Өзбек елі жаңа елордасын тұрғызуға кірісіп кетті. Ол қазіргі астанасының жанында орналасқандықтан әзірге "Жаңа Ташкент" деген шартты атауға ие.
Шыршық пен Қарасу өзендерінің арасын алып жататын, елдің әлеуметтік, әкімшілік, іскерлік және мәдени жаңа орталығына айналады деп белгіленген "Жаңа Ташкент" қаласы 20 000 гектар жерде бой көтеретін болады.
Жаңа астана 454 Ватикан мемлекеті сыйып кететін ұланғайыр аумаққа құлаш жайып жатады. Онда өзгесін атамағанда, High-Tech City сияқты көкке мойын созған бірнеше зәулім ғимарат болады деп жобаланған.
Осының бәрін салу үшін көп көлемде жұмыс қолы, соның ішінде білікті мамандар талап етіледі.
Сондықтан Өзбекстан бірінші кезекте Ресейде, Қазақстанда жүрген төл еңбек мигранттарына сауын айтып, оларды Жаңа Ташкент шаһарын салу үшін елге оралуға шақырды. Билік оларға Отанда жоғары жалақылы жұмыс ұсынуға уәде етті.
Осы мақсатта бірінші болып, Өзбекстанның Ресейдегі елшілігі Жаңа Ташкентті тұрғызу бойынша тарихи жобада төл қолтаңбасын қалдырып, мол табыс табуға шақырған роликті жариялады.
Бейнеүндеуді Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық министрлігі Жұмыспен қамту және кедейшілікті қысқарту министрлігімен бірлесіп түсірді.
"Құрметті отандастар! Шетелде жұмыс істеп жүрген қандастарымызды "Жаңа Ташкентті" бірге салып, табыс табуға шақырамыз! Жобаның құрылыс ұйымдары осы салаларда тәжірибесі бар 10 000-ға жуық отандасымызға бетоншы, сылақшы, сантехник, электрик, кірпіш қалаушы және басқа да 38 түрлі кәсіп бойынша жұмыс ұсынады. Оларға ай сайын 8-15 миллион сом жалақы төлейді", – деп хабарлады өзбекстандық министрліктер.
ҚР Ұлттық банкінің 8 наурызға белгілеген бағамы бойынша 15 миллион сом 574,5 мың теңгеге тең.
Елшілік туған жерінде, отбасының қасында жұмыс істеуге ниет білдірген шетелдегі өзбек қандастар 0 800 0000 1176 нөміріне, ал, Өзбекстанда тұратын мамандар 1176 қысқа нөміріне хабарласып, жұмысқа орналаса алатынын жария етті.
"Фергана" порталының нақтылауынша, "Жаңа Ташкентті" салушыларға 3 реттік тегін тамақ, арнайы киім, жатақханада орын ұсынылатыны уәде етілді.
Жаңа астананы салу уақыты тығыз болғанымен, әр маусымдағы жұмысшыларға арналған жұмыс күні 8 сағаттан аспайтын көрінеді.
Жұмысшылардың ай сайынғы орташа жалақысы 8-15 миллион сом (шамамен 625-1 170 доллар) болатыны айтылды.
"Fergana.agency" 2024 жыл қорытындысында Өзбекстандағы орташа жалақы 5,3 млн сум (412 доллардай) болғанын еске салады. Яғни, одан үш еседей көп болмақ.
Бұдан бұрын Өзбекстан Президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов Ресейдегі Өзбекстанның еңбек мигранттарының саны соңғы 8 жылда кем дегенде 4 есе қысқарғанын мәлімдеген болатын.
Тәжірибелі әрі еңбекқор өзбек жұмысшылары енді Ұлыбритания, Швейцария, АҚШ, Еуропа елдерінде кең сұранысқа ие. Оның үстіне олар алыс шетелде "сабан ақшасы" құнсызданған Ресейдегіден бірнеше есеге дейін көп әрі "берік валютада" табыс таба алады.
"2016 жылға дейін Ресейдегі еңбек мигранттарымыздың саны орта есеппен 4-6 миллионға дейін жететін. Ал, бүгінде РФ-та 1 миллиондай ғана мигрантымыз қалды. Бұл ақпаратты сондай-ақ Өзбекстанның және Ресейдің президенттері ауызға алды", – деді Асадов Sevimli телеарнасына сұхбатында.
Ол бірнеше миллион өзбекстандықтың Отанына оралып, жұмыс тапқанын нықтады. Өзбекстанда кейінгі жылдары жүргізіліп жатқан тиімді экономикалық реформалардың арқасында көптеген жұмыс орындары ашылып жатыр.
Сонымен бір мезгілде, Өзбекстан билігі жыл сайын кем дегенде 100 мың өзбекстандықты шетелде, негізінен дамыған елдерде жоғары жалақылы жұмысқа тұрғызатын арнайы бағдарлама қабылдады.
Осы мақсатта Өзбекстан көптеген елмен өзбек мамандары мен жұмысшыларын ұйымдасқан түрде жіберуге қатысты екіжақты келісімдер бекітті. Бұл – бүкіл Орталық Азия мен Қазақстанда теңдесі жоқ тәжірибе, ұлағатты үлгі.
Өйткені өзге елдердің азаматтары, соның ішінде қазақстандықтар шетелге өз бетімен, бейберекет кетеді, салдарынан жатжұртта "жолығатын" проблемалармен жалғыз қалады, жергілікті қылмыстық әлемнің, адал емес жұмыс берушілердің құрбанына айналады. Құқықтары жаппай аяққа тапталады. Ақпарат құралдары бір ғана Кореяда ондаған қазақстандық дүние салғанын жазды.
Asia-Plus басылымы Президент Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен, Өзбекстан 2016 жылдан бері шетелге табыс іздеп аттанатын Өзбекстан азаматтарын қолдаудың кешенді шаралары қабылданып жатқанын қаперге салды.
Атап айтқанда, қазіргі кезде өзбекстандықтар түрлі "Ұйымдасқан еңбек миграциясы бағдарламалары" аясында шетелге жалғыз-жарым емес, топ-тобымен аттанады.
Осы орайда оларға елден шығар алдында баратын елінде рәсімделген тиісті еңбек келісімшарты ұсынылады. Онда қандай жағдайда нендей жұмыс пен қызмет атқаратыны, ол үшін қанша көлемде жалақы алатыны, құқықтарының қалай қорғалатыны жазылады. Еңбеккерлер сақтандырылады.
Сондай-ақ көршінің ақпарат құралдары ұйымдасқан еңбек көші-қоны бағдарламалары аясында шетелге шығатын өзбектердің жұмысшы визаларының шығысын мемлекет өтейтінін мәлім етті.
Мемлекет сондай-ақ оларға тегін курста тиісті шет тілін үйретеді, елден шықпас бұрын шетелдегі кәсібі бойынша емтихан тапсыртқызады, даярлайды. Бұдан бөлек жолының шығынын да мемлекет пен жұмыс беруші көтереді.
Таяу уақытта шетелде жұмысқа орналастырылған өзбектерге өз елінде, Өзбекстан қалаларындағы жаңа тұрғын үй кешендерінде пәтер сатып алу үшін арнайы ипотекалық кредит рәсімдеу мүмкіндігі берілетіні жарияланды. Бұл кейін олардың елге заманауи сұранысқа ие білікті маман болып оралуына ықпал етеді.