Пайдаланылмай жатқан жерлердің салығы 20 есе көбейтілді

12886

1 қаңтардан бастап барлық өңірде космомониторинг іске қосылады.

Пайдаланылмай жатқан жерлердің салығы 20 есе көбейтілді

Ауыл шаруашылығы министрлігінде Президенттің ауылшаруашылық жерді тиімді пайдалану туралы тапсырмасының орындалу барысы талқыланып, жыл бойы атқарылған жұмыстар қорытындыланды. 

Жер ресурстарын басқару комитетінің төрайымы Гүлжахан Бимендинаның айтуынша, космомониторинг жүйесін енгізу үшін заңнамалық база дайындалып, пайдаланылмайтын жерлерге салық мөлшерлемесі 20 есеге арттырылған. Жалпы жыл басынан бері түгендеу жұмыстарының арқасында 8 млн гектардан астам алқап пайдаланылмай жатқаны анықталған. Бұл осыған дейінгі үші жылдың көрсеткіштерінен де көп көрінеді. 

"Космомониторингтің сынақ жобасы Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылды. Бұл аймақтар кездейсоқ таңдалған жоқ. Себебі дәл осы аймақтардан жер пайдалану саласы бойынша ең көп шағымдар келіп түскен еді", - деді комитет басшысы.

Жаңа технологияның көмегімен 4 өңірде 8,3 млн га пайдаланылмайтын жер анықталыпты. Оның 0,7 млн гектары егістік және 7,6 млн гектары жайылымдық жер екен. 

"Мемлекеттің меншігіне 4,2 млн га жер қайтарылды, 4,8 млн га жер ауыл шаруашылығы айналымына тартылды", - дейді Гүлжахан Бимендина.

Осылайша, 4 өңірде ғана егзіліген пилоттық жоба өз тиімділігін дәлелдеп отыр.

Сынақ сәтті болғандықтан, Үкімет 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап бүкіл республика аумағында "космомониторингті" енгізу туралы шешім қабылдапты.
Сонымен қатар, АШМ ауыл шаруашылығы жерлерін өндірістік айналымға тарту мәселесін жүйелі шешу үшін екі заң жобасын әзірлеп ұсынды. Олар жер қатынастарын цифрландыру, сондай-ақ пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру кезеңдері мен қайтарып алу мерзімдерін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқартуды көздейді.  

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу