Отандық автокөлік құралдары Қытайға ішкерілей кіріп, теңіз порттарына дейін бара алады

1513

Көліктер Үрімші, Шанхай, Пекин, Ляньюньган портына бара алады.

Отандық автокөлік құралдары Қытайға ішкерілей кіріп, теңіз порттарына дейін бара алады Фото: Мәжіліс

Қазақстан мен Қытай өзара транзиттік-көліктік және сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға ниетті. Осы аптада өтетін Мәжілістің жалпы отырысында осыған қатысты 3 ратификациялық заң жобасы қаралмақ. Бұл келісімдер туралы Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров толық айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мұқаш Зұлқарнайұлы, Қазақстан мен Қытайдың өзара транзиттік-көліктік ынтымақтастығын арттыруға қатысты қандай құжаттар қаралады? Осы келісімдер екі елдің экономикалық байланысын арттыруға қалай ықпал етеді?

Ертең Мәжілістің отырысында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының үкіметтері арасында үш келісім ратификацияға кірейін деп отыр. Біріншісі – екі мемлекеттің арасында автокөлік тасымалдарын дамыту жөнінде келісім. Оған 2023 жылы қол қойылған. Екіншісі Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қатысты, үшіншісі – екі елдің арасында ТХКБ темір жол саласындағы контейнерлік тасымалдауды ұлғайту жөніндегі келісімдер. Егер статистикалық деректерге жүгінетін болсақ, 2022 жылы екі мемлекеттің арасындағы сауда-саттық көлемі 22 млрд долларды құраса, 2023 жылы 31 млрд долларға жеткен. Қазір екі Мемлекет басшылары бұл көрсеткішті 40 млрд долларға жеткізуді мақсат етіп отыр. Қазақстаннан көптеген шикізат өнімдері, өңделген өнім, бидай, ұн және басқа да ауыл шаруашылық дақылдары экспортқа шығарылып жатыр. Қытай жақтан көптеген жабдықтар мен тауар түрлері келеді. Қазақстанның транзиттік мүмкіндігі жоғары.

"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы"   заң жобасының жаңашылдықтарына тоқталсаңыз.

Осыған дейінгі келісім 1992 жылы жасалған. Бұл құжатқа 32 жыл болды. Оған сәйкес, біздің көліктеріміз Қытай шекарасының айналасындағы аймақтарға ғана баратын, одан артық өте алмайтын. Қазіргі ең үлкен айырмашылық – отандық жүк тасымалдаушылары Қытайдың ішіне, оның порттарына бара алады. Порттардан тауар алып, елімізге алып келуге мүмкіндіктері бар. Бұл паритеттік, яғни тең негізде жүзеге асырылатын болады. Биылдың өзінде бізден 200 мыңға жуық автокөлік Қытайға өтеді деп жоспарланып отыр, енді бұл келісімді ратификациялағаннан кейін Қытайдың Үрімші, Шанхай, Пекин, Ляньюньган портына көліктеріміз бара алады. Қытайдың көліктері де біздің транзиттік әлеуетімізді қолданып, Қазақстан арқылы басқа елдерге баруға да мүмкіндіктері пайда болады. Бұл келісімде жолаушылар таситын мүмкіндіктер де қарастырылған. Оның бірқатар процедуралары бар.

Осы Келісім негізінде рұқсат бланкілерін қағаз жүзінен электрондық форматқа ауыстыру көзделіп отыр. Бұның артықшылықтары қандай? Осы ратификация транспорттық жүк тасымалдарын онлайн бақылауға мүмкіндік бере ме?

Мемлекет басшысы барлық салада цифрландыруды енгізуге қатысты мәселені көтергені белгілі. Цифрландыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал етеді. Әр берілген рұқсаттың құны – 1 АЕК, көлеңкелі бизнесте оның бағасы одан әлдеқайда жоғары деген сөздер айтылып жатыр. Сондықтан рұқсат бланкілерін электронды форматқа ауыстырғаннан кейін мұндай келеңсіз жағдайларға тосқауыл қойылады деген ойдамын. Бұл барлық қатысушыға рұқсатты онлайн түрде алуға мүмкіндік береді.

Отандық автокөлік құралдарының көршілес Қытай аумағына емін-еркін кіруінде кедергілер кездесе ме? Келісімді ратификациялау бұл мәселені шеше ала ма? Келісім аясында Қазақстаннан Қытайға, Қытайдан Қазақстанға ішкерлей кіруі барлық көлікке қатысты бола ма?

Көлік министрлігінің дерегінше, оның өзіндік стандарттары бар. Евро-4, Евро-5 деген сияқты. Біздің көліктер осы стандарттарға сай болуы тиіс. Бұл талап Қытайдың көлік құралдарына да қатысты. Бұдан басқа жүк көліктерінің салмақтарына шектеулер болады. Екі жақта да транспорттық бақылау инспекциялары бар. Сондықтан екі тараптан да бақылау жүргізіледі.

Екі ел арасында автокөлікпен орындалатын жүктерді тасымалдау көлемі қаншаға ұлғаюы мүмкін? Қазақстан үшін пайдасы қандай болмақ?

Қазірдің өзінде 2022 мен 2023 жылдары жүктерді тасымалдау көлемі 30 пайызға артқан. 2022 жылы бұл көрсеткіш 760 мың тонна болса, 2023 жылы – 1,3 млн тонна. Биыл бұл көрсеткіш 2 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін. 2030 жылы автокөлікпен орындалатын жүктерді тасымалдау көлемін 4 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндіктер бар. Келісім ратификацияланған жағдайда бұл процесс бұдан да тез жүруі мүмкін.

Бұдан бөлек екі елдің аумағындағы контейнерлік пойыздарды қадағалау бойынша деректерді алмасу көзделіп отыр. Контейнерлік пойыздар арқылы негізінен қандай жүк түрлері тасымалданады?

Мысалы, Қытайдан электроника, тұрмыстық техника, басқа да жабдықтар тасымалданады. Осы келісімге дейін Қытай жақта тауарлардың қай жерде тұрғаны, пойыздарымыздың келе жатқанына қатысты ақпарат болмады. Егер кәсіпкер қандай тауар түрлері келе жатқанын білмейтін болса, бұл бірқатар қиындық туғызады. Енді Қытай тарапы да осы келісімнің аясында жүктер, контейнерлік пойыздар туралы ақпаратты бізге беруге міндеттеледі. Осыған дейін Қазақстан осындай мәліметті беріп отыратын, бірақ Қытай тарапы бермейтін.

Жалпы қос елдің арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау не береді? ТХКБ-ның әлеуеті қандай? Бүгінде осы бағыт қалай пайдаланылып отыр?

Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен өткізу қабілеті ұлғайтылады деп жоспарланып отыр. Мәселен, қазір Қытайдан Еуропаға жүктерді өткізу жылдамдығы 19-23 күн болса, енді 12-13 күн болады. Өкінішке қарай, 2023 жылы 2022 жылға қарағанда Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша контейнерлік тасымалдау көлемі түсіп кетті. 2024 жылы бұл көлем артып жатыр. Қазіргі контейнерлік тасымалдың негізгі бағыты Ресей, Беларусь арқылы Еуропаға барып жатыр. Бізге қосымша маршруттар да керек. Сондықтан бізге контейнерлік тасымалды ұлғайту маңызды.

Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісім аясында 2026 жылға дейін теміржолдарда бірнеше ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылады деп айтылған. Бұл қандай жобалар?

Бүгінде "Достық-Мойынты" темір жолының екінші желісінің құрылысы жүріп жатыр. Қазір темір жол Алматыны қақ жарып өтетіндіктен, бұл жүктің уақытылы өтуіне кедергі келтіруде. Оңтүстік мегаполисті айналып өтетін темір жол салынып жатыр. Бұл да біздің транзиттік әлеуетімізді арттыруға септігін тигізеді. "Мақтаарал-Дарбаза" темір жол желісі Өзбекстан жағынан тауарлардың өту мүмкіндігін арттырады.

Ратификациялық заңда өтпелі транзитті декларациялау процесін автоматтандыру арқылы әкімшілік кедергілер азаяды делінген. Қандай кедергілер жойылады деп күтіліп отыр?

Инспекциялық бақылау құрылғылары қойылғандықтан, әр пойызға берілетін кедендік рәсімдеу уақыты жарты сағатты құрайды. Негізінен оған 21-22 минут кетіп жатыр. Енді кедендік рәсімдеу уақытын азайтып, тауарлардың тез өтуіне жағдай жасалуда.

Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды қалай бағалайсыз? Бүгінде еліміз өзінің транзиттік-көліктік әлеуетін толық пайдаланып жатыр ма?

Жалпы визасыз режим негізінен туристерге емес, біздің кәсіпкерлерге берілген мүмкіндік деп ойлаймын. Одан бөлек Қазақстан жылдан жылға Қытайдан келіп жатқан тауарлардың транзиттік көлемін де ұлғайтып отыр. Жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып келеді. Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін қолдануға толық мүмкіндігі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу