Өзбекстан мен Қазақстанды кімдердің асырап отырғаны анықталды

24031

Алпауыт салық төлеушілердің тізімінің өзі екі елдің экономикасының қандай салаларға қатты тәуелді екенін паш етеді.

Өзбекстан мен Қазақстанды кімдердің асырап отырғаны анықталды Фото: inbusiness.kz

Өзбекстанның Салық комитеті 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысын шығарып, өзбек қазынасын толтырып отырған ірі салық төлеушілердің "ТОР-20" тізімін жариялады.

Тізімге жеке компаниялар ғана емес, мемлекеттік кәсіпорындар да кірген. Оңтүстік көрші осының арқасында қазақтардан озып кетті. Өйткені Қазақстанда алпауыт салық төлеушілер арасында мемлекеттік компаниялар жоқтың қасы.

Сонымен, ӨР-дің бюджетін қампайтып отырған мемлекеттік кәсіпорындардың көшін НГМК, АГМК және "Худудгазтаъминот" бастады. Ал, жеке сектордағы компаниялардың арасында UZBAT, Enter Engineering және басқасы алға озды.

Көршінің Салық комитетінің дерегінше, 2024 жылғы қаңтар-наурызда Өзбекстандағы 2 186 ірі салық төлеуші ел қазынасынан 24,5 триллион сум салық құйған. Бұл 2023 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда, бірден 13,4% көп. Былтырғы ұқсас кезеңде салық түсімі 21,6 триллион сумды құраған. Осының өзі Өзбекстан экономикасының қарыштап дамып келе жатқанын, оның бизнесінің өркендеу даңғылына шыққанын білдірсе керек.

Елең еткізерлік жайт сол, биылғы үш айдағы осы 24,5 триллион салықтың 12,5 триллионын мемлекеттік меншіктегі 10 салық төлеуші аударыпты.

Бұл ондықта салық төлеу бойынша ең жоғарғы көрсеткішімен Навоий тау-кен металлургиялық комбинаты (НГМК) лидер атанды: 6,22 триллион сум аударған. Оның ізін Алмалық тау-кен металлургиялық комбинаты (АГМК) басып келеді: бюджетке 1,96 триллион сум құйды. Ресейдің арзан көгілдір отынын да орайымен іске жаратып отырған, халық пен бизнеске газ жеткізу операторы "Худудгазтаъминот" көшбасшыларды қуып жетуге шақ қалды: 899,1 миллиард сум салық төледі.

Мемлекет меншігіндегі кәсіпорындар қатарынан ірі салық төлеушілердің ондығынан сондай-ақ UzGasTrade (842,4 млрд), "Узбекнефтегаз" (721,2 млрд), "Навоийуран" (491,3 млрд), "Узтрансгаз" (331,9 млрд), UzAuto Motors (324,3 млрд), "Навоийазот" (314,4 млрд) және "Узбектелеком" (302,7 млрд сум) табылды.

Өзбекстан бюджетіне биылғы бірінші тоқсанда тағы 12 триллион сумды 10 жекеменшік компания аударды.

Бұл ондықта бірінші орынды тұрақты түрде UZBAT британдық-америкалық-өзбекстандық бірлескен кәсіпорны иеленіп келеді: 646 млрд сум салық жолдады. Бұл компания 1994 жылдан бері темекі бұйымдарын және никотині бар өнімдерді өндіреді.  

Оның соңынан Enter Engineering ерді: 323 млрд сум. Компания түрлі күрделіліктегі өнеркәсіптік және технологиялық объектілерді салуға маманданған. Үштікті тағы бір темекі компаниясы – Tashkent Tobacco тұйықтады: ол үш айда 199 млрд сум салық төледі.

Ары қарай коммерциялық қос банк орналасқан: "Капиталбанк" – 198 млрд сум, "Хамкорбанк" – 142 млрд сум салықты санап берген.

Ондыққа сонымен қатар мұнай-газ саласындағы компанияларға ұңғымаларды тұрғызу және күрделі жөндеу қызметтерін ұсынатын Eriell (141 млрд сум), Unitel (Beeline) мобильді операторы (133 млрд), 2023 жылғы мамырда ғана ашылған Gid License Plate шетелдік компаниясы (102 млрд), Қытайдың полимерлі қаптама материалдарын шығаратын ірі өндірушісі DA WE зауытының Өзбекстандағы өкілдігі Universal Packing Masters (79 млрд) және Korzinka.uz супермаркеттер желісінің иесі Anglesey Food (68 млрд) енді.

Газета.uz Салық комитетіне сілтеме жасап, 2023 жыл бойынша алпауыт салық төлеушілердің тізімі келесідей болғанын еске салады. Өзбекстандағы ТОР-20 салық төлеушілер, соның ішінде мемлекеттік кәсіпорындар:

  • НГМК – 22,29 трлн сум,
  • АГМК – 7,85 трлн сум,
  • "Узбекнефтегаз" – 4,32 трлн сум,
  • "Навоийуран" – 2,61 трлн сумов,
  • UzGasTrade – 2,59 трлн сум,
  • "Худудгазтаъминот" – 2,4 трлн сум,
  • UzAuto Motors – 1,5 трлн сум,
  • "Жылу электр станциялары" – 1,4 трлн сум,
  • "Өңірлік электр желілері" – 1,24 трлн сум,
  • "Узавтосаноат" – 1,12 трлн сум.

Жекеменшік компаниялар арасындағы алып салық төлеушілер:

  • UZBAT – 2,18 трлн сум,
  • Unitel – 687 млрд сум,
  • Eriel O. S. M. E. DMCC – 675 млрд сум,
  • "Капиталбанк" – 552 млрд сум,
  • Tashkent Tobacco – 480 млрд сум,
  • "Хамкорбанк" – 418 млрд сум,
  • Enter Engineering – 407 млрд сум,
  • Coca-Cola Ichimligi Uzbekistan – 293 млрд сум,
  • International Beverages Tashkent (Pepsi және басқа сусындар өндірушісі) – 238 млрд сум,
  • Sanoat Energetika Guruhi – 228 млрд сум.

Осы тізімнен өзбек экономикасының барынша диверсификацияланғанын, нақты бір секторға қатты тәуелді еместігін байқауға болады. Ірі салық төлеушілері қатарында жоғары технологиялы компаниялар да, тамақ және өңдеу өнеркәсібінің өкілдері де жетерлік.

Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті де еліміздің бюджетіне ең көп салық аударған салық төлеушілердің ТОР-10-ын жариялады. Комитеттің дерегінше, олар 2023 жыл бойы ел қазынасын жалпы жиынтығында 6,4 триллион теңгеге толтырды.

Мемкірістер комитетінің дерегінше, дәстүрлі түрде Қазақстанның бюджетін негізінен мұнай-газ өндіруші кәсіпорындар қамтамасыз етті. Өңдеу өнеркәсібінің үлесіне 1,2 триллион теңге салықтық түсім тиесілі.

Қазақстандағы ТОР-10 салық төлеушілер тізімі келесідей:

  • "Теңізшевройл" ЖШС – 3 триллион 746,4 миллиард теңге,
  • "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.", қазақстандық филиалы – 977,8 миллиард теңге,
  • "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ – 319,5 миллиард теңге,
  • KAZ Minerals Aktogay ЖШС – 260,7 миллиард теңге,
  • "Қазақстан халық банкі" АҚ – 210,3 миллиард теңге,
  • "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В." филиалы – 204,4 миллиард теңге,
  • "Өзенмұнайгаз" АҚ – 198 миллиард теңге,
  • "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС – 177,7 миллиард теңге,
  • "Филип Моррис Қазақстан" ЖШС – 168,4 миллиард теңге,
  • "Азиатский Газопровод" ЖШС – 167,7 миллиард теңге.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельеваның айтуынша, кейінгі кездері мұнай секторынан түсетін түсім азайып кетті.

Мәселен, 2023 жыл қорытындысында олардың Ұлттық қорға аударған салықтық түсімдерінің көлемі небары 4,6 триллион теңгені ғана құрапты. Бұл жоспардағыдан бірден 1,6 триллион (!) теңгеге кем.

Өзбекстандағы сияқты бюджеттің бүйірін толтыру орнына, қазақстандық ұлттық компаниялар керісінше, бюджетке салығын салып отырған көрінеді.

"Квазимемлекеттік сектордың қызметінде жүйелі проблемалар шешімін таппай, қордалануда. Біріншісі – олардың бюджетке тәуелділігі. 2023 жылы квазимемлекеттік сектор субъектілерін қаржыландыру үшін бюджеттен берілетін ақша 1 триллион  теңгеден асып кетті. Бұл ретте ұлттық компаниялар мен холдингтер, мемлекеттік кәсіпорындар бюджет қаражатының 118 миллиардын игермей тастаған, депозитте ұстаған. Пайдаланылмай, бос жатқан сома 2021‒2022 жылдардағыдан 2,5 есеге артып шыға келді", – дейді Татьяна Савельева.

Екіншіден, оның айтуынша, квазимемсектордан мемлекетке дивидендтер төлеуін қатаң талап етпей, жеңілдік жасау қателік болды.

Атап айтқанда, 2023 жылы квазимемсектор субъектілерінің таза табысы 33 пайызға артып, 2,5 триллион теңгеге жеткен. Алайда олардан бюджетке дивиденд түрінде 261 миллиард теңге ғана түскен. Бұл – олардың таза табысының бар-жоғы 10,4 пайызын құрайды.

2022 жылы бұл көрсеткіш 12,7 пайыз болып еді. Ендеше жыл өткен сайын азайтуда.

Осыған байланысты Парламент депутаттары "Самұрық-Қазына", "Бәйтерек", ұлттық компаниялар және квазимемсектордың барлық нысандары бюджетке төлеуге тиіс дивидендтердің үлес-мөлшерін "кем дегенде таза табысының 50%-ынан кем болмасын" деп нақты бекітуді ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу