Ресейде ақша таусылды, ал қазақстандықтар рубльден бас тартуда

11001

Сарапшылар қазақстандықтарды көршінің валюталық қара нарығына қатыспауға шақырды. 

Ресейде ақша таусылды, ал қазақстандықтар рубльден бас тартуда Фото: Inbusiness.kz

Ресейлік банктерде шетелдік соңғы валюта – юаньдер таусылған. Олар қоймаларының бос қалғанына нұсқап, РФ Орталық банкіне шұғыл көмек сұрап жүгінді, кезек күттірмес шара қабылдауға шақырды.

Reuters хабарлауынша, Ресейде 90-шы жылдардағыдай зұлмат қаржылық коллапс қалыптаса бастады. Оған Ресейде жүретін соңғы резервтік валюта – Қытай юаньдерінің тапшылығы себеп болған.

"Ресейлік ірі банктердің өзі РФ Орталық банкінен юаньдегі өтімділіктің (қолма-қол қаржының) дефицитімен күрес бағытында шұғыл шаралар қабылдауды сұрады. Оның түгесілуі ҚХР валютасына шаққандағы рубльдің бағамының ең төмен деңгейлерге дейін құлдырауына соқтырды. Салдарынан, юаньдегі СВОП-айырбастардың ставкасы үш мәнді шамаларға дейін шығандады. Өз кезегінде РФ Қаржы министрлігі осы айдан бастап Орталық банк арқылы күн сайын сататын юаньдер мөлшерін 200 миллион доллар эквивалентіне дейін қысқарту жоспарын жариялады", – деп хабарлады Рейтерс агенттігі.

85 субъектіден тұратын алып Ресей үшін бұл өте аз, жұмырығына жұқ болмайды. Мысалы, әлдеқайда шағын Қазақстанның өзінде бір айда 10 миллиард доллар сатылған, яғни, күн сайын шамамен 333 миллионнан астам доллар саудаға түседі.

200 миллион долларға барабар көлемдегі юаньнің төтенше аз екенін мынадан да байқауға болады: РФ Орталық банкі өткен соңғы айда биржада күніне 7,3 миллиард долларға тең көлемде юань саудалап келген болатын.

"Жығылғанға жұдырық" дегендей, басқа кез құрып қалғандай дәл осы кезде "Роснефть" мұнай гиганты Мосбиржада 15 миллиард юанге облигацияларын орналастырды. Сөйтіп, ол нарықтағы соңғы қытай валюталарын сыпырып алып, тақұл-тұқыл етті.

"Біз юаньде кредит бере алмаймыз. Серіктестеріміздің шетелдік есепайырысуларын қаржыландыра алмаймыз. Өйткені бізде валюталық позицияларды жабатын түгіміз де жоқ! Орталық банк ай қарап отыр ма? Ол нарыққа белсендірек араласуы қажет", – деп күйіне, эмоционалды түсініктеме берді Сбербанк басшысы Герман Греф.

2024 жылғы 12 маусымда АҚШ Мәскеу биржасына қарсы санкция енгізіп, оның долларды саудалауына тыйым салды. Ұқсас тыйымды Еуропалық Одақ, Ұлыбритания, Жапония, Швейцария және басқа да дамыған елдер қабылдады. Сондықтан Мосбиржада юань – ең сұранысқа ие, мол саудаланатын жалғыз валютаға айналды. Тағы өзгерген жағдайға тез бейімделген ресейлік банктер өз клиенттері үшін Қытай валютасында номинацияланған өнімдерді әзірлеп шықты.

РФ нарығын негізінен юаньмен бір күндік СВОП арқылы Орталық банк қамтамасыз етіп келеді. Сондай-ақ экспорттаушы компаниялар да қолына түскен ҚХР ұлттық валютасын биржаға тастайды.

Бұл ретте АҚШ пен Еуропаның санкцияларынан қауіптенген қытай банктері РФ-қа қатысты валюта саудасынан, тіпті ресейліктермен істес болудан іргесін аулақ сала бастаған. Түбіртекте орыс фамилиясы тұрса, ол бойынша транзакция жасаудан бас тартатыны туралы мәлімет тарады. Соның кесірінен Ресеймен арадағы сауда-саттық үшін төлемдер өтпей, кешіге бастаған.

Ресейлік ақпарат құралдары тамызда ханзу елінде РФ тарапының миллиардтаған юані бұғатталып қалғанын жариялады. Содан Бейжің мен Мәскеу екіжақты төлемдердің бірлескен жүйесін – ұлттық валюталарда өзара есептесуге арналған клиринг тетігін құруды талқылай бастады, бірақ бұл бағытта серпін жоқ.

Бұл доллардың рублге шаққандағы бағамының да күрт қымбаттауына әкелді. Өткен тамыз айында ғана Орталық банктің ресми бекіткен бағамы бойынша 1 доллар 86 рубль тұратын. 8 қыркүйекте 90 рубльден асты.

"Астыртын айырбастаушылар 1 доллар үшін 150 рубльден сұрай бастады. Ресейге қарсы енгізілген санкциялар және валюталық шектеулер бірқатар ұйымдарды және азаматтарды валютаның қара нарығына жүгінуге мәжбүрлеуде. Жасырын айырбастаушыларды интернеттен оңай табуға болады және олар күн өткен сайын белсенді әрекет етуде. Тәуелсіз қаржылық кеңесші Дарья Антонованың айтуынша, Ресейдегі кез келген дағдарыс шетелдік валютаға деген сұраныстың қарқынды артуына түрткі болады. 1990-шы және 2000-шы жылдардың басындағы дағдарыстарда аузы күйген азаматтар содан сабақ алды", – деп жазды "BankiRos" қаржылық порталы.

Кеңес заманында долларды сатып алушылар да, сатушылар да заңмен қудаланатын. Салдарынан, 90-шы жылдары бұқараның басым көпшілігі күн сайын құнсызданған рубльді – "сабан ақшаны" не қыларын білмеді. Кейін оларын дала дәретханасына, қоқысқа тастауға мәжбүр болды.

Ал, істің жайын білетін пысық жандар қара нарықтан доллар сатып алып, кейбірі әп-сәтте долларлық миллионерге айналып шыға келді. Мысалы, Кеңес одағы түпкілікті ыдырағанда, 1991–1992 жылдары РФ Орталық банкі 1 доллардың бағамын 0,56 рубль көлемінде ұстап тұрған. Ендеше небары 560 мың рублі барлар долларлық миллионер атана алатын еді. Бірақ азаматтарға, тіпті бизнеске ресми бағаммен сонша ірі көлемде долларды ауыстыруға рұқсат етілмейтін. Бұл жерде көмекке қара нарық келді: онда доллар 10 рублден сатылған. Соның арқасында жылдам қимылдаған 10 млн рублі бар ресейліктер миллион АҚШ валютасын қалтасына басты.

1992 жылдың 24 маусымында Ресейде алғашқы ірі девальвация жасалды: ресми түрде 1 доллар 125,26 рубльге теңесті. 1993 жылғы 1 қаңтарда бұл сома 414,50 рублге, 1994 жылғы 1 қаңтарда – 1 247 рублге жетті. Ал, 1996 жылғы 25 қарашада РФ Орталық банкі 1 доллардың бағамын 6 002 рубль деп бекітті. Оған да тоқтамай, құлдырауын жалғастырды.

Солтүстік көрші тығырықтан тек деноминация арқылы шықты. 1997 жылғы 4 тамызда РФ Президенті Борис Ельцин №822 жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, 1998 жылғы 1 қаңтарда 1 жаңа рубль 1 000 ескі рубльге айырбасталды. Рубльдің халықаралық коды да RUR-дан RUB-ге өзгертілді. 1 доллар 5,9600 рубльге тең деп белгіленді. Содан бері құлдырап, бүгінде 90 рублден асып отыр.

Федералдық телеарналар: "Доллар күйрейді, рубль әлемдегі ең мықты валюта!" деп күн сайын қақсап жатыр. Бұған аңқаулар ғана сенеді. Тоқсаныншы жылдардың тәжірибесін есінде ұстаған, рубльдің қайтадан сабан ақшаға айналатынын түсінген ақылды адамдар бағамы қандай болса да жинағын долларда сақтауға тырысады.

"Қазіргі технологиялар дамыған уақытта валютаның қара нарығы Telegram және басқа да мессенджерлердің чаттарына ауысты. Онда мысалы, долларлар мен еуроларды қолдан сатып алуға болады. Ресейдің сатып алуына тыйым салынған валютаны бізге шетелдегі ресейліктер, көбіне Қазақстан тұрғындары әкеледі. Қазақстанда доллар шамамен 90 рубльдей тұрады, бірақ онда валютаны еркін және мол сатып алуға болады. Оны Ресейде бірлігін 130–150 рублден өткізеді. "Обнальщиктер" көбіне ірі сомалармен ғана жұмыс істейді: саудалайтын долларының сомасы 10–40 мыңнан басталады", – дейді Дарья Антонова.

Оның түсіндіруінше, кейбір жағдайда молырақ сома қажет болса және операцияны шұғыл жүргізу талап етілсе, бағам да өсуі мүмкін. Сондай-ақ бағам доллардың түсіне байланысты болады екен: 2006 жылға дейін шығарылған ақшылдау ескі банкноттар көкшілдеу банкноттарға қарағанда арзандау болуы мүмкін. Өйткені 2006 жылға дейін басылған долларды Еуропа, Қытай және басқа көптеген ел қабылдамайды. Дубай сияқты санаулы елде өткізуге болады.

"Клуба глав семей" негізін қалаушы, қаржылық кеңесші Алексей Родин астыртын доллар сатушылар Ресейде 2022 жылдан бері пайда болғанын айтады.

"Кеңес заманында және тоқсаныншы жылдары айырбасшылар қара плащ киген, чемодан көтерген күдікті субъект болып келетін. Ол сізді көзден таса жерге оңашалануға шақыратын. Қазіргі ресейлік қара нарық негізінен интернет пен мессенджерлерде шоғырланған. Ірі қалалардың әрбірінде өте ірі чаттар жұмыс істейді. Онда адамдар қанша долларды қандай курспен сатып алатынын не айырбастайтынын жазады, бір-бірімен валюта алмасады. Чаттар ашық және ірілерінің қатысушылары 100 мың адамнан көп", – деді Родин.

Ол Ресейде мұндай әрекет заңсыз екенін қазақстандықтардың есіне салды. Егер әлдебір Қазақстан тұрғыны ресейлік қара нарықты доллармен қанықтырып пайда табуға ұйғарып, мәміле үстінде ұсталса, оның бүкіл қаражаты тәркіледі, үстінен іс қозғалады. РФ заңнамасы бойынша заңсыз кәсіпкерлігі үшін бес жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

Родиннің түсіндіруінше, шетелдіктер, соның ішінде қазақстандықтар қара нарықта ақша айырбастау кезінде қолға түссе, лаңкестік немесе "қаланбайтын" (нежелательные организации) ұйымдарды қаржыландыруға тырысты деген күдікке ілігуі мүмкін. Онда жазасы аса ауыр болмақ.

Оның үстіне ресейліктер шетелдіктердің қолына доллары орнына жалған рубльдерді тыға салуы ықтимал. Сарапшының айтуынша, заманауи жалған рубльдердің сапасының жоғары екені сонша оны маманы емес адам түпнұсқасынан айыра алмайды. Бұған қоса, тонаушыға кезігуі ғажап емес. Ресейде тоқсаныншы жылдардағыдай рекет пен қарақшылық бас көтеруде.

Ресей рублін тағы күйреу күтіп тұруы мүмкін екенін оны сатып алумен әуестеніп келген кейбір қазақстандықтар түсінгенге ұқсайды.  Отандық Finprom мониторинг агенттігі еліміздегі айырбастау пунктерінің рубльді сату көлемі биыл 24 миллиард  теңгеге жуық кемігенін хабарлады.

Ұлттық банк әзірге 2024 жылғы шілде айының қорытындысын шығарып отыр. Оған сәйкес, шілдеде рубль сатылымы "минусқа" кеткен: Қазақстанда азаматтардың айырбастау пунктеріне кері өткізген рубльдерінің сомасы олардың сатып алғанынан 9,5 млрд теңгеге асып түсті. Демек, халық сатып құтылуға асығуда.

Агенттік мұның тұрақты трендке айнала бастағанына назар аудартады: алдыңғы маусым айында да нетто-сауда минус 8,6 миллиард теңгені құрапты. РФ рублінің теріс нетто-саудасы осымен 5 ай қатарынан тіркелуде. Осылайша, 2024 жылғы қаңтар-шілде аралығында рубльдің нетто-саудасы минус 23,6 миллиард теңге болды.

Салыстырсақ, 2023 жыл қорытындысында рубльдің нетто-саудасы минус 2,6 млрд теңге ғана болды. Одан бұрынғы жылдары нетто-сауда керісінше, плюс 421,8 миллиард теңгеге дейін жететін. Ендеше қазақстандықтардың рублді жаппай, әрі молынан сатып алып, оны жинақ құралы ретінде пайдаланған заман артта қала бастағандай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу