Отандық экспорт басы жоқ дене секілді – сенатор

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
18105

Инвестиция комитетінің мамандарынан дипломат жасаудың қажеті жоқ.

Отандық экспорт басы жоқ дене секілді – сенатор

Сенаттың бүгінгі отырысында депутат Дәурен Әділбеков еліміздегі экспорт мәселесін қозғады. Сенатордың сөзінше, экономиканы әртараптандырып, тиісті өсімге қол жеткізуге мүмкіндік беретін маңызды үш фактор бар. Олар – инвестиция, экспорт және индустрияландыру.

"Әлеуметтік салаға жұмсалатын қаржы бюджеттің тұрақты шығындары болып саналады. Мұндай шығындар одан кейінгі жылдары да сақталады. Сондықтан бюджетке түсім түсіріп отыратын тұрақты қаржы көздері керек. Ол үшін резерв қалыптастырған дұрыс. Сондай-ақ салықтық базаны кеңейту қажет. Дұрысы – экспорттық әлеуетті пайдалану", – дейді Дәурен Әділбеков.

Сенат депутатының пікірінше, үкімет алдында тұрған үлкен міндеттің бірі – инвестиция мен экспортты ұлғайту.

"Алдымен эспорттық өнімдердің қатарын көбейту керек. Бірақ, бұл бағытта шешімін таппаған бірнеше мәселе бар", – дейді ол.

Естеріңізде болса, осыдан біршама уақыт бұрын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты инвестиция комитеті сыртқы істер министрлігіне өткен еді. Осылайша, инвестиция тарту, экспортты ұлғайту мәселелерімен дипломаттар айналыса бастаған болатын. Дәурен Әділбековтің сөзінше, үкіметтің осы бір қадамы дұрыс емес.

"Сенаттағы жұмыс тобының мүшелерінен "Тауар экспорттауды кім үйлестіреді?" деп сұрадым. Сыртқы істер министрлігі деген жауап алдым. Сонда бұл министрлік қандай іспен айналысуы керек? Елшілік қызметпен бе? Әлде экспорт мәселесімен бе? Екеуі екі бөлек дүние ғой. "Жоқ, экспортпен сыртқы істер министрлігі де айналысады" деп нақтылады жұмыс тобының өкілі. Әдетте, немен айналысатынын нақты білмейтін мекеме бюджетті қысқартады немесе арттырады. Болмаса, штаттық кестеге өзгерістер енгізеді. Ал енді осы жылдың бірінші тоқсанында сыртқы істер министрлігі не тындырды? Инвестиция комитетінің мамандарынан дипломат жасап шығарды. Меніңше, бұл дұрыс қадам болмады. Мұндай өзгерістер қосымша шығындарды талап етеді", – дейді депутат.

Дәурен Әділбековтің айтуынша, бізде отандық экспорттаушыларды қолдау құралдары аз. Мұндай қаржылық құралдардың саны небары 15 қана екен.

"Оның 13-і "KazakhExport" компаниясына тиесілі. Ал қалған екеуін қандай да бір даму институты атқарады. Белгілі болғандай, бұл институт көліктік шығындарды өтеумен айналысады екен. Яғни, даму институты, экспорт, көліктік шығындар. Осы үшеуін өзара байланыстырып көріңізші? Бір-бірімен үйлеспейді де. Сондықтан экспорттаушыларды қолдауға арналған қаржылық құралдардың бәрін біріктіріп, "KazakhExport" компаниясына беру керек деп ойлаймын. Кейін экспорттаушыларға "бір терезе" қағидаты бойынша көмек берілетін жағдайға жетеміз. Осындай ұсыныс айтып едім, жұмыс тобының өкілі ескереміз деді. Бұл істі кім үйлестіреді деп сұрадым. Арнайы кеңес барын айтты. Келесі аптада қолыма басқа құжат түсті. Онда бұған жауапты индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі деп тұр. Меніңше осының басын ашып алу керек. Бұдан бөлек, Қазақстанның даму банкі, "Даму" қоры экспорттаушыларға жеңілдетілген несие берумен айналысады. Қысқасы, бірнеше институт бір ғана экспорт мәселесімен бас қатырып отыр. Бірақ, барлық жұмысты үйлестіретін, жауапты болатын мекеме жоқ. Отандық экспорт басы жоқ дене секілді. Экспорт мәселесін кім үйлестіретінін әлі ұқпай жүрміз", – дейді сенатор.

Оның айтуынша, елшілер саяси мәселемен айналысуы керек. Яғни, қазақстандық өнімдерге жасалатын кедергілерді жойып, оларға берілетін квота санын арттыруы керек.

"Әрбір елші нақты бірнеше жобаға ие болып, шетелден инвестиция іздесін. Оған дейін бұл мәселелер өзімізде пысықталуға тиіс. Былтыр индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі шет елден 70 сауда өкілдігін ашу туралы бастама көтерді. Біздіңше, сауда-экономикалық әлеуеті жоғары төрт-бес мемлекеттен ашса жеткілікті. Бірақ, бұл іс комиссияарылық келісім шеңберінде жүзеге асуы керек. Сонда нәтиже де болады. Олар біздің елден өз өкілдігін ашады, біз ол елде ашамыз. Осылайша бизнес қоғамдастықпен бірлесіп жұмыс істейміз. Сауда өкілдіктерін сыртқы істер министрлігіне берудің қажеті жоқ. Өйткені, елшілер бір орында үш жылдан артық отырмайды. Тиісінше, бизнес өкілдерімен танысып та үлгермейді", – дейді Дәурен Әділбеков.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу