Павлодар облысында екі бірдей көтерме-тарату орталығы салынбақ

5380

Бірақ бұл бастамаларды шаруалардың бәрі бірдей қолдап отырған жоқ. 

Павлодар облысында екі бірдей көтерме-тарату орталығы салынбақ

Үкімет бекіткен жоспарға сәйкес, мұндай орталықтар өткен жылды салынуы тиіс еді. Бірақ инвестицияларды тарту, құжаттарды ресімдеуге қатысты мәселелердің туындауына байланысты құрылыс жұмыстары әлі басталған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жобаны жүзеге асыруға жауапты компания – "Ұлттық тауар тарату орталығы" ЖШС. Бүгінде аталмыш кәсіпорын тиісті конкусты жеңіп, мемлекеттік – жекеменшік әріптестік туралы келісімшартқа қол қойды.

Павлодар облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәулен Қабдушевтің сөзінше, көтерме-тарату орталығын салу үшін екі жер учаскесі бөлінді. Оның бірі Ақсу қаласындағы индустриялық аймақтан қарастырылды. Мұндағы 30 гектар аумаққа жаңа орталық тұрғызу үшін 13,1 млрд теңге инвестиция салынбақ. Ал облыс орталығынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Мичурин ауылының маңындағы 20 гектар жерге орталық салуға 9,5 млрд теңге қаражат жұмсалады.

"Мұндай орталықтар құрудағы басты мақсат – азық-түлік қауіпсіздігін сақтау. Аталмыш тарату нүктелері маусымаралық сұраныс кезінде өңір қажеттілігін қамтып, ауылшаруашылық тауарларына белгіленетін соңғы бағаны бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тауар өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдар саны азаяды. Әсіресе, мұндай орталықтан шағын шаруашылықтарға зор қолдау болмақ",– дейді Дәулен Қабдушев.

Күні кеше Ақсу қаласында көтерме-тарату орталығының құрылысын бастауға қатысты онлайн форматта қоғамдық тыңдау өтті. Жоба бойынша, мұндағы қоймада 14 мың тонна картоп пен 6 мың тонна сәбіз сақталады. Оған қажет тоңазытқыштар мен желдеткіші бар камералар сатып алынады. Өңірде өсірілген өнімдер мұнда автокөліктермен жеткізіліп, кейін қабылдау бункеріне орналастырылып сұрыпталады. Қажет болған жағдайда 43 келілік қаптарға салынады. Құрылыс барысында 80, орталық ашылған соң 15 жұмыс орны құрылады.

Жобаны әзірлеген "Проект-Студия" ЖШС өкілі Лариса Китаеваның айтуынша, орталық барлық санитарлық талаптарға сай болады.

"Тарату нүктесін салу кезінде бірде-бір ағаш кесілмейді. Гараж, дизель электростанциясы, отын сақтауға арналған резервуарлар мен көлік тұрағынан ғана қоршаған ортаға зиян келтіретін қалдықтар шығарылады. Олардың көлемін азайту үшін тиісті жұмыстар атқарылады", – деп сендірді жоба авторы.

Осындай орталықтар салу арқылы жергілікті билік баға саясатын бақылауды мықтап қолға алуды қалайды. Шаруалар өз өнімін өткізуде, тұтынушылар арзан көкөніс алуда қиналмайтынын алға тартады. Алайда кәсіпкерлердің бәрі бірдей мұндай бастаманы құптап отырған жоқ.

Мысалы, "Әділ" шаруа қожалығының басшысы Қайрат Оспанов көтерме-тарату орталықтарын өніммен қамту міндетті болмауға тиіс деп санайды.

"Шаруалардың өнімін бір орталықтың сатып алғаны дұрыс. Картоп, сәбізді алатын адамдарды іздеп, әуреге түспейміз. Әйтсе де, екі мәселені ескеру керек. Біріншіден, орталықтар ұсынатын баға ойға қонымды әрі шығынымызды жабарлықтай болуы тиіс. Әйтпегенде, көкөністерді тарату нүктелеріне тапсыру тиімді болмайды. Екіншісі – шаруаларды субсидияның қайтарымы ретінде өнімнің бір бөлігін орталыққа тапсыруды міндеттемеу керек. Кәсіпкер қаласа – тапсырады, баға көңілінен шықпаса – тапсырмайды", – дейді ол.

Қалай болған күнде Павлодар облысындағы екі орталық келесі жылы қолданысқа беріледі. Сол уақытта оның тиімділігі байқалады. Ал оған дейін тұтынушыларға арзан картоп пен сәбізді әлеуметтік дүкендерден іздеуге тура келеді.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу