"Павлодар" арнайы экономикалық аймағында электр энергиясы тапшы

5300

Сондықтан инвесторлар кәсіп ашуға ниетті емес.  

"Павлодар" арнайы экономикалық аймағында электр энергиясы тапшы

Осыдан 10 жыл бұрын химия, мұнай-химия және металлургия бағытында ашылған "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы соңғы жылдары тиімділігін көрсетіп келеді. Оны дамытуға бөлінген бюджеттің әр теңгесіне кемінде 10 теңге жеке инвестиция тартылады. Алайда арнайы аймақта инфрақұрылымға қатысты мәселе өзекті болып тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Павлодар" арнайы экономикалық аймағы ашылғалы мұндағы кәсіпорындардан мемлекеттің қазынасына 11,4 млрд теңге салық түсті. Тек биылдың өзінде өндіріс орындары 3,1 млрд теңге шамасында міндетті төлем жасады. Сондай-ақ 10 жыл аралығында 1 712 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның 145-і биылғы жобалардың нәтижесінде пайда болды.

Жалпы бүгінде арнайы аймақта 17 кәсіпорын жұмыс істейді. 19 жоба бойынша жұмыстар басталды. Тағы 11 жоба талқылану үстінде. Биыл инвестиция көлемі 2,3 млрд теңге болатын үш зауыт іске қосылса, келесі жылы 12,2 млрд теңгеге 8 жоба ашылады деген жоспар бар.

Алайда оның бәріне бірдей электр энергиясы жетпейді. Бұған дейін техникалық шарттар негізінде 30 МВт энергия қарастырылған болатын. Қазіргі таңда 5,5 МВт ғана бос тұр. Оның өзі болашақта іске асатын жобаларға шартты түрде бөлініп қойды. Тапшылық салдарынан инвесторлар саны азайын деп тұр.

Жергілікті билік бұл мәселені шешудің бірнеше амалын қарастырып отыр. Павлодар облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаевтің айтуынша, оның алғашқысы – арнайы аймақ маңында қуаттылығы 40 МВт болатын қосалқы станция салу. Ол 64 млрд теңгелік жобаларды электр энергиясымен қамтуға мүмкіндік береді. Бірақ бұл жобалар көп көлемдегі энергияны қажет етпеуге тиіс.

Екінші жолы – арнайы аймақтың аумағын 1 200 гектардан 815 гектарға дейін азайту. Себебі шығыс бөлікке ешкімнің кәсіпорын салғысы келмейді. Бұл жерде жаңа өндіріс орнының құрылысын бастау үшін инвесторлар өз күшімен бұрынғы химия зауытынан қалған ғимараттарды бұзуы керек. Сондықтан 500 гектарға жуық айумақ тиімсіз болып тұр. Одан бас тартса, инфрақұрылымға жұмсалатын 3,7 млрд теңге үнемделеді.

Үшіншісі – Қазақстан электролиз зауыты аумағында субаймақ салу. Бұл жақта дайын инженерлік желілер бар. Металлургия саласына қажет шикізат та жақын жерде орналасқан.

"Қазақстан электролиз зауыты маңында субаймақ салу тиімді. Мұнда электр энергиясына байланысты қиындық болмайды. Инвесторлар бұрынғыдай салықтан босатылады", – дейді Ернұр Жәутікбаев.

Бірақ әзірше бұған қатысты нақты байлам жоқ. Жауапты сала өкілдері жыл соңына дейін нұсқаларды талқылап, бір шешімге келуге тиіс.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу