Посткеңестік елде төңкеріс болды

4591

Төңкерісшілер Президент әкімшілігінің айналасындағы темір қоршауды құлатып, Парламентті басып алды.

Посткеңестік елде төңкеріс болды Фото: ria.ru

2008 жылы өзін Грузиядан тәуелсіз деп жариялаған Абхазия Республикасының қазіргі басшысы Аслан Бжания бүлік басталғанда, ел орталығы Сухумиді тастай қашып, өз кланының ортасына, туған елі Тамыш ауылына тығылды. Сол жерден ол оппозицияның талабын орындаудан, отставкаға кетуден үзілді-кесілді бас тартты.

Соның алдында ол "егер наразы топ үкіметтік ғимараттарды тастап шықса", Мемлекет басшысы лауазымынан өз еркімен кетуге және жаңа сайлауды тағайындауға уәде еткен болатын. Тірек тапқан соң сөзінен тез айнып қалды.

Қарсылық акциясына қатысушылар ең алдымен, Парламент ғимаратына басып кірген. Олар нысанды босатудан бас тартты.

Даудың басы әлем танымаған Абхазия мен Ресей арасындағы жаңа инвестициялық келісім жобасынан басталды. Өткен аптаның соңында ел Парламенті оны ратификациялауға жиналған болатын. Оған наразылар есік-терезені қиратып, ішке еніп кеткен соң депутаттар бас сауғалап тұра қашты. Полиция наразы ел жағына шықты.

Айта кету керек, 2008 жылғы орыс-грузин соғысынан кейін Мәскеудің көмегімен Грузиядан іс жүзінде бөлінген соң Абхазия Ресей құрамына қосылудан бас тартты. Оның орнына бұл ел Түркиямен ынтымақтастығын қарқынды дамыта бастады.

Нәтижесінде, парадоксты жағдай қалыптасты. Бір жағынан, Абхазияның бюджетін Ресей қалыптастырады. Оның көшбасшысынан бастап, барлық шенеуніктерінің, бюджет қызметкерлерінің жалақысын және зейнетақыны Ресей өз бюджетінен төлейді.

Себебі, кезінде ол қаражат Грузия бюджетінен бағытталатын. Одан айырып алғандықтан бұл жүктеме Ресей бюджетінің мойнына түсті. Яғни, Мәскеу "сау басқа сақина" сатып алды. Оның үстіне Абхазияның негізгі экспорттық тауары саналатын ауыл шаруашылығы өнімдерін де енді Грузия сатып алмайды.

Содан Ресеймен арадағы жаңа инвестициялық келісімді құптамай, қыңырлана бастаған соң Мәскеу Абхазияға аударатын әлеуметтік төлемдерді кілт тоқтатты. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров мұны "бұл елдің өз мойнына алған міндеттемелерінің теңгерімін сақтамайтынымен" түсіндірді. Ал, Абхазия Сыртқы істер министрі Сергей Шамба Ресейдің бұдан былай электр энергиясын жеңілдікті бағамен емес, коммерциялық тарифпен ғана сатуға ауысқанын жариялады.

Екінші жағынан, Ресейге бюджеттік төлемдер тұрғысынан толық тәуелді бола отырып, Абхазия оны "кемсітеді". Мысалы, ресейлік инвесторлар Абхазияның жоғары салық салатынына, ал, түркиялық инвесторларға түрлі салық жеңілдіктері мен преференциялар ұсынатынына шағымданады. Нәтижесінде, бүгінде Түркия осы елдің екінші экономикалық серіктесіне айналды.

Түріктер мен абхаздарды тарихи тамырластық біріктіреді, екеуі де кезінде Осман империясының бір бөлігі болды. Қолданыстағы тәжірибе сақталғанда, Анкара №1 стратегиялық серіктеске айналып, өлкеден Мәскеуді ығыстырып шығаруы мүмкін еді. Сондай-ақ аққұла түрік азаматтарына Абхазияда жер телімін жекешелендіруге рұқсат етілген, ресейліктерге – тыйым салынған.

Жаңа инвестициялық келісімді ратификациялауға мәжбүрлеу арқылы Кремль Абхазияның осы "кемсітуін" түзетуге талпынып отыр. Құжат ресейліктерге Абхазия жерін жекешелендіру құқығын ұсынады.

Би-Би-Си хабарлауынша, бұл келісім абхаздардың алаңдаушылығын туғызды. Олардың айтуынша, "ресейлік бизнестің республикада кең қанат жаюы жергілікті жұртшылықты туризмнен табатын азды-кем табысынан айырады". Өйткені халықаралық санкциялар салдарынан өрісі тарылған ресейлік инвесторлар Абхазияның саяхатшылар құтты мекен еткен көркем жағалауларын жаппай жекешелендіріп алады. Онда сарай-апартаменттер, тұрғын үй кешендерін салады, байларға ғана қолжетімді сән-салтанатты қонақүй кешендерін тұрғызады.

"Сочи мен Геленджикте жасалып жатқан сорақы тірліктер бізде де қайталанғанын қаламаймыз!", – деді "Абхазияның халық бірлігі форумы" оппозициялық партиясының лидері Аслан Барциц.

Ақпарат құралдары ТМД көлеміндегі осы елде бейберекетсіздіктердің өткен сейсенбіде, 12 қарашада басталғанын еске салды. Сол күні Ресеймен арадағы "кабала-келісімге" наразы 5 оппозиционер ұсталып, темірторға тоғытылды. Бұған халық қарсы шығып, бүлік бүкіл апта бойы жалғасты.

Сенбі күні протест қатысушылары мәлімдеме жасап, "үкіметтік ғимараттарды басып алуы Ресеймен арадағы тығыз байланысқа қарсы бағытталмағанын" қадап айтты. Мәскеуге қарсы шыға алмас та еді: біріншіден, бюджет тұрғысынан осы алпауытқа қатты тәуелді. Екінші жағынан, егер Грузия Абхазиясын өз құрамына кері қайтарып аламын десе, оған тек Ресей кедергі бола алады. Қырғиқабақ көзқарастағы екі елдің арасында Ресей әскері ғана тұр.

Мәскеу Абхазиядағы өзіне қарсы акцияларды құптамады. Ресей Сыртқы істер министрлігі бұл елдегі оқиғаларды "дағдарыс" деп атады, оны мазасыздана бақылап отырғанын мәлімдеді. Сонымен қатар ресейлік билік өз азаматтарын бұл өңірге сапарлаудан бас тартуға шақырды.

Ресей Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін 2008 жылғы тамыздағы бес күндік соғыстан кейін мойындады. Шын мәнінде, Абхазия сонау 1990 жылдардан бастап Грузиядан іргесін аулақ сала бастаған еді. Алайда Ресей қанша жерден күш салса да, бұл елдердің тәуелсіздігін тек Венесуэла, Никарагуа, Науру мен Сирия мойындады. Дүниежүзінің басқа барлық елі, соның ішінде Қазақстан Абхазия мен Оңтүстік Осетияны Грузияның бөлігі санайды.

Түркия да бұл елдің азаттығын танымады және бұл өлкені Грузияның территориясы деп есептейді. Соған қарамастан, екі елдің үкіметтері бейресми байланыстарға ие көрінеді. Мысалы, Түркияда Абхазияның өкілдігі жұмыс істейді. Ол кеше оппозициядан бүлікті дереу тоқтатуды талап етті.

Орыстілді "Наша Абхазия" газетінің дерегінше, ресейліктер көз сұғын қадаған Абхазиядағы құрылыс бизнесін Еркін Кутарба есімді Түркия азаматы қанжығалапты. Абхазия парламентінің мүшесі, Түркия азаматы Талих Хотуш Сухумидегі "Ясемин" қонақүйінің қожайыны, сондай-ақ абхаздық саяси партияларды қаржыландырады.  

Айтпақшы, бұл елдің тәуелсіздігін мойындамағандықтан Түркия өзіне абхаздардың КСРО-ның ескі паспортымен келуіне тыйым салды, Грузияның паспорты болуын талап етеді. Де-факто Абхазия одан бөлініп кеткендіктен, тұрғындары Грузияның төлқұжатын ала алмайды. Сондықтан ауқатты абхаздар түрік еліне қыдыру, іс жүргізу үшін тікелей Түркияның азаматтығын алып алады екен.   

Түркия азаматы Сонер Гогуа да абхаз Парламентінің мүшесі болды. Түркиядан мухаджирлерді қайтаруды сол ұйымдастырған. Ткварчелидегі "Тамсаш" кен орнынан көмірді түрік фирмасы өндіреді, соған мол инвестиция құйды. Түрік бизнесмендері елдегі тамақ өнеркәсібі, фармацевтика, құрылыс секторларын дамытуға ниетті. Бірақ елге дендей енетін ресейлік олигархтар абхаз нарығын ен жайлап, түріктермен ынтымақтастығына тосқауыл қоюы мүмкін.  

Сонымен, әзірше Ресеймен арадағы келісімді ратификациялау кейінге қалдырылды, бірақ одан билік бас тартқан жоқ.

"2008 жылдан бері Абхазия Ресейден 115 миллиард рубль алды. Бұл ақша бюджет қызметкерлерінің жалақысын, зейнеткерлердің зейнетақысын төлеуге, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады. Аш абхаздарға балық орнына қармақ беру мүмкін емес. Бұл даулы территорияға инвестиция салуға қызыққандар сирек. Тіпті жақын досы, өз аумағында үлкен абхаз диаспорасы бар Түркия да аяғын тарта басады. Сондықтан биылғы 2024 жылы Ресей Абхазияға сол "қармақты" мәжбүрлеп ұстатуға шешім қабылдады", – дейді ресейлік журналист Алексей Боярский.

2024 жылғы 30 қазанда құпия дерлік жағдайда Ресей және Абхазия үкіметтері арасында "Абхазия республикасы территориясында ресейлік заңды тұлғалардың инвестициялық жобаларды жүзеге асыруы туралы келісім" бекітілді. Дегенмен, Парламент ратификацияламай, бұл құжат күшіне енбейді. Бас көтерушілер осы сатыны ғана бұғаттап отыр.

Өз кезегінде Мәскеу сүйікті "қыңырды жұмсарту" тәсілін қолданды. Абхазия тезірек көнуі үшін оның бюджет қызметкерлеріне төлем төлеуді тоқтатты. Сондай-ақ абхаздарға электр қуатын аса қымбат нарықтық бағамен жеткізуге көшті.

Салдарынан, тауарлар мен қызметтер қымбаттай жөнелді. Абхаздар осы және басқа сыртқы қысымдарға шыдап, азаттығын ары қарай қорғай ма, әлде морт сынып, Мәскеудің дегеніне көне ме, уақыт көрсетеді.

Егер келісім күшіне енсе, Ресей инвесторлары жалпы сомасы 2 миллиард рубльді құрайтын инвестжобалар тізімін пысықтап көреді (жүзеге асырады деп нақты айтылмаған). Мәселен, "Вкусно и точка" тамақтандыру желісі Абхазияға барудан бас тартатынын мәлімдеп те үлгерді.

Оған айырбас ретінде абхаз тарапы Ресей азаматтарына жер телімдерін береді, энергетикалық қуаттылықтарға, инженерлік желілерге және коммуникацияларға қосылуда ресейліктерге басымдық береді. Басқа да көптеген жеңілдіктер ұсынуға міндетті. Мысалы, олар мүлікке, табысқа, басқасына салық төлеуден 8 жылға босатылмақ.

Келісімді ратификациялау 12 және 15 қарашада екі рет ауыстырылды. Forbes жазуынша, қарсыласушылар бұл келісімді Парламенттің күн тәртібінен мүлдем алып тастауды талап ете бастады.

Оппозиция көшбасшысы Адгур Ардзинбаның айтуынша, "егер оның қабылдануына табандай берсе, онда Президент Аслан Бжания келісімді ратификациялауды өзінің сайлауалды бағдарламасына қоссын және сонысымен 2025 жылы екінші мерзімге қайта сайлануға талаптанып көрсін". Бірақ Ресейдің үдей түсетін қысымынан шаршаған халық ақыры оған келісуі де мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.

Абхазия басшысы Аслан Бжания "Президент" ретінде жұмыс істеуін жалғастыратынын мәлімдеді және азаматтарды ары қарай арандатушылыққа ермеуге шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу