Президенттің жұмыс шығындарына халық салығынан қанша қаржы кетеді

5666

Спойлер: Қ.Тоқаевтың бюджеті Путиндікінен 12,6 есе аз, Жапаровтыкінен 2,5 есе көп.

Президенттің жұмыс шығындарына халық салығынан қанша қаржы кетеді

Таяуда inbusiness.kz еститін мемлекет қағидатына негізделген Жаңа Қазақстан "ауызша" құрылғанымен, іс жүзінде биліктің ескіше жабық күйде қалғанын айтып, сынаған болатын.   

"Мәселен, eGov-тың "Ашық бюджеттер" порталының ашылғанына алты жылдай болды. Алайда онда сол бойы Президент Әкімшілігі мен Іс басқармасының, Тұңғыш Президент–Елбасы кеңсесінің, Премьер-министр кеңсесінің, Ұлттық банктің, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Қорғаныс министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Оқу-ағарту министрлігінің, ІІМ, ТЖМ, ҰҚК-нің бірде бір бюджеттік бағдарламасы орналастырылмаған, яғни бюджетін халықтан жасырын ұстайтынға ұқсайды", – деп жаздық.

Дегенмен, Мемлекет басшысының командасы халық үніне құлақ асатынын байқатты. Осыдан кейін, "Ашық бюджеттер" порталында алғашқы есептер жариялана бастаған 2016 жылғы наурыздан бері тұңғыш рет Президент Әкімшілігі "Мемлекет басшысының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер" деп аталатын №1 бюджеттік бағдарламасын жариялады.

Ондағы барлық шығыстар Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің қызметін қамтамасыз етуге бағытталған.

Мақсаты ретінде – "Мемлекет басшысының қызметін сапалы және уақтылы қамтамасыз ету" көрсетілген. Бағдарлама міндеті – "Мемлекет басшысының және Президент Әкімшілігі басшылығының өкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз ету".

Құжатқа сәйкес, 2022 жылы осы мақсат-міндеттерді атқаруға 7 млрд 117 млн теңге жоспарланған. Келесі жылы бұл сома 9 млрд 928,9 млн теңгеге дейін өспек. 2024 жылғы шығысы – 9 млрд 929,2 млн, ал 2025 жылы – 10 млрд 22,8 млн теңгеге дейін ұлғайтылады.

Бұл ретте Президент Қ.Тоқаевтың қатысуымен сапалы өткізілген іс-шаралар саны – 510 болатыны атап өтілген. Президент Әкімшілігі жылда 85 бақылау іс-шаралары мен өңірлік инспекцияларын өткізеді. Былтыр да солай болды, биыл да сол күйде қалған. Ал келесі жылдары бұл көрсеткішті 100 бірлікке жеткізбек.

Алдағы жылдары "бақылау тапсырмаларына ревизиялар" бабы енгізіледі. Олардың саны жылына ең кемі 3-еу болуға тиіс.   

Ал мерзімі ұзартылған орындаудағы тапсырмалардың санын ПӘ тыюы шарт: алдыңғы жылдардан былтырға 7, ал биылға 6 президенттік тапсырма көшіпті. 2023-2025 жылдары орындалмай, жаңа жылға сырғытылған Тоқаев тапсырмалары 0-ге тең болуы қажет.  

Әрине, Президент институтының шығындары тек бір бюджеттік бағдарламамен шектелмейді, қосалқы бағдарламалар бар.

Мысалы, "Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының стратегиялық аспектілерін болжамды-талдамалық қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер" бюджеттік бағдарламасына 1 миллиардқа жуық шығын көзделген. Оның аясында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) қаржыландырылады.

Бұл шығыстар ел басшылығы, Президент Әкімшілігі үшін талдамалық баяндамаларды, жазбаларды, ішкі және сыртқы саясат тақырыптарында ұсыныстар мен кеңес-рекомендацияларды, эксперттік және болжамдық бағалауларды дайындауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ осы іске түрлі отандық, шетелдік сарапшыларды тартуға бағытталған.

Сонымен "Президенттің қызметін ғылыми-талдамалық және ақпараттық-әдістемелік қамтамасыз етуге" 2022 жылы – 600,6 млн теңге бөлініпті. 2023 жылы бұл сома – 742,2 млн, 2024 жылы – 858,1 млн, ал 2025 жылы 995,9 миллион теңгеге дейін ұлғайтылатын болады. 

Дегенмен Президенттің Іс басқармасы "Ашық бюджеттер" порталында тіркелгенімен, өз бюджетін халыққа жарияламай келеді.

Әйтпесе, мұндай ақпарат дамыған елдер түгіл, тіпті посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің біразында ашық саналады.

Мысалы, Ресей Федерациясында 2022 жылы президенттің және оның әкімшілігінің қызметіне бағытталған бюджет шығыстары 14,7 млрд рубльді құрады. Өзге де құпия емес шығыстарын қоса алғанда, РФ президенті мен Кремльдің қызметі биылғы жылы 15,8 млрд рубльге түседі (шамамен 126,4 млрд теңге).

Бұл шығыстар келесі жылы 15 млрд рубльге дейін азайтылатын көрінеді. Ал 2024 жылы қайтадан көбейтіліп, 15,5 млрд рубльге жетпек. Үкіметтің түсініктеме жазбасында бұл Кремльдегілердің жалақысының 2024 жылы 426,7 млн рубльге көтерілуімен байланысты екені көрсетілген. Сондай-ақ 2024 жылы өтуге тиіс Ресейдің жаңа президентін ұлықтау салтанатына әзірлік шараларының шығындарының 53,6 млн рубльге артқаны жазылған.

ТМД көлеміндегі "ең қанағатшыл" Президент Қырғызстанда екен. 2020 жылы Парламент депутаты Дастан Бекешев мәселе көтеріп, Президент мембюджетке 120 депутатқа бара-бар көлемде аса қымбатқа түсетінін жариялап, қатты сынаған болатын. Айыр қалпақты ағайындарда депутаттардың жалақы 300 доллардай ғана.

"Жоғорку Кеңештің 120 депутаты мен 800 қызметкері 713 млн сом ғана жұмсайды. 2021 жылғы бюджетте осындай көрсеткіштер бекітілді. Ал жалғыз Президентті ұстап тұру осыған жетеқабыл. Мемлекет басшысына, Президенттің Іс басқармасына қызмет көрсетуге жыл сайын 662,2 млн сом шығындалады", – деген Д.Бекешев бұл сомаға ел басшылығы мен оның айналасындағылардың сіңімді асы-тамағы, сатып алатын түрлі заттары, демалысы шығындары, сондай-ақ Президенттің Шудағы, Ыстықкөлдегі және Жалалабадтағы 3 резиденциясын ұстап тұру шығындары кіретінін жеткізді. 1 қырғыз сомы шамамен 6 теңгеге тең, тиісінше 3,9 млрд теңге ғана шығады.

Осыдан соң қырғыз лидері Садыр Жапаров биліктің – Парламенттің, Үкіметтің, Президенттің шығыстары күрт азайтылатынын жариялады, жарлыққа қол қойды.

2022 жылғы ақпанда қырғыздың Қаржы министрлігі Президент Әкімшілігі аппаратының және оның бағынышты құрылымдарының шығыстары көп қысқартылғанын жария етті. Нәтижесінде, бюджетте бұл бағдарламаға небәрі 98 млн 311,1 мың сом ғана қарастырылған. Оның 31%-ы (30,4 млн сомы) – қырғыз Президентінің шығыстары. Қалған сома оның әкімшілігінің жалпы шаруашылықтық қызметі және Президент Іс басқармасы (63,9 млн сомы), резервтік қор (2,5 млн), Президент архиві (656 мың) арасында үлестірілген.

Айтқандай, Қазақстанның 2022 жылға арналған республикалық бюджетінде "президенттік резервке", яғни Қазақстан Президенті айқындаған мақсаттарға Ұлттық қордан 550 миллиард теңге нысаналы трансферт көзделді. Бірақ бұл тікелей Президенттің емес, негізінен, мемлекетке қажетті шаралардың шығыны.

Жанат Ардақ 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу