Өзбекстанның әскери соты президенттің бұрынғы баспасөз хатшысын өлтіруге әрекеттенген 10 айыпталушыны ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырды.
Мұны сәрсенбі күні көрші елдің жоғарғы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап Reuters агенттігі хабарлады.
Президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы Комил Алламжоновтың көлігіне өткен жылдың қазан айында шабуыл жасалды. Бұл сәтсіз шабуыл 37 миллион халқы бар мемлекетте билік үшін күрес жүріп жатыр деген қауесеттің тарауына себеп болды.
Мәлімдемеде 7 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айырылған 10 айыпталушының тек бесеуінің ғана есімдері аталды. Сотталғандар арасында қауіпсіздік қызметінің жоғары лауазымды қызметкері мен ішкі істер министрлігінің жоғары лауазымды қызметкері де бар.
Сот таратқан мәлімдемеде Алламжоновтың неліктен нысанаға алынғаны және қастандықтың артында кім тұрғаны жайында ештеңе айтылмаған.
2016 жылы Ислам Кәрімов қайтыс болғаннан кейін билікке келген Президент Шавкат Мирзиёев өзін реформатор ретінде көрсетіп, ел экономикасын сыртқы әлемге ашты және бұрынғы президенттің қатаң саяси бақылауын жеңілдетті.
Айта кетсек, Президент отбасымен тығыз байланыста болған саяси қайраткер Алламжонов өзіне қастандық жасалардан бірнеше апта бұрын бизнеспен айналысу үшін қызметінен кететінін мәлімдеген екен.
Осы оқиғадан бір ай өткен соң Мирзиёев қорғаныс министрін, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысын және бірнеше жоғары лауазымды шенеунікті қызметінен босатты. Ал кейбір өзбек ақпарат құралдары бұл отставкаларды Алламжоновқа жасалған қастандықпен байланыстырып отыр.
Өзбекстан билігі шешен текті екі ресейлік азаматты тұтқындауға ордер бергеннен кейін бұл іс Ресей назарына да ілікті.
Дегенмен, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров өзінің телеграм арнасындағы жазба жариялап, бұл іске қатысы жоқтығын жариялады.
"Егер мен мұны жоспарлаған болсам, оны орындайтын едім", – деді ол.