"Парламентті айналып өтетін схема": Ұлттық қор ақшасына "Қазатомөнеркәсіп" акцияларын сатып алу тиімді ме?

1657

Қаржы министрлігі жариялаған есепке сәйкес, 2024 жылдың І жартыжылдығында Ұлттық қорды басқарудан түскен инвестициялық кірістер 464,4 млрд теңгені құрады.

"Парламентті айналып өтетін схема": Ұлттық қор ақшасына "Қазатомөнеркәсіп" акцияларын сатып алу тиімді ме? Фото: kz.redtram.com

Қазіргі таңда Ұлттық қорда есепті кезеңнің аяғында жиналған қаражат 29,88 трлн теңгеге тең. Тиісті кезеңде Ұлттық қорға 2,78 трлн теңге түсім түскен.

Оның ішінде  мұнай секторы ұйымдарынан алынатын тікелей салықтар – 2,31 трлн теңге болса, мұнай секторы ұйымдары жүзеге асыратын операциялардан түсетін басқа да түсімдер – 1,67 трлн теңге және т.б. Ұлттық қордан бірінші жартыжылдықта 2,75 трлн теңге алынды.

Атап айтқанда, кепілдік берілген трансферттерге – 1,84 тлрн теңге, мақсатты трансферттер үшін 900 млрд теңге пайдаланылды.

Жақында Ұлттық қордың қаражатына "Қазатомөнеркәсіп" акциялары сатып алынатыны белгілі болды. Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі сарапшылардың пікірін білді.

"Негізінен былай қарасақ, "Қазатомөнеркәсіп" акцияларын сатып алу тиімді болып көрінеді. Компания табысты деп айтылады. Ұлттық қордың активтерін шетелдік компанияларда ұстадыңыз не, оданша отандық компанияларда ұстадыңыз қандай мағына бар дегенге келтіреді. Ұлттық банктің өткенде айтып отырғаны сол. Осы мәселелер Қаржы министрлігінің есебінде де айтылып отыр. Бірақ енді өткен жылы тура сондай қадам "ҚазМұнайГаз" акцияларына қатысты да жүрді. "ҚазМұнайГаз" компаниясының акцияларын 1 трлн 300 млрд теңгеге сатып алды. Кейін сондай қаражат көлемінде "ҚазМұнайГаз" компаниясы бюджетке дивиденттер төледі. Сөйтіп Үкімет ұлттық компаниялар арқылы мемлекеттік бюджеттің тапшылығын толтыруды көздеп отыр. Бірақ шындап келгенде бұл Ұлттық қордан қаражатты аударудың баламалы бір жолдары ретінде жасалынып отыр", - деді экономист Мақсат Халық.

Сөзінше, Ұлттық қордан өте көп қаражат бюджетке алынып отыр.

"Өткен жылдың қорытындысы бойынша 5 трлн 300 млрд теңге көлемінде ақша аударылған. Бұл былайша айтқанда рекорд, өте қомақты қаражат. Ондай көлемде алына беретін болса, Ұлттық қор таусылады. Ол бюджет депутаттар тарапынан қоғамдық бақылауда ұсталына бастады. Дейтұрғанмен дәл осы қадам Парламент арқылы болмайтын болып тұр. Үкімет өзі шешім қабылдап отыр. Осы тұрғыдан сын ретінде айтуға болады. Бұл компаниялардың акциялары өсіп, бұл қаражатты еселеп Ұлттық қорға қайтарып жатса, ол өзін-өзі ақтады деуге келеді. Екінші жағынан қарасақ, бұл белгілі бір дәрежеде валюта нарығына да араласу болып есептеледі. Өткен жылдың соңы мен биылғы бірінші тоқсанда теңгенің қатты күшеюі де осы аударылып отырған қосымша қаражаттың есебінен. Өйткені оны доллармен алып келдік, осы жерде сол қаражатқа теңге сатып алынады. Осы жолы "Қазатомөнеркәсіпке" 467,4 млрд теңге қаражат қажет. Соның негізінде Ұлттық банк Ұлттық қордан 970 млн доллар көлемінде ақша аударады. Демек жасанды дәрежеде осы аударымдардың есебінен теңгеге күш берілетін болады", - деп жалғастырды ол.

Сарапшы Ұлттық қордан ақша аударымын тоқтату керек деген пікірде.

"Ертең депутаттар мен сарапшылар ғана емес, әр азамат өздерінің балалары үшін аударылып отырған қаражат бойынша сұрау салып, талап қоятын болады. Міне, соған Ұлттық банк тарапы әрқашан жауап бере алатындай болу керек. Негізінен бұл Үкіметтің тапсырмасымен жасалынып отыр. Ұлттық банк соған амал жоқ көніп отыр деуге негіз бар. Сондықтан да мұндай саясат негізінде жүйелі түрде жүруі керек. Ұлттық қордан міндетті аударымдарға ғана рұқсат беру керек, мақсатты аударымдардың нақты не үшін аударылып отырғанын қарау керек. Өйткені қордан осындай сансыз аударымдар жүре берсе, онда Ұлттық қордың талан-тараж болуына, азаюына әкелуі мүмкін", - деп топшылайды Мақсат Халық.

Экономист шетел асқан активтерді қайтарған кезде бірден Ұлттық қордың шотына аударуды ұсынып отыр.

Сонымен қатар Ұлттық банк тарапынан Ұлттық қордың активтеріне жауапты мамандардың біліктілігіне де назар аудару керек, дейді ол.

"Сонда белгілі бір дәрежеде Ұлттық қордың инвестициялық кірістілігін де арттырамыз. Әрине, "Қазатомөнеркәсіп" акциялары өсіп жатса және ол жақтан келетін түсімдердің көлемі көп болса, ол өзін-өзі ақтаған болады", - деді экономист Мақсат Халық inbusiness.kz тілшісіне берген жауабында.

Ұлттық қор қаражаты қайтсе көбейеді?

Қаржы сарапшысы Айбар Олжай осыған дейін Ұлттық қордың қаражатына "ҚазМұнайГаз" акциялары сатып алынғанын еске салды.

"Яғни, акциялар Ұлттық қордың балансына өтті. Енді "Қазатомөнеркәсіп". Меніңше, бұл жақсылықтың нышаны емес. Себебі біз өзіміз нақты істейміз дегенді істей алмағандықтан, осындай түрлі схемаларға барып жатырмыз. Оның алдында бюджетке алынатын трансферттердің нақты көлемі белгіленген болатын. Сондай параметрлер қаралып, бекітілген еді. Соны Үкімет ұстай алмай отыр. Мәселен, бюджеттің шығыны нақты бекітілген, сол бойынша салық жиналу керек. Оны дұрыстап жинай алмай отыр. Сондықтан бюджеттің шығыс бөлігі бар, ол бойынша міндеттемелер бар, оларды төлеу керек. Парламентті айналып өтетін, Бюджеттік кодексті бұзбайтын осындай схемаларды ойлап табуда. Бірақ бұл Ұлттық қордың болашақта "Қазатомөнеркәсіптің", сосын "ҚазМұнайГаздың" капитализациясына үлкен тәуелділігіне әкелуі мүмкін. Олардың акциялары түсіп кетсе, онда Ұлттық қордың активтері де түсіп кететін болады", - деді спикер.

Оның сөзінше, Ұлттық қорға аздап диверсификация керек.

"Осы жағынан алғанда бұл бюджеттік ережені айналып өтудің көрінісіне ұқсайды. Мұның барлығы да бюджеттегі ақша жетіспей жатқандығын немесе бюджеттің дұрыс жоспарламағандығын, салық бойынша дұрыс әкімшілендіру жұмыстарының әлі де жасалмай жатқандығын білдіреді. Бұл кейін бізді бюджеттік кризиске апарып тіреуі мүмкін", - деп атап өтті ол.

Айбар Олжай Ұлттық қор қаражатын қалай ұлғайтуға болады деген сауалға да пікір білдірді.

"Ұлттық қордың қаражатына тиіспегенде, оның жинақтаушы режимін сәл босатып, акцияларға инвестициялық режимді күшейткен кезде ғана толықтыруға болады. Негізінде Ұлттық қорға тиіспегенде 100 млрд доллар баяғыда болар еді. Өкінішке қарай, қазір қанша қаржы Ұлттық қорға түседі –  сонша ақшаны біз алып жатырмыз", - деді қаржы сарапшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу