Орталық Азия елдерінің жеке амбициясы басым

23388

Күш біріктіру туралы әңгіме 30 жылға жуық айтылып келеді.

Орталық Азия елдерінің жеке амбициясы басым

Отандық сарапшы Эдуард Полетаевтың пайымынша, Орталық Азия бойынша Қазақстан мен Өзбекстан экономикалық көшбас­шы саналады.

Өткен жылғы зерттеуге сенсек, сатып алу қабілеті бойынша Қазақстанның ІЖӨ – 460,7 млрд, Өзбекстандікі – 202,3 млрд дол­лар болған. Ал Түркіменстандікі – 94,8 млрд, Тәжікстандікі – 25,8 млрд, Қырғызстандікі  –  21 млрд долларды құраған.

"Кеңес одағы кезінде қазақ, өзбек экономикасы бірін-бірі толықтыратын салалардан құралды. Су ресурстарын пайдаланудан бастап, энергетика мен көлік салаларында тығыз байланыс болды. Екі ел Аралды сақтап қалуға мүдде танытты. Қазір трансшекаралық өзендер, діни экстремизм мен терроризм, есірткі тасымалы, еңбек миграциясы секілді өткір мәселелер күн тәртібінде тұр. Бір қызығы, Орталық Азия елдерінің ішкі проблемаларын сыртқы күштер бақылауға алғысы келеді. Біз бұған жол бермеуіміз керек", – деді Эдуард Полетаев Орталық Азия мемлекеттерінің сарапшылары бас қосқан жиында.

Өзбекстандық сарапшы Юлий Юсупов қазақстандық әріптесін қостай сөйледі.

"Әлем Орталық Азия мемлекеттерін бір-біріне байланған, проблемалары ортақ ел деп қарастырады. Қытайдың өзінде Қазақстанның немесе Өзбекстанның тақырыбына жеке-дара маманданған сарапшы жоқ. Меніңше, қазір Орталық Азия экономикалық, мәдени және саяси интеграцияның балалық ауруын бастан кешіп жатыр. Себебі әр елдің өз амбициясы бар. Ал экономика бізге бірігуді және аймақтық  проблемаларды бірлесіп шешуді талап етеді", – деді Юлий Юсупов.

Сөз арасында ол Орталық Азия елдері сарапшыларының таныстығы жеке бас сыйластығы деңгейінен әрі аса алмай жүргеніне тоқталды.

"Біз күні бүгінге дейін жеке әрекет етуді, шешім қабылдауды әдетке айналдырдық. Бұл бізге бұған дейін де, қазір де кедергі келтіріп тұр", – деді Юлий Юсупов. 

Өз кезегінде қазақстандық сарапшы Еркін Байдаров жоғарыдағы проблемалардың барлығы айтуға ғана оңай екеніне назар аударды.

"Күшімізді біріктіру туралы әңгімені 30 жылға жуық айтып келеміз. Алайда күні бүгінге дейін 5 елдің сарапшылары бірігіп зерттеу жасауға да талпынып көрген жоқпыз. Халықаралық институттардың қаржыландыруымен жарыққа шыққан кітаптар бар. Бірақ олар бір реттік зерттеулер. Бізге бір рет қана жазып, сосын қоя салатын еңбектер қажет емес", – деді Еркін Байдаров.

Оның сөзінше, бизнес тек қана коммерциялық жобаларға немесе сол бағыттағы зерттеулерге қаржылық қолдау көрсетеді. Бизнес үшін әлеуметтік бағыттағы жобалар тартымсыз. 

"Өзбекстан мен Қырғызстан академиялық байланыс орнатуға қарсы емес.

Кедергі бізден болып тұр. Себебі Қазақстанда ғылым академиясының мемлекеттік мәртебесі жоқ. Олар тек қоғамдық бірлестік деңгейінде ғана жұмыс істейді. Бізге ғылым академиясының КСРО кезіндегі мәртебесін қайта қалыпқа келтіру керек", – деді Еркін Байдаров.

Рауан Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу