ұлғайды. 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы өсу 19,4% болған еді. Мүлікті ерікті сақтандыру бір жыл бұрынғы 129,6 млрд теңгемен салыстырғанда сегіз айда 17,4%-ға қысқарып, 107,1 млрд теңгеге тең болды. Сегменттегі жағдайды төмендеу қиындатып жіберді. Өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда 2018 жылдың алты айының қорытындысындағы төмендеу 8,3% болған.

Сыйақылар динамикасындағы өзгеріс нарық құрылымын түгел өзгертуге алып әкелді. Осыдан бір жыл бұрын жеке және міндетті сақтандыру бірдей  26% және 25,4% сыйақы жинаған болатын. Ал мүліктік сақтандыру сыйақының 48,6%-ын жинаған. Осы жылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша жеке сақтандыру сыйақының 30,6%-ын, міндетті сақтандыру 28,8%-ын құраған. Ал мүліктік сақтандыру қоржынды 40,6%-ға дейін қысқартты. Жеке сақтандыру қашанға дейін көш бастап тұрады деген сұрақты қарастырмай-ақ қоюға болады. Өйткені нарық сыйақылар динамикасына ұзақ уақытқа дейін серпін беретін жаңа арқауын тапқан сияқты.

Сегіз айдың қорытындысы бойынша жеке сақтандыру сегменті бірден үш бағыт бойынша қарқын алды. Яғни жазатайым жағдайлардан сақтандыру 43,6%-ға, өмірді сақтандыру 49%-ға, зейнетақы өнімдерімен және жұмыскерлерді өндірісте сақтандыруға байланысты емес аннуитеттік сақтандыру 86,3%-ға өскен. Үш сегментің динамикасы жақсы болғанына қарамастан, ерікті сақтандырудың өсуіне өмірді сақтандыру ықпал етті. Бұл биылғы жылдан бастап өмірді сақтандыратын компаниялардың жинақтық сақтандырудың жаңа өнімдерін әзірлеп, ұсынуға мүмкіндік алғанымен байланысты болып отыр. Соңғы заңнамалық өзгерістер жинақтық сақтандыруға бірқатар салықтық жеңілдіктер жасап, оған жаңа қарқын берді. Мұның нәтижесі де жоқ емес. Мәселен, өмірді сақтандыру сыйақылары жеке сақтандырудың жиынтық сыйақысында 30,4%-дан 39%-ға дейін өсті. Ал жазатайым жағдайлардан сақтандыру сыйақысының үлесі 9,3%-дан 11,5%-ға дейін артып, басқа аннуитеттіктерден алғаш рет 1,4%-ға асты. Сонымен қатар өмірді сақтандыру мен жазатайым жағдайлардан сақтандыру көбінесе банктік сақтандыру саласына тиесілі болып отыр.

Автокөлік иелерінің жауапкершілігі жоғары

Міндетті сақтандырудың түрлерін сөз еткенде, көлік құралы иесінің үшінші тұлға алдындағы жауапкершілігін сақтандыру міндетті сыйақыларды жинаудың драйвері екенін ескерген жөн. Сектор бір жыл бұрынғы 33,4 млрд теңгемен салыстырғанда, биыл 40,9 млрд теңге жинаған. Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандырудың міндетті сыйақыдағы үлесі 2017 жылғы 49,4% көрсеткішке қарағанда, 54% болған. Дегенмен азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруға қатысты нәтижеге тек сыйақыны жинау ғана әсер еткен жоқ. Оған сондай-ақ міндетті сақтандырудың қалған түрлерінің тұралап қалғаны ықпал етті.

Міндетті сақтандырудың түрлері ішінде тек тасымалдаушының жолаушылар алдындағы жауапкершілігін сақтандыру ғана 13,2%-ға өскен. Сонымен қатар көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру негізінен сақтандырудың орташа құнының 9,7 мың теңгеден 11,7 мың теңгеге дейін артуы есебінен өсіп отыр.

Мүлікті ерікті сақтандырудың түрлері биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша тек бірнеше сегмент бойынша ғана өскен. Оның ішінде ең қолайлы жағдай автоЖБКАС (КАСКО)-та. Бұл жердегі сыйақылар 18,3%-ға өскен. Компаниялар 2017 жылғы 10,9 млрд теңгемен салыстырғанда 12,9 млрд теңге жинаған. Биылғы жылдың көктем мен жазындағы ауа райының қолайсыз жағдайы автокөлік иелерінің шығынын көбейткені, олардың ерікті автосақтандыруға деген көзқарастарын өзгертуге әкелген сияқты.

Статистикаға сүйенсек, 2017 жыл мен 2018 жылдың наурызының басындағы ЖБКАС келісімшарттарының саны бірдей болған. Ал осы жылдың наурызында сақтандыру жасаған машиналар саны былтырғы жылдан 7,5 мыңға асып түсті. Алайда 2018 жылдың қыркүйегінің басында жағдай мүлдем басқаша болған. Яғни ЖБКАС бойынша көліктерін сақтандырғандар саны 72,6%-ға өсіп, 158 мыңнан 272,8 мыңға жеткен. Осының нәтижесінде ЖБКАС сыйақыларының мүліктік сақтандыру бойынша жиынтық сыйақылардағы үлесі 8,4%-дан 12%-ға өскен.

Қымбат доллар

Сақтандырудағы нашар нәтижелер компанияларға негізгі жұмыстан жақсы пайда табуға мүмкіндік бермеді. Пайда былтырғымен салыстырғанда 0,04%-ға өсіп, тек 177,3 млрд теңге болған. Есесіне, компаниялар инвестициялық қызмет есебінен жақсы пайда табуда. Одан тапқан кірістері 46,8%-ға өсіп, 63,1 млрд теңге болған. Қаржылық активтер операциясынан түскен кіріс былтырғыға қарағанда 2,6 есе өсіп, 4,6 млрд теңгеге жеткен. Қайта бағалаудан түскен кіріс 3,7 есе артып, 20,4 млрд теңге болған. Бұл ретте шетелдік валютаны қайта бағалау бір жыл бұрынғы 3 млрд теңгеге қарағанда, 18,7 млрд теңге пайда табуға көмектескен.

Сақтандыру секторының жиынтық кірістері сегіз айдың қорытындысы бойынша 243,2 млрд теңге болған, яғни былтырғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 9,9%-ға шамалы өскен. Сақтандырушылардың шығыны мүлдем өспеген десе болады, былтырғы 165,4 млрд теңгемен салыстырғанда 167 млрд теңге ғана болған. Қатты үнемдеу мен қолайлы нарықтық баға жағдайы сақтандырушыларға салық салынғанға дейінгі табысты 76,2 млрд теңге көлемінде алуға мүмкіндік берді. Салық төлегеннен кейінгі таза табыс 2017 жылдың сегіз айындағы 49,4 млрд теңгемен салыстырғанда 70,7 млрд теңге болған.

2018 жылдың сегіз айында сақтандыру компанияларының активтері былтырғымен салыстырғанда 7,9%-ға, сақтандыру қорлары 4,8%-ға, жеке капиталы 10,6%-ға өскен. Сақтандыру компанияларының орташа шығыны 26,5% шамасында болып отыр. Сонымен қатар сақтандыру секторының көрсеткіш динамикасында баяулау байқалады. 2016 жылдың сегіз айында актив, сыйақы және резерв бойынша өсу қарқыны 2017 жылға қарағанда жоғары болған. Биылғы жылдың сегіз айында сақтандыру компанияларының жеке капиталы 2017 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішке қарағанда 10,6%-ға өсіп, 2016 жылы капиталдың 5,5% болғанынан асып түсті. Сақтандыру саласының 2018 жылдың сегіз айында тапқан таза пайдасы 43%-ға өскен, ал 2017 жылы пайда, керісінше, 12%-ға төмендеген болатын.

Статистика сақтандыру секторының табыстылығы мен капиталдануы өсіп келе жатқанын және оның негізгі қызметтен түсетін пайдаға қатысы жоқ екенін көрсетіп отыр. Компаниялар экономика субъектілері мен үй шаруашылығының тәуекелдерін сақтандыруға қатысты өз міндеттерін толық орындамайды. S&P Global Ratings агенттігінің мәліметі бойынша, сақтандыру қызметтерінің Қазақстандағы ЖІӨ-ге бекітілген қолжетімділігі 2017 жылдың қорытындысы бойынша 1%-дан аспаған. Әр адам басына шаққандағы сақтандыру сыйақысы басқа дамушы нарықтарда 150 доллар болғанда 100 доллардан кем болған. Бұл ретте Ұлттық банк қаржылық тұрақтылықты арттыру үшін сектордың капиталды өсіруін мақсатты түрде ынталандырады.

Қазақстандық сақтандырушыларға жалпы сақтандыру бойынша сыйақылар көлемінің өсуі үшін ынталандыру ауадай қажет. Әсіресе, ерікті сақтандыруда. Өмірді сақтандыруға қатысты сыйақылардың жандануы – оң фактор. Алайда халықтың төлемқабілеті бар адамдар санының аз болуы және сақтандырушылардың басқа қаржылық институттармен халықтың ақшасы үшін қатты бәсекелесуі жинақтық сақтандыруға ондаған жыл бойы жоғары  қарқынмен өсуге мүмкіндік беруі екіталай.

Татьяна Батищева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу