Павлодарда қанша шаршы метр үй салынады?

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
25981

Құрылысқа негізінен жергілікті кәсіпорындардың материалын пайдалану көзделіп отыр. 

Павлодарда қанша шаршы метр үй салынады?

Осы жылы Павлодар облысында 420 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Былтыр өңір бойынша 332,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болатын.

"Жалпы, тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Былтырғы жылдың көрсеткіші 2018 жылмен салыстырғанда 17 пайызға жоғары болды. Осыдан үш жыл бұрын өңірде небары 165 мың шаршы метр тұрғын үй ғана салынғанын ескерсек, саладағы оң динамиканы байқау қиын емес. 2021 жылы көрсеткіш 500 мың шаршы метрге жетеді деп күтілуде", – деді Павлодар облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Раисов.

Десе де, өзге өңірлермен салыстырғанда Павлодар облысының жеке тұрғын үй құрылысы және саладағы жеке инвестиция бағытындағы үлесі тым төмен екенін атап өткен жөн.

"2019 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі құрылыс жұмыстарының көлемі 206,8 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда айтарлықтай жақсы. Былтыр тұрғын үй құрылысының 60 пайызы бюджеттен қаржыландырылды. Жалпы, өткен жылы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды салуға барлық бюджет көздерінен 45,3 млрд теңге бөлінді", – деді Рүстем Раисов.

Деректерге сүйенсек, алдағы үш жылда Павлодар облысы бойынша құрылыс жұмыстарына 70 млн кірпіш, 60 мың текше метр бетон, 21 текше метр іргетас пен тақтатас, 400 шақырым құбыр, 100 шақырым кабель, 30 мың шаршы метр есік пен терезе керек екен. Бұдан бөлек, қиыршық тас, құм, сантехникалық жабдықтар және басқа да материалдар қажет. Бұл ретте, жергілікті өндірушілердің құрылыс материалдарына басымдық берілмек.

Биыл ерекше сұранысқа ие болатын материалдардың қатарында құбыр да бар. Тұрғын үй құрылысына шамамен 400 шақырымдық құбыр қажет. Сондай-ақ, биыл ауылдарға ауызсу тартуға тағы 700 шақырымдық құбыр керек. Яғни, павлодарлық құбыр шығаратын кәсіпорындардың жұмысын дамытуға негіз боларлық ауқым бар. Аймағымызда мұндай өнімді өндіретін бірнеше кәсіпорын жұмыс істейді. Солардың бірі осыдан біршама жыл бұрын ашылған "ДАНиЕР" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

"Көбінесе тапсырыспен жұмыс істейміз. Өнім Қазақстан аумағына және Ресейдің бізбен шекаралас облыстарына экспортталады. Облыста да қолданып жатқандар жетерлік. Бастысы, шығаратын тауарымыздың сапасына мән береміз. Беделімізді түсірмес үшін әр құбырдың сапалы жасалынуы қадағаланады. Құбырларға 50 жылға кепілдік беріледі", – деді "ДАНиЕР" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Әлішер Тұтылқұлов.

Бұл кәсіпорын 2009 жылы құрылған болатын. Полиэтилен, тік тігісті болат құбырлар шығарады. Жылына 20 мың тонна полиэтилен құбырларын өндіруге қауқарлы. Яғни, диаметрі 20 мм-ден 1000 мм-ге дейінгі полиэтилен құбырлары шығарылады. Сонымен қатар, диаметрі 40 мм-ден 325 мм-ге дейінгі тік тігісті болат құбырларын да өндіреді. Құбырдың мұндай түрлерінің жылына 30 мың тоннасын жасай алады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу